Кино • 01 Маусым, 2021

Қуатты насихат құралы

1228 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазір әлемдегі бұқаралық қарым-қатынас түрлері ішінде ең көп сұранысқа ие, халықтық сипаттағы ең ықпалды өнер – кино. Оның бүгінгі қоғамдағы орнының айрықша екені де сондықтан.

Қуатты насихат құралы

Бұл күнде кинематография – қоғамдық сананың барлық саласын қамтып, өмірлік ұстанымдарға ықпал етіп, бүкіл адамзат қауымының дүниетанымын қалыптастырушы, әбден тұғырына қонған әлеуметтік институт. Ал қоғам болса, кинематографиядан үнемі техникалық жетістіктерді жалғастыруды, шығармашылық тәсілдерді жетілдіре түсуді, жаңа да тың идеяларды талап етеді. Қысқасы, кино әлемі мен қоғам арасында өзара тұрақты әрі тығыз байланыс бар. Осы байланыстың арқасында кино көпшілікті біріктіреді, рухани байытады, экранның тылсым әсері арқылы адамның ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын, болмыс-бітімі мен іс-әрекетін дәл беретін немесе өзгертетін сезім-эмоция атаулының қайталанбас мың-сан қатпары туындайды.

Елдегі кинематографияның даму деңгейіне қарап, қоғамның жалпы ахуалын тануға болады. Кез келген фильмнен әлеуметтік проблема көре аламыз, сол себепті де кино насихаттың қуатты құралы саналады. Қай елдің болсын киноиндустриясында үгіт-насихат бар, қандай қоғам болсын оны қажет етеді. Насихат құралы ретінде кино адам санасына аса қуатты эмоциялық ықпал етуге қабілетті, оны көрген көрерменнің көкейінде экрандағы кейіпкердің, тарихтағы шынайы рөлі қандай болғанына қарамастан, «әділдігі» және моральдық үстемдігі туралы көзқарас қалыптасады. Осы тәсілді, яғни кейіпкердің «әділдігі» арқылы санаға әсер етуді Батыс кино насихатының басты құралы – «арман-қиял фабрикасы» атанған Голливуд мықты пайдаланып отыр. Жалпы Батыс бұқаралық мәдениетінің, оның ішінде Батыс кинематографының коммунистік жүйені күйретудегі маңызы аса зор. Мойындау керек, Кеңес Одағының қырғи қабақ соғыста жеңілуінің басты себептерінің бірі – осы бұқаралық мәдениет деңгейінде есе жіберуі еді. Сондықтан қазіргі қоғамымызда маңызы арта түскен бұқаралық мәдениеттің бұрын-соңды болмаған бүгінгі жаһандық экспансиясы кезінде оның адам санасына, әсіресе әлі өзіндік дүниетанымы қалыптасып үлгермеген жастарға ықпал ету механизмдерін ұғыну өте қажет. Киноның адамның ішкі жан дүниесіне әсерін зерделеу мәселесі қазір тіпті маңызды. Өйткені өскелең ұрпақтың санасына бүкіл экрандардан бізге жат өмір салты, мінез-құлықтың өзгеше психологиялық және әлеуметтік үлгілері, басқа моральдық құндылықтар күштеп сіңіріліп жатыр. Оның үстіне, қазір өмірімізге заманауи технологиялар дендеп енді де, жастар көп уақытын интернетке үңілумен өткізетін болды. Нақты тіршіліктің орнын виртуалды өмір баса бастады. Жастардың әлі толыспаған ақылы мен санасына жаудай тиіп жатқан осы үдеріске қарсы лайықты амал қарастырмаса болмайды. Ондай амал бар, ол – кинематографияның ықпал ету мүмкіндіктерінің тиімді жақтарына баса назар аудару. Кино саласы – үнемі жастардың қызығушылығын оятып, еліктіріп отыратын ең танымал өнер түрі. Сол себепті сапалы кино туындыларын түсіру арқылы олардың тұлғалық қалыптасуын өзімізге қажет бағытқа бұруымызға болады. Жастарға тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастыруда осы жайтты қаперге алған жөн. Бірақ мынаны да ұмытпау керек: заманауи кино өнерінің тәрбиелік сипатын бұрынғы кеңестік кезеңдегі секілді тым қарабайырландырудың қажеті жоқ.

