Аймақтар • 01 Маусым, 2021

Фоторепортаж: Шың-құзы көкпен таласқан Тарбағатай

1496 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Соңымыздан шұбатылған будақ-будақ шаң қалдырып, Еміл өзенінің оң жағасымен зырлап келеміз. Құмдауыт даланы қақ жарған өзен Қытайдан басталып, тарамдала Алакөлге құяды. Біз де Тарбағатай ұлттық паркі қызметкерлерімен бірге көлге қосылған сағасына табан тірегенбіз. Екі күнге жоспарланған сапардың алғашқы күнінде Емілдегі құстарды таспаға тартсақ, ертесі Қарабас тауындағы арқарларды көреміз бе деген ниет бар.

Фоторепортаж: Шың-құзы көкпен таласқан Тарбағатай

 Емілді ен жайлаған қанаттылар

Сәскенің кезі. Өзеннің көлге құяр тұсындағы құстардың саң­қылы­нан құлақ тұнады. Азан-қазан. Айдынның бетін сыза жүзген қасқалдақ қамыстың арасына еніп бара жатқанда зеңгір көкте топтасып жүрген бірқазандардың екі-үшеуі қанатымен суды сабалай көлге қонды. Сөйткенше бол­ған жоқ, шаңқ-шаңқ еткен шағала шабақ іліп, көз ұшындағы аралға ағараңдай ұшты. Таңертең жол бойындағы қос тырнаны суретке түсіреміз деп бекер жанталасыппыз. Біз келген жер бейне бір құс базарындай. Аққуы ұшып, қазы қонып жатыр. Ақбас тырналары Емілдің бойында еркін ойнақтайды.

1

– Құстың бәрі осында. Аққу, үйрек, аққұтан, тырна, шағала, сарыала қаз... Ақ құйрықты су бүр­кітке дейін бар. Кезінде балықты осы құртты деп, аулауға рұқсат бе­ріпті. Содан азайып кеткен. Қазір – Қызыл кітапта. Сөйтсе, бал­ықты қылғытатын бірқазандар ғой деймін. Олар көктемде ұшып келіп, жұптасып, екі-үш жұмыртқа салады. Бір қызығы, аналығы мен аталығы кезектесе басып, 30-35 күннен кейін балапан шығарады. Балапандары екі айдан соң емін-еркін ұшады. Қазақстан бойынша бұйра және қызғылт бірқазан болса, ұлттық парктің аумағын екеуі де мекендейді, – деп табиғат жайлы әңгіме айтып келе жатқан ғылыми қызметкер Ринат Қабсаметов кілт тоқтады. – Әне-әне, – деді сыбырлай.

1

Мойын соза қарасақ, қос аққу су бетінде теңселіп жүр. Кү­бір-күбір сөйлесіп келе жат­қанымызды ес­тіді ме, өзенді өрлей жүзді. Жа­­ғалаумен мысық табандап біз келеміз. Аяқтың асты кебір то­пырақ. Шөл даладағыдай жарылып кеткен. Аққулардан көз ал­май келе жатқанымызда, алдымыз­дан пыр етіп аққұтан ұшпасы бар ма. Селк еттік. Қас қағым сәт­те көк­жиекке сіңіп ғайып бол­ды. Қорғауға алынған соң шығар бәл­кім, қанаттылардың мұн­шама көбейгені. Ат шаптырым аумақтан ғана сан түрлі құстарды бұрын-соңды кездестірмеппіз. Ірі құстарға мән беріп, ұсақ-түйекті көзге де ілгеміз жоқ. Әйтпесе, жер бауырлап қарлығаштар ұшады, қараторғайлар сайрайды.

1

Ұлттық парк құрылып, Тар­бағатайдың күнгейі ерекше қор­ғауға алынғалы екі-үш жыл ғана болды. Осы уақыт ішінде құжат­тары реттеліп, керекті мамандар жұмысқа тартылды. Инспекторлар өздеріне бекітілген аумақты қыз­ғыштай қори бастаған соң аңшы атаулы мылтықтарын сүйеп қоюға мәжбүр болған. Қазір қорық аума­ғында түлкі түгілі тышқан атуға рұқсат жоқ. Бәрі заңмен бе­кітілген.

