Аймақтар • 01 Маусым, 2021

Алматы тауларында туристер үшін лашықтар салынады

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы маңындағы тауларда туристердің тұруына арналған лашықтарда Wi-Fi пайдалануға, телефонды қуаттауға, дәрі қобдишасы мен азық-түлік жиынтығын алуға болады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық туризм басқармасының басшысы Сабина Аманкелді мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы тауларында туристер үшін лашықтар салынады

Кейінгі 3 жылда мегаполиске жақын орналасқан тау шатқалдарына қала тұрғындары мен қонақтары жиі бараған. Тау туризміне деген қызығушылық әсіресе пандемия кезінде арта түскен.

«Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Алматы тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз және жайлы демалуы үшін қажетті жағдайлар жасау жоспары әзірленді.Тау бағыттарының шалғай тораптық учаскелерінде жаздың соңына дейін туристер тұратын 15 лашық салынады. Бүгінде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, құтқару отрядтары үшін дабыл түймелері бар 10 радиорелелік діңгек орнатылады», деді Сабина Аманкелді.

Оған қоса, лашықта туристер түнеп, суық күні жылынуға мүмкіндік алады.

Алғашқы медициналық көмек жинағы, маршрут карталары, мобильді телефонда қуаттайтын құрылығы мен жылы көрпе және азық-түлік жиынтығы болады.

«Қазіргі кезде тау қауымдастығымен бірлесіп келесі шатқалдарда локациялар пысықталуда. Атап айтар болсам, орта және Талғар, Кімасар, Түйік-Су, жоғарғы Горельник, Үлкен Алматы шатқалы, Шүкір және Проходное», деді спикер.

Жалпы, туристік навигацияның бірыңғай жүйесін құру және тауға шығу үшін TAU Go смарт-навигаторы түріндегі қосымшаны іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде, ол тқтенше жағдайлар департаменті базасымен интеграцияланатын болады.

Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында тау құтқарушыларының жасағы тәулік бойы кезекшілік етеді, сондай-ақ «Тұйықсу» шатқалында тікұшақ алаңы ұйымдастырылады.

Оның айтуынша, туризм басқармасы жүйелі негізде бағыттарды абаттандыруда.

Бүгінде 500 шақырым жол абаттандырылып, 1000 шақырым тау жолдары цифрландырылды.

«Бағыттар бойынша 26 ақпараттық стенд, 154 көрсеткіш, 80 ақпараттық қалқан, 14 ақпараттық баған, 163 орындық және 68 күрке орнатылды. Барлық навигациялық стендтерде QR-кодтары бар, онда туристер маршруттың күрделілігімен, оның ұзақтығымен және өту уақытымен таныса алады», деп атап өтті ол.

Биыл жалпы ұзындығы 172 шақырым болатын Үлкен және Кіші Алматы шатқалындағы жаяу тау жолдары қосымша абаттандырылады.