Спорт • 02 Маусым, 2021

Балуандар Будапештте бақ сынайды

213 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

6-13 маусым күндері Мажарстанның бас шаһары – Буда­пештте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында кезекті әлем чем­пионатының жалауы желбірейді. 14 салмақ дәрежесі бойынша өтетін бәсекелер барысында келесі айда Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойында­рына қатысатын балуандардың соңғы легі анықталады. Сол себепті де барлық мемлекеттің мар­қасқалары алдағы байрақты бәсекеде барын салып, рейтингтегі жағдайларын жақсарту үшін еш аянып қалмайтыны анық.

Балуандар Будапештте бақ сынайды

Жапондар ойлап тапқан күрес­тің бұл түрінен әлем чемпио­натының тұсауы сонау 1959 жылы кесілген еді. Алғашқы уақытта татамиге тек ерлер шықса, 80-ші жылдардың басында бұл дүр­мекке әйелдер де қосылды. 1956-1991 жылдары ерлер арасында ұйым­дастырылған 16 жарыстың барлығында да Жапония құрамасы қарсыластарын шыдатпай, жалпыкоман­далық есепте жеке-дара көш бас­тады. Сол бақандай 35 жыл уақыт аралығында небәрі 10 мемлекеттің өкіліне бас жүлдені олжалау бақыты бұйырған екен. Олар – КСРО (11 рет), Франция (6), Германия (5), Оң­түстік Корея (5), Ни­дерланд (3), АҚШ (1), Ұлыбритания (1), Аус­трия (1) және Югославия (1). Өзге алтын­дардың барлығы да жапондардың еншісінде. Бір­ден айта кетейік, Кеңес Одағы тұсында Қазақстанның бірде-бір дзю­дошысы жеңіс тұғырына кө­терілмек тұр­мақ, аталған жарыс­тарға қатысқан да жоқ.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионаттарына 1993 жылдан бері үздіксіз қаты­сып келеді. Сол кезден бері атал­ған жарыстың жалауы 17 мәрте желбі­реді. Бұл бәсекелердің дені Жапония дзю­дошыларының айқын жеңісімен аяқталды. Атап айтсақ, жалпы есепте олар 13 мәр­те көш бастады. Әсіресе, Күн­шығыс елінің өрендері үшін 1999, 2010, 2015 және 2017 жылдары аса табысты болды. Бирмингем, То­кио, Астана және Будапештте өт­кен додалардың әрқайсында жа­пондардың төрт жігіті топ жарды. Олар тағы үш жарыста үш рет­тен жеңіс тұғырының ең биік саты­сына көтерілді. Ал өзге алты бә­секеде Жапония құрамасына қос алтынның өзі-ақ командалық есеп­те көш бастау үшін жеткілікті болды.

Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста жапондар төрт рет алтын тұғырды өзге ел­дің балуандары­на босатты. Мәсе­лен, 1997 жылы Парижде бас жүл­денің үшеуіне қол жеткізген оңтүс­тіккореялық оғыландар оз­ды. 2001 жылы Мюнхенде Ре­сей құрамасының қар­қыны өте күш­ті болды. Көрші мемлекеттің марқасқалары үш алтынды мойын­дарына ілді. Осы бәсекелердің екеуінде де Жапония екінші орынды қанағат тұт­ты. 2007 жылы Рио-де-Жанейрода да жа­пондардың жолы болмады. Бұл бә­секелерде жергілікті балуандар үстем­дік құрды. Үш алтынды олжалаған Бра­­зилиядан бөлек, Токиодан кел­ген татами шеберлері Франция мен Грузиядан да қалып қойды. Қорытындысында Нидерландпен бірге төртінші және бе­сінші орындарды өзара бөлісті. 2009 жылы Роттердамда тағы да Оңтүстік Ко­рея құрамасы қарсылас шыдатпады. Олар бас жүлденің екеуін қоржынға салды. Осы орайда, Күн­шығыс елінің дзюдошылары әлем чемпионатынан тұңғыш рет алтын медальсыз оралғанын айта кетуге тиіспіз. Олардың сүреңсіз өнер көрсеткені соншалық, Нидер­ландта бар-жоғы 1 күміс пен 1 қо­ланы қанағат тұтып, қалың топтың арасында қалып қойды.

