Ведомство басшысы өткен жұмадағы халық алдында есеп беру кездесуінде ең алдымен педагогтердің жалақысы мәселесіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Педагог мәртебесі» заңының шеңберінде педагогтердің жалақысы артты. Аталған көрсеткіш 2025 жылға қарай тағы 2 есе көбейтіледі. Осы мақсатта алдағы 3 жылда қосымша тағы 2 трлн теңге қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек біз педагогикалық мамандықтарға ең үздік түлектерді тарту үшін болашақ педагогтердің стипендиясын 42 мың теңгеге көтердік. Осыған қоса талаптарды да күшейттік. Педагогикалық мамандықтарға оқуға түсу үшін талапкер ҰБТ немесе кешенді тестілеуде кемі 75 балл жинау керек. Былтырғы ҰБТ нәтижесі бойынша педагог болғысы келетін «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есеге артты», деді министр.
Болашақ педагогтерге арналған талаптардың қатары жоғарыда аталған шекті балмен шектеліп қалмады. Биылдан бастап педагогикалық мамандықтарды оқып шыққан кәсіптік-техникалық немесе жоғары оқу орнының түлектері білім беру ұйымдарына жұмысқа тұрмас бұрын сертификаттаудан өтеді. Олар әуелі өздерінің педагог болып жұмыс істей алатынын дәлелдеуі тиіс. Бұл сертификат білім беру саласында ешқандай еңбек өтілі жоқ түлектер мен мамандарға арналған.
Осыдан соң ведомство басшысы білім беру саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға кезең-кезеңімен тоқталды.
Мектепке дейінгі білім беру. Елімізде 2020 жылы 362 балабақша салынды. Оның 314-і – жекеменшік. Ал жалпы республика көлемінде 10 849 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 56 пайызы, яғни 6 069-ы – мемлекеттік. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98,7 пайызға жеткен. Бірақ әлі де мектепке дейінгі ұйым кезегінде тұрған балалар бар. Өйткені алдағы уақытта 1-3 жастағы сәбилерді балабақшамен толық қамту мәселесі шешілген жоқ. 1-6 жастағы балалардың 81,6 пайызы, 2-6 жастағы балалардың 77,2 пайызы мектепке дейінгі ұйыммен қамтамасыз етілген.
Орта білім беру. Министрдің баяндамасында келтірілген дерекке сүйенсек, былтыр 102 мемлекеттік, 56 жеке мектеп салынған. Жекеменшік-әріптестік негізде салынған жекеменшік орта білім беру ұйымдарына 53 мың орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Жекеменшік-әріптестік жүйесін енгізгелі бері республика көлемінде жеке мектептердің саны 2 есе артты. 2021 жылы 200 мектеп салу жоспарланған.
Орта білім берудегі өзекті мәселе – оқулықтағы олқылықтар. Министрлік оқулықтар әзірлеу мен оны сараптамадан өткізудің жаңа жолын бекітті.
«Жаңа формат оқулықтардың сапасын арттыру мақсатында қолға алынды. Бұдан былай біз оқулықтарды емес, оқулықтар негізге алынып әзірленетін типтік оқыту жоспарлары мен бағдарламаларын да сараптамадан өткіземіз. Сонымен қатар оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қойылатын талаптар да өзгертілді. Басты рөл – оқулықты жазатын авторлар мен оны сараптамадан өткізетін сарапшыларда. Осыны ескеріп, оларды алдымен маңызды жұмысқа дайындап, оқытып, сертификаттаудан өткіземіз», деді ведомство басшысы.
Мектептерде «Дебат қозғалысы», «Оқуға құштар мектеп» жобалары қолға алынған. Жаңа жобалар негізінде балаларды кітап оқу мәдениетін, сондай-ақ өмірге қажетті өз ұстанымын жеткізу және дәлелдеу дағдыларын қалыптастыруды көздейді. Ал «Мың бала» олимпиадасы ауыл балаларын қолдауға бағытталған.
Мектептердің директорларын тағайындау мен мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Бұдан былай орта білім беру ошақтарының басшыларына арналған «ротация» жүйесі енгізілмек.
«Директорларды ротация институтынан өткізу өте маңызды. Әріптестер арасында түсінбеушілік, үрей де бар. Сондықтан бір нәрсенің басын ашып айту керек. Бір уақытта, 1 немесе 5 жылдың ішінде барлық мектеп басшыларын бір мектептен екіншісіне ауыстыру көзделмеген. Мұны кезең-кезеңімен енгіземіз. Бұл – кадр әлеуетін арттыруға қажетті құрал. Осыған қоса мұғалімдерді қызметке қабылдау тәртібі де өзгереді. Бұған дейін мұғалімдерді жұмысқа алу директорлардың құзырында болса, енді бұл конкурстық негізде жүзеге асырылады», деді министр.
Биылғы маңызды жаңалық ретінде қосымша білім беруге де мемлекеттік тапсырыс қарастырылатынын атап өткен жөн. Енді қосымша білім берумен айналысатын жекеменшік ұйымдар мемлекеттік тапсырыспен оқыта алады.
Кәсіптік-техникалық білім беру. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Жас маман» жобасы аясында 2020 жылы 80 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылған. 2021 жылы бұл жұмыс тағы 100 колледжде жүргізілмек.
«Мұндай маңызды жоба тек материалдық-техникалық бағытта жұмыс жүргізуге бағытталмаған. Біз осы жобаның шеңберінде кәсіптік-техникалық білім берудің бағдарламасын жаңарту міндеттерін де қолға аламыз. Аталған салада сапалы кадрлар даярлау үшін бағдарламалардың мазмұны бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», деді А.Аймағамбетов.
Жоғары білім. Министрлік еліміздегі жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін дамытуды жалғастырады. Биыл алғаш рет жоғары оқу орындарына түсуге арналған ҰБТ электронды форматта өтті. Студенттердің стипендиясы артты. Студенттерді ынталандыру жұмысы тағы жалғаспақ. Министрдің мәлімдеуінше, бакалавриаттардың қазіргі 26 186 теңге стипендиясы 2025 жылы 52 372 теңгеге; сәйкесінше магистранттардың бүгінгі қолға алатын 66 913 теңге стипендиясы 117 098 теңгеге, докторанттардыкі 150 мың теңгеден 262 мың теңгеге көтеріледі.
Студенттердің ғана емес, университеттердегі оқытушылардың да жалақысының жайы қарастырылған. Бұл мемлекеттік білім беру грантының құнын арттыру есебінен жүзеге асырылды. Бұрын бір гранттың құны 340-420 мың теңге болса, қазір 1 млн теңге. Соның нәтижесінде мемлекеттік жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін профессорлық-оқытушылық құрам өкілдерінің еңбекақысы 20 пайызға, ал ұлттық университеттерде еңбек ететін оқытушылардың жалақысы 28 пайызға артқан.
Ғылым. Ғылым саласында қолға алынған маңызды бастаманың бірі –ғалымдарға арналған тағылымдама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен енді 500 қазақстандық ғалым жыл сайын әлемдегі ең беделді ғылыми орталықтар мен институттарда тағылымдамадан өтеді. Осы бастаманы «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы іске асырады және жас ғалымдарға (постдокторанттарға) жыл сайын 1000 грант бөлінеді.
Ал отандық ғылымның 2020 жылғы ең үлкен жетістігі – Қазақстанды коронавирусқа қарсы өз вакцинасын әзірлеп, қолданысқа енгізген әлемдегі 5 елдің қатарына қосқаны. Қазақстандық ғалымдар Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында QazVac вакцинасын жасап шығарды.
Бұдан бөлек биыл алғаш рет 23 ғылыми ұйымды қажетті құралдармен жабдықтауға қаржы қарастырылды. Гранттық қаржыландырудың шағын және жеке гранттары, сондай-ақ халықаралық коллаборацияға арналған грант енгізілді. Гранттық қаржыландыру есебінен елімізде 1 160 жоба іске асырылып жатыр.