Әлем • 01 Маусым, 2021

Африка құрлығы көмекке зәру

791 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясы өзімізден жырақта болып жатқан дағдарыстарға «бізге қатысы жоқ мәселе» деп қарамауды үйретті. Әлемнің кез келген нүктесінде болған оқиға жер шарындағы адамның бәріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан Африкадағы пандемияның салдарымен күресу өте маңызды.  

Африка құрлығы көмекке зәру

Әлемнің басқа өңірлерімен салыс­тыр­­ғанда, Африкада COVID-19 виру­сы жұққан және инфекциядан көз жұм­ған адамдар саны аз болғанымен, пан­де­мияның құрлыққа әсері ұзақ әрі терең сипатта жүріп, бүкіл жер шары­на тұрақ­сыздық әкелуі ықтимал. Бір жыл­дың ішінде пандемия ширек ғасырда қол жет­кен экономикалық өсімді тоқтатып, өнді­рістік-жеткізу тізбегін бұзып, теңсіздік пен кедейліктің ұлғаюына әкелді.

Коронавирус пандемиясын ең­серу мүмкіндігін жоғалту қаупі Афри­каға ғана төніп тұрған жоқ. Әлемдік экономика да болашақтағы өсім драйверін жоғалтуы мүмкін.

Африкада пандемия дағдарысын же­ңіп, әлемді іскер әрі жаңашыл жас­тар, жер­гілікті өндірістік базаны қамта­ма­сыз ете алатын табиғи ресурстар мен құр­лықтық интеграция жобасынан тұратын тұрақты дамудың жаңа тізбегіне әкелуге қажеттінің бәрі бар. Бірақ Африканың мұндай үлкен әрі күтпеген дағдарысты жеңіп шығатын құралдары жоқ.

Халықаралық валюта қорының есебінше, 2025 жылға қарай Африка елдеріне 285 миллиард доллар көлемінде қосымша қаржыландыру керек болады. Бірақ бұл ресурстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм мен қалпына келтіру жоспары жоқ. Басқа өңірлерде экономиканың жедел қалпына келуі байқалып жатқанда Африканың дәл осы тетіктердің көмегімен пандемияға қарсы күресе алмауы экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа әкеліп соғуы мүм­кін. Бұл Африка жастарын өздері лайық әрі аса қажет мүмкіндіктерден айырады.

Пандемия басталғаннан кейін біраз уақыттан соң халықаралық ынтымақтас­тық өз жемісін бере бастады. G20 тобының аясында кедей мемлекеттердің қарызын өтеуге төлемдер бөлу тоқтатылды. Бірақ Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және Еуропа елдері сияқты донорлар аталған мемлекеттерге қаржылай көмек берді.

Ондаған жыл бойы халықаралық ынтымақтастықты қолдап келген институттар қазір өз шегіне жетіп қалды. Олар­ды аз уақыттың ішінде вакцинаға қол жет­кізудегі теңсіздік әлсіретті. Сондай-ақ еш­қандай төтенше шаралармен тоқтата алмайтын экономикалық қайшылықтар да әсер етті.

Міне, сондықтан да жаңа шекара, батыл әрі мақсатқа толы жаңа бағыт керек. Бұл бастаманың бірінші сынағы – коронавирус вакцинасына қолжетімділік болуы тиіс. Алдағы айларда COVAX, коронавирусқа қарсы күреске қажетті құралдарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған акселератордың (АСТ) вакцина компоненті, Африканың вакцина сатып алу жөніндегі мақсатты тобы арқылы осы құрлыққа вакцинаның мил­лиондаған дозасы жеткізіледі. Ал­дын ала тапсырыс берілген вакцина дозасы әртүрлі бағытта таратылады, бірақ бірінші кезекте, вирустан медициналық қызметкерлерді қорғауға көңіл бөлінеді.

Бірақ бұл жеткіліксіз. Қазір вакцина­лау әлемдегі маңызды экономикалық сая­сат саналады. Оның артықшылығы – трил­лиондаған, ал құны миллиардтаған дол­ларға бағаланады. Бұл – қысқа мер­зімге салынған ең табысты инвестиция. Аф­рикадағы індеттің алдын алу және ба­қылау орталығы белгілеген көр­сет­кіш­­ті орындап, Африканы вакцинамен қам­­тамасыз ету деңгейін 60-70% жет­­кізу үшін ACT акселераторын қар­жылан­дыру­ды арттыратын инновациялық қар­жылық құралдарды іске қосуымыз керек. Біз Халықаралық валюта қорын осы мақ­сатқа қаржы бөлу үшін арнайы иелену құқығын пайдалануға мүмкіндік беруге шақырамыз.

21 мамырда өткен денсаулық сақтау мәсе­лелері жөніндегі бүкіләлемдік сам­миттің Рим декларациясында болашақта болатын пандемияларды еңсеру үшін дамушы елдерге куәлік беріп ғана қоймай, вакцина өндірудегі тәжірибемен де бөлісу керектігі айтылған. Қазір Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Африканың арасында зияткерлік меншік туралы келісімге қол қою жөніндегі келіссөздер жүріп жатыр. Африка РНК ақпараттық технологиясын пайдаланып, вакцина өндіріп, Дүниежүзілік сауда ұйымының аясында зияткерлік меншік құқығы режімінің сауда аспектілері туралы (TRIPS) келі­сім жасауы керек. 18 мамырда Аф­ри­ка, Еуропа басшыларының және қар­жы нарығындағы көшбасшылардың қа­ты­суымен өткен Париж саммитінің арқасында алдағы уақытта мұндай өндірістік әріптестікке қаржы бөлініп, қолдау көрсетілетін болды.