Қазақстанның дзюдошылары тұңғыш рет 1993 жылғы дүние­жүзілік додада бой көрсеткенін жо­ғарыда айттық. Алайда Канаданың Гамильтон қаласында өткен ж­арыс­та жерлестеріміз тегістей ұтылды. Содан кейін де жолымыз біразға дейін оңғарылмады. Анықтап айтсақ, 1995 жылы Тиба, 1997 жылы Париж және 1999 жылы Бирменгемнен қоржынымыз бос қайтты. Тек 2001 жылы Герма­нияның Мюнхен шаһарында шы­мылдығы түрілген әлем чемпионатында ғана алғаш рет медальдың сыңғырын естідік. Неміс жерінде барша қазақ жанкүйерлерін қуа­ныш пен шаттыққа бөлеген екі Асхат – Шахаров (73 кило) пен Жіткеев (100 кило) еді. Олардың екеуі де қола медальды еншіледі.

Мюнхендегі тырнақалды табысымыздан кейін алдағы уақытта қа­зақ дзюдошылары төрткүл дүние­нің теңдессіздері бас қосқан дүбірлі додаларда жиі дараланатын шығар деп үміттендік. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Жігерлі жігіттеріміздің жеңіс тұғырынан қол бұл­ғаған сәтін ұзақ күтуге тура келді. 2003 жылы Осака, 2005 жы­лы Каир және 2007 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жарыс­тардан ерлеріміздің еңселері түсіп қайтты. Расында да, не Азия, не Африка, не Америка құрлықтарында өткен байрақты бәсекелерде жүлде алу бақыты бізге бұйырмады. Ал 2009 жылы Нидерландтың Роттердам қаласында Қазақ елінің әнұраны алғаш рет шырқалды. 100 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Максим Раков небір апайтөстердің аяғын көктен келтіріп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Шешуші сайыста жерлесіміз жергілікті балуан, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы Хенк Гролды жеңді.

2011 жылы Парижде тағы дәл сол Максим Раков жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ақтық сынға дейін барлық қар­сыласын бет қаратпай ұтқан сайыпқы­ра­нымыз финалда сүрінді. Шешуші тұста ол ресейлік Тагир Хайболлаевтың осал тұсын таба алмады. Сол кезге дейін Еуро­па біріншілігінде топ жарып үлгерген да­ғыстандық дзюдошы араға бір жыл салып Олимпия ойындарының жеңім­пазы атанғанын жанкүйерлер жақ­сы біледі.

2013 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында Азамат Мұқановтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Сол кезге дейін самбоны серік етіп, толағай табыстарға қол жеткізген қандасымыздың татамиге табаны тигені кеше ғана еді. Соған қарамастан Ат­лант мұхитының жағалауында ол керемет өнер көрсетті. Тұ­сау­кесер кездесуінде Еу­ро­па чемпио­ны, сол жарыстың үш дүр­кін қола жүл­дегері ко­ман­далық сайыста әлем чем­пионатының кү­­міс жүлдегері, ресейлік Әлім Гадановты «ауырту» әді­сі­­мен ұтты. Екінші кезеңде син­гапурлық Жоэль Ценг­тің сілік­песін шығарды. Үшінші айналымда ұлыбританиялық Коллин Оттистің осал тұсын табу үшін небәрі 19 секунд жеткілікті болды. Одан кейін жапониялық Масааки Фукуокамен белдесті. Дәл осы спортшы Азаматты Азия чемпионатының алтынынан айыр­ған еді. Бұл жолы қазақтың ұлы жапонды қос жауырынымен жерге қадады. Жартылай финалда әлем және Еуропа чемпионы, әлем жә­не құрлық чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, украи­налық Георгий Зантараяны «вазари» әдісімен ұтты. Финалда Жа­понияның бас жұлдызы, Лон­дон Олимпиадасының қола жүл­дегері, әлем чемпионы Масаши Ебунимаға есе жіберген Мұқанов күміс медальды иеленді.

Негізі Рио-де-Жанейро төрін­де тө­селген татамиде Азамат Мұ­қановтың әлем чемпионы атануы­на барлық мүмкін­дігі болды. Бра­зилия сапарынан елге орал­ған бетте қазақ балуанымен тілдесудің реті келген еді. Сол кезде Азамат өзінің шешуші тұстағы сәтсіздігін былай деп түсіндірген еді:

«Атағы алысқа жайылған Ебу­нимаға қарсы мен «бес қаруымды асынып» шық­тым. Бәсеке барысында оның еркін көсілуіне еш мүмкіндік бермедім. Тіптен айқын жеңіске қол жеткізуіме де болар еді. Бәсеке бел ортадан асқанда «ауырту» әдісін жасамақ болып, оны жерге жығып алдым да, қолын оңдырмай қайыр­дым. Әдетте ондай аса қауіпті жағ­дайдан құтылу өте қиын. Бірақ жапон жігіті жанкешті екен. Жаны көзіне кө­рінсе де, соңына дейін шыдап бақты. Екеуміз қайта тік тұрып күрестік. Сол кездері ол қолының сіңірі созылғандай сыңай танытты. Өңі бұзылып, жыларман болды. Ашық айқастан қашқақтап жүрді. Мен «жапонның саудасы бітті-ау» деп ойладым. Бір мезетте жан ұшыра жылдамдықпен ұмтылған әккі балуан көз ілеспес қимылмен әдіс жасады. Мен қор­ғанып үлгермедім. Ол таза же­ңіске қол жеткізді. Сол кезде ғана Ебуниманың мені алдап соққанын түсіндім».