Қазір қазақ кинематографында не болып жатыр? Ұлттық кино тарихында екі кезең бар: кеңестік және посткеңестік. Біріншісі бәрімізге белгілі, бізді қызықтыратыны – отандық киноның Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі эволюциясы. Мәдениет және спорт министрлігінің ашық мәліметтеріне сүйенсек, 2001-2009 жылдар аралығындағы ұлттық фильмдер өндіруге бөлінген мемлекеттік қаражат 64 млрд теңгеге жетіп, 16 еседен астам өсіпті (2001 жылы – 255 млн теңге, 2019 жылы – 4,1 млрд). Бір жылда түсірілген көркемі бар, деректісі бар, анимациялық, дебюттік, қысқаметраждысы бар картиналардың жалпы саны осы мерзім ішінде 2,8 есе ғана көбейген (2001 жылы – 6, 2019 жылы – 17). Ұлттық фильмдер өндіруге мемлекет тарапынан бөлінген қаржы көлемінің арту динамикасы түсірілген кинотуындылар санының өсу қарқынынан әлдеқайда басым. Ал қазақ кинорежиссерлері әзірге «А» класты беделді кинофестивальдерде ірі табысқа кенеле қойған жоқ. Тәуелсіздік жылдары республикалық бюджеттен қаржыландырылған екі картина ғана елеулі жетістікке жете алды: 2010 жылы Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі «Оскар» киножүлдесінің шорт-тізіміне енсе, 2019 жылы Фархат Шәріповтің «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі Мәскеу халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Сонда осы жылдар бойына кинематография саласындағы саясат негізінен түсірілген фильмдердің саны мен оларды бюджеттен қаржыландырудың көлемін арттыруды ғана көздеген секілді әсер қалдырады.

«Кинематография туралы»  заң (03.01.2019) қабылданғанға дейін кино саласының дамуына қатысты стратегиялық мәселелерді  Мәдениет және спорт министрлігі қарастырып келді, ал Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы осы саланың киноөндіріске арналған мемлекет қаржысын бөлу секілді жұмыстарын реттейтін негізгі орган еді. Қабылданған «Кинематография туралы» заңға сәйкес, сол 2019 жылы коммерциялық емес акционерлік қоғам түрінде «Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы» құрылып, киноиндустрияның дамуы үшін бөлінер мемлекет қаржысын реттеуші негізгі органға, мемлекеттік қаржылық қолдауды ұсынушы бірден-бір операторға айналды. Бұл ұйымды құрудың идеологиясы ел Үкіметінің 15.03.2019 жылы қабылданған №113 Қаулысында қамтылған-ды. Айта кету керек, аталған Киноорталық жарғысында «Қазақстан Республикасының кинематография саласындағы саясатын жүзеге асыру» секілді қызмет түрі бар, ал негізінде бұл –  Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік функциясы, сондай-ақ ешбір акционерлік қоғамға бере алмайтын міндетінің бірі. Қабылданған заңда елдің киноиндустриясын дамыту бағытындағы негізгі қызметтер сеніп тапсырылатын «өкілетті орган» туралы айтылады, бірақ оның атауы нақты атап көрсетілмеген. Сонымен қатар жарғыға сәйкес, Киноорталыққа табыс табуды көздейтін бірнеше қызмет жүктелген, мәселен, «ұлттық фильмдерді прокаттау және көрсету». Коммерциялық емес ұйым мұндай кірістерді қалай тіркемек? Ұйымға сондай-ақ, шетелдік киноөндірушілерге Қазақстан аумағындағы тауар, жұмыс, қызметтер құнының 30 пайызы мөлшерінде субсидия (рибейт) төлеуді міндеттеген, алайда олардың қайдан алынатыны, шарттары мен тетіктері түсініксіз. Заңда субсидия төлеу механизмінің басты құрамдас бөлігі саналуға тиіс кинокомиссиялар туралы тармақ та таба алмайсыз. Есесіне, бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені міндетті түрде енгізу атап көрсетілген, бірақ оны енгізу тәртібі жазылмаған. Бұған қоса, заңда кинопрокат саласын реттеу, қолдау және ынталандыру жөнінде, сондай-ақ Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы туралы бір ауыз сөз жоқ. Киножобаларды мемлекет қаржысымен қолдау бойынша және сол қолдаудың көлемі туралы шешімді Киноорталық жанындағы Сарапшылар кеңесі шығаруы керек. Ал қолданыстағы заңға сүйенсек, Киноорталық жанындағы Сарапшылар кеңесінде тек пікір айту, ұсыну өкілеттігі ғана бар және ол өз шешімдері үшін мойнына ешқандай жауапкершілік алмайды. Ұлттық фильмдерді мемлекет қаржысымен қолдау мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның шешімдері де тек ұсыну сипатында ғана. Қысқасы, «Кинематография туралы» заң қалайда қайта қарауды қажет етеді, ол шынымен жұмыс істей бастауы үшін бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізілуі тиіс. Бұл түзетулер мен толықтырулар қоғамдық бірлестіктердің, шығармашылық одақтардың және барлық деңгейдегі кино жұртшылығының түгел қатысуымен, көпшіліктің көз алдында, ашық талқылануы керек.

Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы құрылғалы да екі жыл өтті, осы уақыт ішінде біраз шаруа атқарылды. 2019 жылы Киноорталық киножобалардың бірінші конкурсын (питчингін) жариялады. Оған 109 өтінім келіп түсті, соның ішінен іріктеліп, жалпы құны 7 068 077 746 теңге болатын 17 жоба өндіріске жіберілді. 2020 жылы екінші питчингте 236 өтінім қарастырылды, мемлекет тарапынан қаржылық қолдау жалпы құны 5 358 315 029 теңге болатын 39 жобаға көрсетілді. 2021 жылғы питчингке 503 өтінім қабылданды, дегенмен биыл бірлі-жарым мерейтойлық-идеологиялық киножобаға бюджеттен тыс қорлардан қаражат тауып бермесе, басқа жаңа картиналарға мүлде ақша бөлінбеуі де мүмкін. Осындай жағдайда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ға техникалық жаңғырту жүргізу үшін бірнеше миллиард теңге бөлініпті. Қазір ХХІ ғасыр, технология қарыштап дамып жатыр, әр жарты жыл, бір жыл сайын техникалық форматтар, стандарттар мен жабдықтар толығымен жаңаруда. Енді бірер жылда моральдық та, технологиялық тұрғыдан да мүлде ескіріп қалатын «Қазақфильмнің» «темір-терсегіне» миллиардтарды «шашуда» не мән бар? Оның үстіне, нарық бәрін өз орнына қойды – жеке студиялар бір-бірімен бәсекелесе отырып, қалта көтеретін бағаға кез келген талғамға сай құрал-жабдықты жалға бере алатын жағдайға жетті. Егер биыл ешқандай жоба өндіріске кетпесе, жаңартылған жабдықпен кім, не түсірмек? Айтпақшы, соңғы 10-15 жылда «Қазақфильм» киностудиясы өздігінен бірде-бір фильм өндірмеген. Ғасыр басынан бері қарай «Қазақфильм» бір ғана қаражат көзімен келісімшарт жасасып, бюджеттің едәуір бөлігін жеке шығындары үшін кертіп алып, киноөндірісті түгел аутсорсингке беріп тастаған. «Қазақфильм» деген логотипі бар фильмдердің бәрін де жекеменшік мердігер-компаниялар түсірген. Қабылданған жаңа заң бойынша кино саласындағы қаржыны реттейтін бірден-бір оператор – Ұлттық киноны қолдау орталығының жұмыс істеп жатқанына екі жыл болса да, киностудия әлі де киноөндіріс үшін тікелей Мәдениет және спорт министрлігінен қыруар сома алып келеді. Бұл аз десеңіз, министрлік қазір «Қазақфильм» АҚ-ға кино түсіру үшін қажет қаражатты тікелей бөлуді көздейтін жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдағалы жатыр деген мәлімет бар. Рас, ұлттық киностудияны қолдау қажет, ол – елдің бренді, бұған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ бұл қолдау «Кинематография туралы» заңды айналып өту арқылы жасалмауы керек. Неге заңға ұлттық киностудияның фильм өндіруіне белгілі бір квотаның болуын көздейтін толықтыру енгізбеске? Ал қазір мемлекеттік екі мекеменің – Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Қазақфильмнің» мүдделер қақтығысын қолдан ұйымдастыру белгілері айқын аңғарылады.

Отандық үш оқу орнында кино факультеттерінің бар екеніне қарамастан, кәсіби кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру мәселесі де әлі шешілер емес. Өкінішке қарай, кино мамандықтары бойынша оқу үдерісінің материалдық-техникалық жабдықталуы да көңіл көншітпейді. Киноиндустрияның барлық мамандық бойынша қажеттілігін қанағаттандыра алатындай арнайы мамандандырылған кино оқу орнын ашатын уақыт жетті. Бүкіл облыстар мен аудандарда киножелілердің жетіспеуі де – бас ауыртар мәселе. Еліміздің барлық өңірлерін «киноландырудың» мемлекеттік бағдарламасы жасалуы керек. «Коммерциялық көрсетілім ұйымдастыру үшін көрермені аз» деген желеумен жекеменшік прокатшылар шағын шаһарларға, моноқалаларға, аудан орталықтары мен ауылдарға онша мән бермейді, сондықтан мемлекет қолдауына ие кинотеатрлар желісін құруды қолға алған абзал. Салыстырар болсақ, қазір Қазақстанда шамамен 400-дей киноэкран (кинотеатрмен шатастырмау керек) бар, ал 1985 жылы 12 500 киноэкран (көшпелі киноэкрандарды есептемегенде) болған екен.

