Қоғам • 01 Маусым, 2021

Бизнестегі бұрымдылар бәсекеге қабілетті

247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Гендерлік теңдік экономиканың тиімділігі мен постковидтік кезеңдегі әлемнің болашағы үшін айырықша мәнге ие. Бұл ретте, табиғатынан шығармашылық тұрғыдан ойлауға бейім әйелдер жаңа әлемдік инновацияның көшбасшысы атануы мүмкін. Өйткені әйелдердің экономикадағы рөлін күшейту – қазіргі әлемдік тренд.

Бизнестегі бұрымдылар бәсекеге қабілетті

Әйелдердің кәсіпкерлік қыз­метке араласуы оларды жұ­мыспен қамтып қана қой­май, қоғамдық жағдайын жақсар­тады, тұлғалық тұрғыдан дамытады. Ең бастысы, жоғары кө­лемде табыс табуға жол аша­д­ы. Осы орайда, мына бір ста­тис­тикалық дерекке назар аудар­ған жөн. Халықаралық еңбек ұйымы бюросы 70-тей ел­дің кәсіпорындарын зерттеу не­гі­зінде «Бизнестегі және менедж­менттегі әйелдер» тақырыбында баяндама әзірлеген екен. Зерттеу ісіне қатысқан респонденттердің 57 пайыздан астамы гендерлік саясат табыстың 5 пайыздан 20 пайызға дейінгі өсіміне әсер еткенін көрсеткен. Қазақстан да бұл тұрғыда әлемдік үрдістерден қалыс қалған емес. Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі соңғы 5 жылда шамамен 43-44 пайызды құрап отыр және бұл цифр тұрақты түрде сақталуда.

– Біздің ел әйелдердің бизнес­ке араласуын еңбек нарығы мен іскерлік белсенділіктің оң факторы ретінде одан әрі да­мытуға дайын. Бұл ретте, бүгінгі таңда Қазақстанда көрсетілетін мем­лекеттік қолдау шаралары кең ауқымға ие. Алайда әйелдердің кәсіп­керлік бастамасын дамыту үшін нақты гендерлік бағдар­ланған құралдар қажет. Әйтпесе, әйелдердің шығармашылық ойлау қабілетінің жоғары, жарқын бастамаларды жүзеге асыру үшін үлкен әлеуетке ие екені белгілі. Десе де, олардың бизнеспен айналысуына кедергі келтіре­тін жағдайлар да жоқ емес. Бұл тәжі­­рибенің жетіспеушілігі, бас­тапқы қаражаттың жоқтығы, өз ісін құрудағы мүмкіндіктер ту­ра­лы ақпараттың аздығы. Әйел­дер табиғат дарытқан мық­ты қабілетке ие бола тұра, от­ба­сылық міндеттерден аса ал­май, ұзақ уақыт бойы өз білік­т­ілі­гін, іскерлік қасиетінің дең­­гейін, нарық конъюктурасын қадағалауды жоғалтады. Біз­дің ортақ міндетіміз – оларды қолдау. Бұл ретте оқыту, қай­та бейіндеу, біліктілігін арт­тыру­дың тиімділігі жоғары бол­мақ, – дейді Ұлттық экономика ми­нистрі Әсет Ерғалиев.

Бизнесті қолдаудың мем­ле­кеттік бағдарламаларын мо­ни­то­рингілеу гендерлік па­ри­тет­тің өзінде мемлекеттен қаржылай қолдау алған әйел кәсіпкерлердің үлесі 32 пайызды құрайтынын көрсеткен. Бұл – жеңілдікпен банктен кредит алу және гранттарға қол жеткізу. Қаражатсыз қолдау жасалатын жобалардың жартысына жуығы, яғни 45 пайызы әйелдердің жо­басы екен. Осы орайда, ел Үкіметі 2015 жылғы сәуірден бастап, Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) бір­­лесіп, «Бизнестегі әйелдер» бағ­­дарламасын іске асырып жат­­қанын атап өткен жөн. Қазақ­­стандық кәсіпорындар шетелдік сарапшыларды қоса алғанда, консультанттарды тарту бо­йынша шығындардың бір бөлігін өтеуге мемлекеттік гранттар алады.

Бүгінгі таңда министрлік пен ЕҚДБ арасындағы ынты­мақтастық шеңберінде 300-ге жуық кәсіпкер әйел жергілікті консультанттардан кеңес алып, 35,9 млрд теңге көлемінде 21,9 мың кредит берілген. Өткен жылғы қазанда ЕҚДБ-мен «Биз­нестегі әйелдер» бағ­дар­ла­ма­сын 2025 жылға дейін ұзар­ту туралы қосымша келі­сім­г­е қол қойылды. Шешім бағ­дар­лама компоненттеріне сұ­раныстың жоғары екеніне бай­ланысты қабылданғаны анық. Бағдарлама гранттардан бөлек, консультанттарды тартуды, қар­­­жыландыруға қол жеткізуді, тәлім­­герлікті, коучинг пен тре­нингтерді ұсынады.

– «Бизнес-линзалар» атты бизнесті диагностикалаудың тегін онлайн құралы әйелдерге кез келген уақытта бизнестің жай-күйіне жедел талдау жа­сауға және өз кәсіпорнының өсу мүмкіндігін анықтауға көмек­теседі. Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы жұ­мыс жалғасуда. Nur Otan пар­тиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сай­лауалды бағдарламасын орын­дау жөніндегі жол картасы шеңберінде әйелдер кәсіп­кер­лігін дамыту орталықтарын құру қарастырылған. Қысқа мерзімді келешекте министрлік «Атамекен» палатасымен бір­лесіп, құрылатын орталықтар алаңында іске асырылатын әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі жаңа тиімді шараларды пысықтайтын болады. Орталықтар әйелдердің бас­тамаларын ақпараттық және консультациялық қолдаудың әрі әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін іске асырудың тиімді көзі болуы тиіс, – дейді министр.