Футбол • 01 Маусым, 2021

Конференция лигасының сыйақы мөлшері анықталды

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еуропаның футбол одағының (УЕФА) мұрындық болуымен биылғы маусымда өтетін Конференция лигасында өнер көрсететін командалардың қандай мөлшерде сыйақы алатыны жария етілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Конференция лигасының сыйақы мөлшері анықталды

Биылғы доп додасында Нұр-Сұлтанның «Астана», Қостанайдың «Тобыл» және Қарағандының «Шахтер» клубтары бақ сынайды. Олар турнирді іріктеу сайыстарынан бастайды. Бұл командалардың әрқайсысы келесі кезеңге шыққан сайын 100 000 евродан алып отырады. Егер алғашқы сынақтан сүрінген жағдайда өтемақы ретінде 150 000 евро төлеу жағы да қарастырылған. Сол секілді екінші кезеңде жеңілгендерге 350 000 және үшінші раундта ұтылғандарға 550 000 евродан беріледі. Плей-офф кезеңінде сүрінгендердің есепшотына бірден 750 000 евро көлемінде қаражат аударылады. Ал топтық турнирде күш сынасу құрметіне ие болған командалардың материалдық жағдайлары едәуір жақсара түседі.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы тұсауы кесілгелі отырған Конференция лигасында 184 команда өнер көрсетеді. Солардың арасынан іріктеліп шыққан 32 команда топтық турнирде күш сынасады. Одан кейін 1/8 финал, ширек финал, жартылай финал және финалдық сайыстарды тамашалаймыз. Жарыс жеңімпазы 2022 жылдың 25 мамырында Тиранада анықталады.