Тым болмағанда балық аулауға болатын шығар дейміз ғой осы аумақ­тың инспекторы Мерей Дәл­дір­баевқа. Сөйтсек, жергілікті тұрғындарға 5 килоға дейін рұқсат бар екен. Көбінесе қармаққа табан, сазан, мөңке, көксерке сынды балықтар ілінеді. Өзен бойында екі-үш сағат жүріп, «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» өңір екеніне көз әбден жетті.

Күн желкеден түскенде, кері қайтқанбыз. Кері қайтқанда, қол созым жерден сібір елігін көрдік. Алаңсыз желіп келе жатқан. Біз мінген көліктің дүрілін ести сала, екі орғып, орманға кіріп жоғалды.

– 143 500 гектардай парктің аумағында құстың 272 түрі кездес­се, жортып жүрген аңның түрі 370-тен асады. Өсімдіктің 1 640 түрі бар. Оның 35-і «Қызыл кітапқа» енген. 169 түрлі өсімдік тек Тарбағатай тауына тән. Соңғы жылдары ғалым­дардың зерттеуімен тағы 3 түрлі өсімдік анықталды, – дейді Ұлттық парктің ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бө­лімінің басшысы Жаңылхан Әлімсейітова.

Парк қызметкерлері жол-жө­некей ерекше өсімдіктердің гүлдеп тұрған уақытын дәптерге тіркеп, жан-жағынан суретке түсіріп алып отырды. Қызғылт қошқыл гүлдері төгіліп тұрған анау ағаш Тамарикс деп аталады. Айтуларынша, сортаң топырақта өседі. Африканың сахара даласында көп кездесетіні де сондықтан ғой.

Жалпы, Үржар – түгін тартсаң май, гүлін тартсаң бал шығатындай өңір. Шыбық шаншысаң, нуға айналады. Олай деп отырғаным, жолай Қарабұлаққа бұрылғанбыз. Ауылдың өр жағына ұлттық парк қыз­меткерлері сонау Катон­қара­ғайдан шырша алып келіп, отыр­ғызып жатыр. Алтайдың же­легі Алакөлдің жағасын жерсіне ме дейміз ғой.

– Әлі-ақ жайқалып кетеді. 2 мың түп шырша отырғыздық. Он гектар тәлімбақты биыл осы Қарабұлақтан аштық. Жартысы – жеміс ағаштары. Ішінде Үржардың брендіне айналған сиверс алмасы да бар. Сонымен қатар Әлет учас­кесіне де отырғызамыз. Ол жақта алма бағы да жайқалып тұр. Ал Қарабұлақта қысы-жазы су бар. Бір жағынан ауылдықтарды жұмыспен қамтимыз. Бақ кеңейген сайын жұмыс орны да көбейе түседі, – дейді Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Әлібек Тоқымтаев.

Парк басшылығы питом­ник ашып, әр түрлі ағаш отыр­ғыз­ғандағы мақсаттары – аудан­ның көгалдануына аз да болса үлес қосу. Сондай-ақ ертең ағаш­тар­дың өзегі бекіп, жайқалған соң аудан тұрғындарына сатып, парктің қаржы қорын молайту.

 Қар барысы Қарабасты мекендей ме?

Ертесі жер бетіне жарық түсер-түспестен Мақаншы ауылының тұсындағы туристік маршрут – Қарабас тауына асықтық. Тар­бағатай ұлттық паркінің аума­ғында Қарабастан бөлек тағы үш бағыт бар – Әлемді, Әлет, Қусақ. Оның бәрін бір күнде аралап шығуға аяғымыз жете қоймас. Әзірше, теңіз деңгейінен 1500 метр биіктіктегі Қарабастың құзар шы­ңына шығып, арқарларды рәсімге тартсақ, тәубә деп келеміз. Біз бет алған биік – Тарбағатайдың сілемі емес, өз алдына жеке тұрған тау. Қыстай басында қар жатпаған соң Қарабас аталып кетсе керек. Тұяқтылардың қыстап шығуына да қолайлы.

«Тарбағатай мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі» деген белгіден өткен соң көліктен түсіп, атқа қон­дық.

– Арқарлар қазір соқпақтың бойынан алыстап кеткен шы­ғар. Қатпар таудың жықпыл-жық­пылын атпен аралап көрейік, – деген инспектор Фархат Хихмат­али­мов шу-шулеп жол бастады. – Ей, сен қыста келші, «снегоходпен» арқарлардың дәл алдына апарайын. Қазір көбі Тарбағатайға ауып кетті. Мұнда ақсақ-тоқсағы ғана қалды, – деді атын сипай қамшылап.

