02 Маусым, 2021

Маңғыстауда мал жұтай бастады

2437 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Маңғыстауда қыстай жеткілікті мөлшерде қар түспеуі, көктемде жаңбыр болмауы салдарынан өңірдің ойы да, қыры да тулақтай сіресіп, құласаң бетке тиер қылтанағы жоқ дейтіндей қу тақыр қалыпта. Бұл мал атаулыға қиын тиді – көктем шығысымен жерден тіске басар таппай әбден ашыққан түліктерге қырылу қаупі төнді.

Маңғыстауда мал жұтай бастады

Қой-ешкілер іш тас­тап, қозы-лақтар өлі туылып жатыр. Құмда өсетін қоян­сүйектің басындағы ұсақ жапырағын қағып жеп қау­жаң­­даған қой соны қуалап тоз-тоз, таптырса, қане... Жер­ден ерніне ілігер тыр­биған жантақ, түйе­қарын сын­ды өз тәбеті тартатын өсім­діктерді таба алма­ған нардай түйе­лер­дің алды мамыр бастала бері шөгіп қалған. Ал анау-мы­науды жей бермей, судың да тұ­нығын таңдап ішетін жылқы алдымен сүрініп, қа­быр­ғасын санап алар­дай көте­рем күйге түсіп, көп ұзамай обалы кімге деріңді білмейтін өлексеге айналып жатыр.

Жазда малдың қолға қа­рауы жақсы емес, амалы жоқ жұрт бала-шағасының ау­зындағыны жырып, жем-шөп сатып алып, қорадағы жа­н­уа­рының аузына тосып әлек. Жердің жұтаңдығы, мал­дың ашығуы өңірде жемшөп бағасының аспандап шыға келуіне әкеліп соқтырды. 

Мысалы, Форт-Шев­ченко қаласында өткен жылы 10 мың теңге болған бір орам шөп бағасы қазір 16 мың теңгеге дейін көтерілсе, бір тең шөп 900 теңгеден 1400 теңгеге дейін қымбаттаған, ал 18 килолық бір қабы 1200-1300 теңге болған кебектің бағасы 1800 теңгеге, 30 килолық қап­тағы арпа бағасы былтырғы 3 мың теңгеден биыл 4 мың теңгеге дейін жеткен. Бұл бүгінгі баға, жағдай осылай жалғаса беретін болса жем-шөп қана емес, азық-түлік бағасы да ас­пандай берері анық. Маңғыс­тауда тек малымен күнел­тіп отырған отбасы аз емес, малы арықтықтан сатуға келмесе, оған жем-шөпті, бала-шағасына азық-түлікті қай ақшасына алмақ?

Бұған қалай жол берілді? Маңғыс­таудың топырағы сор­таң, табиғи жер үсті су көздері жоқ, құрғақ климат­ты жағдаймен ерекшеленетінін, сон­дықтан аймақта былтыр жауын-ша­шынның аз мөлшерде түсуі себепті құр­ғақшылық болу қаупі төне­тінін ертерек бағамдап қам жасайтын басшы, ауыл шаруа­шылығы маманы болмағаны ма? Тіпті ертерек қам жа­самақ түгіл, жағдай ушығып, халық көмек сұрап жалынған сәтте де шалт қимылдап, шұғыл шара қолдануға кіріскен әкімдікті көрмедік. Өңір­де қалыптасқан жағдайға қатысты ма­мыр айы туар-тумастан әлеуметтік же­лілерде малдың, шаруаның жайын білетін, жағдайдың беталысын алдын ала аңғарған тұрғындар өткір мәселе кө­теріп, жергілікті басшылық назарына ұсынды, көмек сұ­рады. Бірақ жекенің малына әкімдіктің көмектесуі дұрыс емес деген реуіштегі әңгіме де кесе көлденең киліге кетті. Әкімдік дау-дамай әбден ұлғайып, халық дауысы қатты шығып, уәжді сөздері басым түсе бастаған соң ғана «қой, болмас» дегендей қозғала бас­тады...

Өңірдегі ауылшаруа­шы­­лық бас­қарма­сы берген деректерге көз жүгірт­сек, ағымдағы жылдың 4 айының қо­ры­тындысы бойынша облыста ірі қара саны 29 585 бас болып, өткен жыл­ғыдан 3%-ға өскен. Ал қой мен ешкі саны 613 522 бас болып 0,8%-ға азайыпты. Сондай-ақ жылқы – 123 671 бас болып 5,1%-ға , түйе – 85 713 бас болып 3,4 %-ға көбейіпті. Жалпы, мал басы 3,2%-ға өсім көрсетіпті. Осын­ша мал кімнің меншігінде? Әри­не, жекенің. Бірақ мал басына күн ту­ған­да құзырлы орындар неге жайба­рақаттық танытуы тиіс? Жекенің малы тек статистика үшін керек пе?

– Нарыққа көшкелі бері ұжымдық мен­шіктегі мал шаруашылықтары қалған жоқ. Бірақ халықты етпен, сүтпен қамтамасыз етіп отыр­ған осы жеке қожалықтар мен ша­руа қожа­лықтары ғой. Мал қы­рылса ел ашы­ғады, ел ашықса, тыныштық пен тұрақ­тылыққа қатер төнеді. Олай болса, жекеменшіктің малын аман алып қалу үшін жемшөп мәселесін шешу – мемлекеттік маңызы бар іс.

