Осымен сегізінші рет ұйымдастырылған өнер додасына Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары атынан 36 үміткер қатысып, бақ сынады.
Құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ғалым Мұхамедин, Рамазан Стамғазиев, Талғат Ыдырысов, Жақсыкелді Кемалов, Айтбек Нығызбаев, Ербол Айтпаев және «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын бар қазылар алқасы байқаудың бас жүлдесіне Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Ақжол Өсербайды лайықты деп тапты.
Бірінші жүлде Қазақ ұлттық консерваториясының тағы бір студенті Нұрболат Ұзақбайға бұйырды. Екінші орынды павлодарлық Дәуренбек Сләмғали мен алматылық Қастер Қабдел иеленді. Ал үшінші жүлде қазылар алқасының шешімімен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Айбала Бейсенова мен Айбек Рымғалиға және Мемлекеттік академиялық филармония атынан қатысқан Алуа Қалымбековаға бөліп берілді.
Бұдан бөлек, ән байқауының қорытындысы бойынша Қали Байжанов атындағы арнайы сыйлық Сәулет Аманғазинге, Манарбек Ержанов атындағы арнайы сыйлық Айдос Саниязбекұлына, Мәдениет Ешекеев атындағы арнайы сыйлық Қостыбай Қажыбиге және Рымбай Бөдесов атындағы арнайы сыйлық Бекзат Ермекбайға табыс етілді. Аталған өнерпаздардың барлығы да Алматы қаласынан келіп бақ сынады. Ал Мейірхан Адамбеков атындағы арнайы сыйлықты қызылжарлық әнші Еркебұлан Қарыпов иеленді.
Жеңімпаз және жүлдегер өнерпаздарға лайықты сый-сияпат жасалды.
ҚАРАҒАНДЫ