Африка үшін жаңа бағыттың екінші компонентіне денсаулық сақтау, білім беру және климаттың өзгеруіне қарсы кү­рес саласына үлкен инвестиция құю­ды жатқызуға болады. Африка құр­лы­ғы тағы да шектен тыс қарызға батпауы үшін бұл қаржының қауіпсіздік жә­не инф­­ра­құрылым сияқты басқа сала­ларға жұм­­­салуына жол бермеуіміз керек. Кей­бір Аф­рика мемлекетінің халық­ара­лық қар­жы на­ры­ғындағы жақсы жетіс­тік­теріне қара­мас­тан, жеке кредиторлар алдағы уақытта Африкаға қаржы ресурстарын бөлмейді.

Африкаға позитивті шок керек. Париж саммитінде 650 миллиард доллар ар­найы иелену құқығы қайта бөлінді. Оның 33 миллиард доллары Африка мем­лекеттеріне беріледі. Қазір біз көмек көлемін ұлғайтып, өз мойнымызға тағы екі ерікті міндеттеме алғалы отырмыз.

Біріншіден, басқа мемлекеттердің арнайы иелену құқығының бір бөлігін Африкаға бергенін қалаймыз. Ресурс­тарды осылай бөлу Африка мен басқа да кедей мемлекеттерге 100 миллиард доллар ақша аударуға мүмкіндік береді.

Екіншіден, африкалық институт­тар­дың қатысуымен басқа мемлекеттердің арнайы иелену құқығынан түскен қаржы құрлықты қалпына келтіруге және 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға жұмсалуы керек. Бұл халықаралық қаржы архитектурасын қайта қарап, Африка мемлекеттеріне бұрынғыдан көбірек көңіл бөлуге жол ашуы мүмкін.

Біз халықаралық қауымдастық өкілдерін өздеріне осындай екіжақты міндеттеме алуға шақырамыз.

Африканың ең маңызды артықшылы­ғы саналатын кәсіпкерлік қарқынына назар аударған жөн. Құрлықтағы ша­ғын және орта бизнес болашақта Африка­да­ғы әйел­дер мен жастарды құтқарушы күш­ке ай­на­лады. Тек қазір жеке сектор бей­рес­ми­лік пен қаржы тапшылығынан зар­дап ше­гіп отыр. Осы себептен аф­ри­ка­лық кә­сіп­керлердің қаржыға қол­же­тім­ділігін арт­тыруға көңіл бөліп, олардың жобаларына бастапқы кезеңде қолдау көрсетуіміз керек.

Париж саммитінің алдында Африка­да вакцина өндірісін бастау арқылы ко­ро­на­вирусқа қарсы вакцинаны жалпыға бір­дей қолжетімді ету, халықаралық жа­­ңа қаржы архитектурасы арқылы панаф­ри­ка­лық институттардың позиция­сын кү­шей­ту, мемлекеттік және жеке­мен­шік ин­вес­тицияларды жандандыру және Афри­ка елдеріндегі жеке секторды кең кө­лем­де қаржыландыруды қолдау сияқты төрт мақсат болды. Ендігі мақсатымыз – Фран­­цияның Еуропа Кеңесіне алты ай­лық төр­ағ­алығы аясында, халықаралық фо­­рум­­дарда аталған мақсаттарды насихаттау.

Бұл пікірге сондай-ақ Португалия премьер-министрі Антониу Кошта, Ис­па­ния премьер-министрі Педро Санчес Перес-Кастехон, Бельгия премьер-министрі Александр де Кро, Еуропа Кеңесі президенті Шарль Мишель, Еуропа Комиссиясы пре­зи­денті Урсула фон дер Ляйен, Сауд Ара­бия­сының мұрагер ханзадасы Мұхам­мед бин Салман, Абу-Дабидің мұрагер хан­за­дасы Мұхаммед бин Зайед, Конго Де­мо­кратиялық Республикасы прези­денті және Африка Одағының төрағасы Фе­ликс Антуан Чисекеди Чиломбо, Того пре­­зиденті Фор Гнассингбе, Кот-д’Ивуар президенті Алассан Уаттара, Мысыр президенті Абдул-Фаттах Халил әл-Сиси, Мозамбик президенті Фили­пе Ньюси, Нигерия президенті Мұхам­маду Бұхари, Буркино Фасо прези­денті Рок Марк Кристиан Каборе, Комор арал­дары президенті Азали Ассу­мани, Гана президенті Нана Акуфо-Аддо, Ан­гола президенті Жуан Лоренсу, Эфио­­пия пре­зиденті Сахле-Ворк Зевде, Мав­ри­та­н­ия президенті Мұхаммед ульд әл-Газ­уа­ни, Тунис президенті Каис Саид, Мали­­дің бұрынғы президенті Бах Н’Дау, Ни­гер президенті Мұхаммед Базум, Чад­тың премьер-министрі Альберт Па­хими Па­даке, Судан премьер-министрі Аб­дал­­ла Хамдук, Конго Респуб­ли­касы пре­­­зиденті Денис Сассу-Нгессо, Бенин пре­­зи­­денті Патрис Талон, Камерун пре­зи­денті Поль Бийя, Африка Одағы ко­мис­­сия­­­сының төрағасы Муса Факи қол қойды.

Эммануэль МАКРОН,

Франция президенті

Поль КАГАМЕ,

Руанда президенті

Сирил РАМАФОСА,

Оңтүстік Африка президенті

Маки САЛЛ,

Сенегал президенті

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org