Доданың басты мақсаты – адам мен табиғаттың өзара әрекеттесу мәселелеріне қоғам назарын аудару, табиғи алуантүрлілікті сақтау және қоршаған ортаға деген құрмет идеясын кеңінен насихаттау. Ұйымдастырушылар жануарларға жасалатын қатыгездіктің алдын алу мен жанашырлық сезімін ояту, өсімдіктер әлеміне ұқыпты қарау идеяларын өнер туындылары арқылы кеңінен дәріптеу қажет деп есептейді.
«Байқауға арналған сайтта 782 адам тіркеліп, 1515 сурет сайысқа түсті. Суреттердің басым көпшілігі композициялық тұрғыдан әдемі болғандықтан қазылар алқасының алдында үлкен жауапкершілік пен қиын таңдау тұрды. Жалпы, экологиялық ағартушылық, экологиялық сананы көтеру жұмысының бір бөлігі ретінде осы байқауды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне арнап министрліктің қолдауымен бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Аймақтардағы экология, жануарлар әлемі проблемаларын осындай фотосуреттер арқылы көрсетуді мақсат тұттық», дейді National Geographic Qazaqstan журналының бас редакторы Еркін Жақыпов.
Үш кезеңнен тұрған бағалаудан кейін қазылар алқасы 4 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады. Қас қағым сәтті мәңгілік тарихқа айналдырған Александр Власюк Melolontha туындысымен топ жарса, белгілі фотограф – Фархат Қабдықайыров «Бәбісек балапанын тамақтандыру» атты еңбегімен көш басынан көрінді. Қазақстан пейзаждары аталымында «Хан Тәңірі» туындысымен Ернұр Манапхан дара шықса, Қазақстан жан-жануарлары аталымында Павел Михеев «Соперник» атты фотосуретімен жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ «Туранга Групп» компаниясы атынан «Аюсай» аталымын «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің фототілшісі, әріптесіміз Ерлан Омар иеленді. Іле-Алатау паркіндегі әйгілі шатқалдың атымен аталған аталым ұлттық парктердің табиғатын шебер бейнелеген қатысушыларға ұсынылады. Отандық әуесқой және кәсіби фотографтар арасындағы байқаудың әр аталым жеңімпазына 300 мың теңге сыйақы табысталды. Табиғат пен жануарлар әлемін әйгілеген додада топ жарған фотосуреттерді қоса жариялап отырмыз.
АЛМАТЫ