Аймақтар • 02 Маусым, 2021

Алыстағы ауылдың ахуалымен танысты

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арнасы түскен Сырдария проблемасы облыстың барлық аудандарына зардабын тигізіп-ақ отыр. осының салдарынан Кіші Арал мен теңізді аудандағы бірнеше ірі көл тартылып барады.

Алыстағы ауылдың  ахуалымен танысты

Осыған орай облыс әкімі Гүл­шара Әбдіқалықова Арал, Қазалы аудандары­на сапарлап, бірқатар елді­мекендерді аралады.  Аймақ басшысы алдымен Арал ауданындағы Саркөлдің мәселесіне назар аударды. Осы аумақтағы ірі су айдындары Лай көл, Сар­көл, Қамбаш көлдері жаға­лауларынан жырақтап, жиегі балшыққа айналған. Ең қиыны, су ішуге барған аяқ­­ты мал ұйыққа батып, көл жа­ғасында өлексе кө­бейіпті. Қуаң­шылық салдарынан жайылым аясының тарылғаны да елде­гілерді ты­ғырыққа тіреп отыр. Ауыл­дағыларды көктемде шық­қан көктің жаз тумай күйіп кеткені де  алаңдатады. Өріске айда­ған малының иістенген көл суын іше алмай қаталап, күннен күнге күйі тайып бара жатқаны да ауылдағылар үшін аз уайым емес.

Аманөткел ауылдық окру­гі әкімі аппараты ерік­ті жастардан арнайы топ жасақтапты. Олардың мін­деті малдың ұйыққа батып қалмауын қадағалау. Тар­т­ыл­ған көл мен тауқымет тарт­қан елдің жағдайын көз­бен көрген Гүлшара Әбді­қалықова Сырдария арна­сының түсіп кетуі көптеген салаға қиындық тудырып жатқанын айтып, мәсе­­лені шешу бағытында ат­қа­­ры­­лып жатқан шараларға тоқ­талды.

– Бұл проблема ауыл­ша­руа­шылық саласына айтар­лық­тай қиындық келтіріп отыр­ғанын көріп отырсыздар. Осы мәселеге байланысты жуырда облысымызға сапармен келген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов трансше­каралық өзендегі мәселеге қа­тысты мемлекетаралық ке­­лісім­дердің жасалып жат­­­қандығын айтты. Біз де жиында министрлікке ұсы­­нысымызды жеткіздік. Сон­­­дықтан су тапшылығы проб­лемасы алдағы уақытта шеші­мін табады деп үміт­тенеміз, – деді Гүлшара Әбді­қалықова.

Аманөткел ауылдық окру­гіндегі жағдаймен та­ныс­қаннан кейін аймақ басшысы орынбасары Бақыт Жахановқа мәселені күн тәртібіне шығаруды жүк­теп, аудан әкімі Серік Серма­ғанбетовке облыстық экология департаменті, басқа да құзырлы органдармен бірлесіп мәселенің оңтайлы шешілу жолдарын қарауды тапсырды.

Облыс әкімі Арал ауда­ны­нан кейін Қазалы ауданы Жа­лаң­төс батыр ауы­лындағы егіс алқабын көрді. Ауылмен аттас серіктестік биыл 1560 гек­тар жер­ге дән сепкен. Оның 700 гек­­тары – күріш, 150 гектары – жаз­дық бидай. Топырақ құ­нарын арттыру мақсатында шаруа­шылық жоңышқа да егеді. 

Облыс әкімі аудан бас­шы­лығы мен сала мамандарына шаруа­шылықтарға суды кезек­пен беруді ұйым­дастыруды тап­сырды. 

 

Қызылорда облысы