«Бүгін қазақ философиясы ғылымы ауыр қазаға душар болды. Әйгілі ойшыл-философ Ағын Қасымжановтың ізбасары, көрнекті ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Сағади Байұзақұлы Бөлекбаев дүниеден озды. Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына кафедра ұжымы атынан қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын!», делінген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасы таратқан хабарламада.
Профессор Сағади Бөлекбаев – жарты ғасырға жуық ғұмырын ғылым мен ұстаздыққа арнаған белгілі ғалым, педагог, қоғам қайраткері, Саяси ғылымдар және Заң ғылымдары академияларының академигі. ҚР БҒМ-нің ұлттық сарапшысы, Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесшісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері жөніндегі комитеті сарапшылар кеңесінің мүшесі, Алматы қаласындағы ақпараттық-талдау орталығының мүшесі болған.
Профессор Сағади Бөлекбаев шетелдік ғылыми орталарда да танымал тұлға. Ғалымның 50-ден астам ғылыми еңбегі Чехия, Польша, Нидерланд, Германия, Пәкістан, Ресей, Украина, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Әзербайжан және т.б. елдерде жарияланған.