1

Жан-жағымыздағы жалама шыңдарды көзбен шолып келеміз. Инспекторлардың мініс аттары тау-тасқа әбден төселген екен. Сү­рінеді-ау деген қорым тастардан лып-лып етіп өте шығады. Тізгінге ие болып, тақымды қысып отырсаң болды. Шаужайлап иыққа шыққанда күн батыстан Тарбағатай тауы көрінді. Басында қар жатыр. Фархат төңірекке дүрбі салып көрді. Әй, қайдам, тықыр еткен дыбысқа селк ете қалатын арқар ат тұяғының дүбірін әудем жерден сезетін шығар деген оймен келе жатқан едім, жал болып созылған бір шыңнан әлдене қарауытты. Сәл қимылсыз тұрды да одан биіктеу тасқа қарғып шық­ты. Аймүйізді арқар. Аттан түсіп, камераға тартқанша болған жоқ, қара батырып үлгерді. Аяңдап қарсы алдымыздағы бетке таяғанда, бұта-қарағанның арасынан тоқтысы тұра қашты. Көз алмай қарап тұрдық. Шапшыма шыңның биігінде жүрген топқа барып қосылды. Дүрбімен тартып көріп едік, 20-30 шақтысы еркін жайылып жүр. Тастан тасқа секіріп, қозылары ойнақтайды. Құлжасы айналаны қалтқысыз бақылап тұр.

– Қозысы бар арқарлар өте сақ болады. Сәл артық дыбыс естісе, алыстап кетеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қарабаста ми­грацияға жарамайтын, ауру-сырқаулары ғана қалып, басым бөлігі Тарбағатайға өтіп кететін. Жануар болғанмен, қазір қауіптің жоғын сезеді, алаңсыз өрістейді. Тфә-тфә, мылтық асынып, тау кезіп жүргендер жоқ қазір, – дейді Фархат инспектор.

Жарықтық жануар-ай, құлжасы төбемізден төнген шыңнан бізге тәкаппарлана қарады. Шалыс қимыл жасасақ, үркітіп аламыз ба деп сұлу жануарды көзбен ғана бақыладық. Әйтпегенде, фотоға тым жақыннан түсіріп алуға болар еді...

1

– Қытаймен екі ортадағы шекара сызығында биіктігі 2 мың метрдей Ақтас деген шың бар. Терісайырық, Өкпеті, Маңырақты мекен ететін таутеке сол Ақтасқа келуі мүмкін. Ал таутеке жүрген жерде, қар барысы бар. Баяғыда шежіре қарттар Ақтаста ілбіс бар деп отыратын. Сол рас болуы мүмкін. Алдағы уақытта фототұзақ құрып көреміз. Бәлкім ілбіс те ілінетін шығар камераға, – деген Фархат Қарабастың биігіне таяп қалдық дегендей иек қақты.

Үйдей тастың үстінде арқардың бас сүйегі жатыр. Тегі қасқырға жем болса керек. Мүйіздің сақи­на­ларына қарасақ, кәртейіп, әлі кеткен жұп тұяқты секілді. Жыртқыш та отардың әлсізіне шабады емес пе?! Табиғаттың заңы.

1

Қарабастағы туристік мар­шрут­тың діттеген жеріне жеттік. Ай­нала алақандай. Иектің ас­тын­да Ақшоқы ауылы жатса, шығысынан Қытайдың қайқы шатырлы ғимараттары мұнартады. «НКВД» мөрі соғылған шоқыға шығып едік, қарсы алдымыздан төбесі көк тіреген зәулім үйлер жарқ етті. Миллиондай тұрғыны бар Шәуешек қой.

Тау десе, Алтайға шығып кетеміз әдетте. Айтайын дегенім, Алакөл жағалап келген турист Тарбағатайды аралап қайтса да болады. Ұлттық парктің экологиялық ағарту, рекреация және туризм бөлімінің басшысы Жансая Бей­сенованың айтуынша, ақылы түрде табиғатқа шығып, шатырлы лагерь ұйымдастыруға болады. Тарбағатайды аралап қайтам деген саяхатшы үшін Бозжырадағыдай аппақ жартастар мұнда да бар. Тарихи сырды бүккен петроглифтер де осы маңда. Рас, жаздың бір күнінде шыңға шығып, түз тағы­л­арын қызықтап, таудың саф ауасы­мен тыныстап қайтқанға не жет­сін?!

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы