Аймақтар • 01 Маусым, 2021

БҚО-да ауылдан снаряд табылды

502 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Атамекен ауылының тұрғыны жер қазып жатып, Азамат соғысы жылдарындағы снаряд тауып алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО-да ауылдан снаряд табылды

Оқыс оқиға туралы қоңырау Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне мамыр айының 31-і күні түнде түскен. 1967 жылы туған Сағындық есімді азамат өз ауласынан шұңқыр қазып жүріп, ұзындығы 350 мм, диаметрі 90 мм әбден тот басқан снаряд тауып алған. Қазір оқиға орнын аудандық полиция қызметкерлері қоршап, қауіпті затты залалсыздандыру үшін саперлерді күтуде екен.

– Суретіне қарағанда, бұл – 76 милиметрлік шрапнель снаряд болса керек. Мұндай снарядтар Азамат соғысы кезінде қолданылған. Оқтұмсықтың басындағы тетікке 4-7 секунд аралығындағы уақыт қойылады, снаряд зеңбірек оқпанынан ұшып шыққан соң қойылған уақыт ішінде жау шебіне жетіп, ауада жарылған кезде ішіндегі 80-нен 120-ға дейінгі болат шар жаяу әскердің басын талқандап кетеді, – дейді Көктерек музейінің жетекшісі, қару-жарақ білгірі Жайсаң Сейіткереев.

Ақжайық ауданындағы Атамекен ауылы, бұрынғы Антонов бекінісі шынында да Азамат соғысы жылдары қым-қуыт соғыстың ошағы болған елді мекен. Мұнда ХХ ғасырдың басындағы кезеңге қатысты тарихи жәдігерлер жиі табылып жатады.