Еліміздің бүкіл ауыл ша­руашылығы жекеменшік сектордан тұрады. Олар­дағы жағдайды бақылауда ұстау, мал басын өсіру, мал ауруларының алдын алу, азық-түлік қауіпсіздігі деген шаруаларды үйлестіру, өзекті мәселесін шешу үшін бюджеттен, салық төлеу­шілердің қаржысынан қар­жы бөліп, Ауыл шаруашылығы министр­лігін, облыстық бас­­­қармалар мен аудандық бө­лім­­дерді, инспекцияларды, стансаларды, ғылыми-зерттеу институттарын ұстап отырмыз. Жекенің шаруасын мемлекеттік деңгейде қарап отырғанымыздың дә­лелі осы емес пе?! Осы мем­­лекеттік құрылымдар бар, облыс, аудан әкімдері бар – ең болмағанда ертедегі колхоз басшыларының қолы­нан келген қарапайым жұмыс тәсіл­дерін атқара алмай ма? –  деп жазды күні кеше мемлекеттік қызметтен зейнетке шыққан ардагер Айкүміс Досанова әлеуметтік желіде.

Тұрғындардың бірі тал егу қажет десе, екіншісі бұлтты атып жаңбыр жаудыру технологиясын ұсынды. Бұл жұмыс­тардың қаншалықты нәтиже беретіні белгісіз, берсе де ол – болашақтың жұмысы, ал Маң­ғыстаудың малына көмек қазір қажет. Маңғыстаулықтар енді «Төтенше жағдай жариялау керек» деп шықты. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей, мұның бәрі – даукестің лаңы емес, нақты қиын жағдайдан туын­даған жанайқай болатын.

Мал өлімі көбейіп, ха­лық даусы қатты шығып, мә­селенің ушығып бара жат­­қанын енді аңғарған құзыр­­лы орындар Үкіметке уәжбен шы­ғып, нә­­­ти­же­сінде Маңғыстауға ар­­­найы ко­миссия ат басын тіреді. Облыс әкім­­дігі бас­па­сөз қыз­меті хабар­лаған мә­ліметке сүйенсек, аудандарды аралап, өңірлік кәсіпкерлік кеңе­сінің кезекті отырысына қа­тысқан Мәжіліс депутаттары Аманғали Бер­да­лин, Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев және Ауыл шаруашылығы министр­лігі құрған арнайы Маңғыстау облы­сының ауыл шаруашылығы сек­торын­дағы проблемалық мәсе­ле­­лер бойынша шешімдер әзір­леу жөніндегі жұмыс то­бының мүшелері өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің мәсе­лелерін талқылаған. Бас­қосуда Маң­ғыстау облыстық ауыл шаруа­шылығы бас­қар­масының басшысы С.Қал­дығұл саладағы кезек күт­тірмейтін мәселелер бойынша баяндама жасады. Айтуынша, биыл өңірге жауын-ша­шын­ның аз мөлшерде түсуінің сал­дарынан мал азығын да­йындау қиынға соғып отыр. Бүгінде облыста шаруаларға қа­жетті жемшөп қорын бас­қа облыстардан тасымалдау мақсатында келіссөздер жүргізілуде. Осыған орай, қазынадан 117 млн теңге қар­жы бөлу туралы өтінім берілген. Өйткені өзге ай­мақтан әкелінетін жем­шөп­ті тасымалдауға кететін шығын­дар көлемін жергілікті бюджет есебінен суб­сидиялау мә­селесі қарастырылып жатыр. Бұған қоса, жайылымдық алқаптарды суландыру үшін аридтік аймақтарда құдық қазу жұмыстарына кеткен шығынын 50%-ға дейін субсидиялау мөлшерін 80%-ға дейін өсіру, бір құдықтан суландыру көлемін 2 мыңнан 500 гектарға дейін төмендету, қазыл­ған құдықтардың сор­ғыларына пайдаланылатын энер­гия көзі – күн сәулесін тарту панелінің құнын және басқа облыстардан темір жол арқылы әкелінетін жемшөп тасымалының шығындарын субсидиялау, малға қажетті жемді тұрақты бағамен алып отыру сияқты ұсыныстар ен­гізілген.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық ұсыныс жинақталып, тол­ты­рылған хаттама Маңғыстау өңіріндегі құрғақшылық мәселесін ше­шу мақсатында тез арада шұ­ғыл шешім қабылдау үшін Үкіметке жолданады екен. Қазіргі таңда өңірде қанша мал шығыны болғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ тиісті мемлекеттік орындар шешім шығып, көмек ұйым­дастырғанша әлі қанша мал опат болары белгісіз. Қолдарын уақытынан кеш сермеген облыс басшылары жұртқа не айтады?

Тағы бір «қызықты» қа­раңыз: облыс бойынша төрт түлік малды қыста азықпен толықтай қамтамасыз ету үшін 76 500 тонна шөп және 37 500 тон­на жем қажет екен. Зоотехникалық норма бо­йын­ша азық-түліктің 100 күн­дік, яғни үш айлық қоры жасақталуы керек болса, Маң­ғыстау облысында мал жыл бойы жайылымда болуы себепті бір айға есептеледі екен. Жерде шөп жоқ­­тықтан, мал қырылып, иелері жылап жүрсе, қайдағы «жыл бойғы жайы­лым»?!

Түйіндей айтқанда, алдын­дағы малы сиреп, қалтасы да, жүйкесі де жұқарған маң­ғыстаулық шаруаларға қол­жетімді бағамен жемшөп жет­кізіп беру ісін жедел ұйым­­дастыру керек. Тұр­ғын­­дар «Маңғыстауда тө­тенше жағдай жарияла­нып, шұғыл көмек ұйымдас­ты­рылуы тиіс» деп талап етіп отыр. Ал олардың талап-ті­легін арқалап кеткен комиссия не шешері белгісіз...