Шекара ведомствосынан акцияға ҰҚК Шекара қызметінің Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша департаменттері қатысуда.
ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылғы 28 мамырдағы жағдай бойынша шекарашылардың кәсіби іс-қимылының нәтижесінде қылмыстық және әкімшілік заңнаманы бұзушы 190 адам ұсталды. Оларға 4 716 789 теңге сомасына айыппұл салынды. 250 шақырымнан астам браконьерлік ау тәркіленді. 497 бекіре тұқымдас балық және жиі тоқылған аумен ауланатын 11 477 балық, сондай-ақ 21 Каспий итбалығы табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Мемлекетке 9 млрд теңгеден астам сомаға залалдың алды алынды.
Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде браконьерлік әрекеттердің азаймай отырғанын ескере отырып, ведомство Қазақстан Республикасының құқық қорғау және табиғат қорғау органдарына шекара кеңістігінде табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғауда жәрдем көрсету бойынша бірлескен іс-шараларды жалғастыратын болады.