1998 жылдан бастап мемлекет «Еуразия» халықаралық кинофестивалін (ХКФ) тұрақты қаржыландырды, оның аты жаһанға жақсы танылып, әлем кинокартасында елеулі орынға ие болды. «Еуразияны» аса беделді халықаралық ұйым – Кинопродюсерлер қауымдастығының халықаралық федерациясы (FIAPF) мойындап, тіркеді. Оған әлемдегі 6 мыңнан астам кинофестивальдің тек 46-сы ғана мүше. 2020 жылы «Еуразия» ХКФ пандемияның салдарынан өткізілген жоқ. 2021 жылы Ұлттық киноны қолдау орталығы аталған өнер форумын күзде Түркістан қаласында түркітілді киноның фестивалі сипатында өткізуді ұсынды. Мұның өзі Түркістанды түркі дүниесінің рухани астанасы ретіндегі орнын айшықтай түсер еді. Өкінішке қарай, идея қолдау таппады.

Осы айтылған жағдайлардың бәрінен-ақ отандық кино саласында шешілмеген мәселелердің жеткілікті екенін байқауға болады. Тығырықтан шығар жол қайсы, киноиндустрияны жүйелі де үдемелі түрде дамытуға мүмкіндік бар ма? Мүмкіндік бар.

Жұмысты тиімді атқарудың басты шарты – ешкімге тәуелді болмау. Кино саласын Мәдениет және спорт министрлігінің құзырынан шығарып алып, тікелей Үкіметке (баяғы кинематография жөніндегі мемлекеттік комитет секілді) бағынатындай ету керек немесе оны аталған министрлік аясында толық құқықтық-қаржылық автономиямен қамтамасыз еткен жөн. Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы, «Қазақфильм», Мемлекеттік фильм қоры, қайта қалпына келген Мемкинопрокат, арнайы мамандандырылған мемлекеттік кино оқу орны – бәрі бір ғана орталықтан басқарылуы қажет. Питчингтен бастап дайын өнімді еліміздің барлық өңірінде прокаттауға дейінгі киноөндірістің бүкіл циклін бақылауда ұстап, тұрақты мониторинг жасап отыру нарықтың қандай мамандарға, қандай контентке мұқтаж екенін дер кезінде аңғаруға, сонымен қатар киноның көрермен қауымды еліктіріп әкетер ерекше қабілетін патриоттық рухты қалыптастыру және маңызды идеологиялық құндылықтарды санаға сіңіру мақсатында пайдалануға мүмкіндік береді. 

Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ – 2021 жылдың
7 сәуірінде Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеевтің жарлығымен сол елдің ұлттық кинематографиясын дамытудың мынадай басым бағыттары айқындалды:

- кино өнерін қоғамның рухани-ағартушылық өмірінің және мәдениет саласының стратегиялық қайнар көзі ретінде қалыптастыру;

- киноиндустрияны мемлекет тарапынан қолдау жүйесін нарықтық қағидаттар негізінде жетілдіру;

- киноиндустрияны экономиканың өз алдына бөлек саласы ретінде дамыту, заманға сай және жоғары технологиялы материалдық-техникалық базаға ие инфрақұрылым түзу;

- кадр даярлаудың, кинематография саласындағы шығармашыл қайраткерлер мен техникалық қызметкерлердің біліктілігін арттырудың тиімді жүйесін жасау және т.б. Осы жарлыққа сәйкес, Өзбекстан кинематография агенттігі құрылып, биылдан бастап жыл сайын өтетін «Жібек жолы інжуі» атты Ташкент халықаралық кинофестивалі ұйымдастырылатын болды. Сонымен қатар «Ұлттық киноны дамыту орталығы» атты коммерциялық емес ұйым дүниеге келді (ол біздің Ұлттық киноны қолдау орталығы секілді). Көріп отырғанымыздай, көршілеріміз біздің тәжірибемізден үлгі алып қана қоймай, өз киносына шынайы қолдау көрсетудің келесі стратегиялық қадамдарына кірісіп кеткен.

Қорыта келгенде айтарымыз: киноиндустрия саласында әбден ойластырылған жүйелі саясат ұстанбайынша, осы өнер түрін дамытуға және ұлттық мүддеге сай келетін сапалы фильмдер өндіруге қажетті жағдай қалыптастыру мүмкін емес. 

 

Қанат ТӨРЕБАЙ,

кинопродюсер,

Қазақстанның  еңбек

сіңірген қайраткері