2015 жылғы әлемдік дода елор­дамызда ұйымдастырылды. Жарыс өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өтіп жатқандықтан, бір жақ­сылықтың болатынын ішіміз сезді. Айт­қандай-ақ, аса жеңіл салмақта белдескен Алаштың айбынды екі азаматы – Елдос Сме­тов пен Рустам Ыбыраев бар­­лық қарсыластарын сыпыра ұтты. Жар­тылай финалда Сметов жа­пониялық Шишеме Торуды тізе бүктірсе, Ыбыраев моңғолиялық Гандбат Болдбаатардан басым түсті. Осы­лайша, екеуінің жолы финалда түйісті. Бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін балуандар шешуші сында әбден тіресті. Бұл тартысты өз пайдасына шешкен Елдос әлем чемпионы атанса, Рус­там күміс медальды кеудесінде жарқыратты. Қазақтың серке ұлда­рының жеңіс тұғырында марқайып қатар тұр­ғанын көргенде «Алау» спорт кешеніне жиналған сан мың көрерменнің қуаныш пен шаттыққа бөленгені күні кешегідей көз алдымызда.

2017 жылы Будапештте біздің жігіттер тегістей ұтылса, 2018 жы­лы Бакуде жалауы желбіреген жарыста Ерлан Серікжанов ерледі. Бұрын-соңды бұл балуанның биік белестерді бағындырғанын көрген жоқ едік. Десек те Каспий теңізі жағалауында Серікжанов өзін жақсы қырынан көрсетті. 66 кило салмақта күш сынасқан ол фи­налға дейін қарсы келгендерді қоғадай жапырды. Соңғы сайыс­та әлем чемпионы, жапониялық Хифуми Абэге жол берген Ерлан күміс медальды иемденді.

2019 жылғы әлем чемпионаты Жа­понияның бас шаһары – Токиода ұйым­дастырылды. 60 кило салмақта бақ сы­наған қаз­ақстандық дзюдошылардың екеуінің де жеңіс тұғырына көте­рілуіне мүмкіндіктері болды. Сол мүмкіндікті Елдос Сметов жақсы пайдаланды. Ширек финалда жергілікті спортшы Рюдзю Нагаямға есе жібер­ген ол жұбаныш бәсе­ке­сінде тайпейлік Юн Вэй Янді ұтты. Ғұсман Қыр­ғызбаев жартылай фи­нал­да өзбекстандық Ша­рафутдин Лутфуллаев­тан жеңіліп қалды. Сөйтіп қола медальды қа­зақтың қос балуаны өзара сарапқа салды. Бұл бә­секенің негізгі бөлігінде жеңім­паз анықталмағанымен, қосым­ша уақытта Елдос ерледі. Коман­далық әріптесін «иппонмен» ұтқан ол қола жүлдегер атанса, Ғұсман бесінші орынды қанағат тұтты.

Токиодағы әлем чемпио­на­тының қо­рытындысы бойынша жалпыкоман­далық есепте Жапонияның жігіттері озды. Бұл жа­рыста татами қожайындары 2 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қор­жынға салды. Осылайша, олар қатарынан сегізінші рет командалық есепте көш бастады. Екінші орында – Нидерланд құрамасы. Қызғалдақтар елінің өкілдері 1 алтын мен 2 қоланы ол­жалады. Үшінші сатыға Гру­зия жайғасты. Қап тауының қырандары 1 алтын мен 1 қоланы еншіледі. Ал өз сал­мақ дәрежелері бойынша гру­зиялық Лукум Чхвимиани (60 кило), жапониялық Дзесиро Маруяма (66 кило) мен Сехэй Оно (73 кило), израильдік Саги Муки (81 кило), нидерландтық Ноэл ван ‘т Энд (90 кило), порту­галиялық Жорже Фонсека (100 кило) және чехиялық Лукаш Крпалек (+100 кило) сынды балуандар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Санаулы күндерден кейін Ма­жар­станда жалауы желбірейтін жарыста са­йысқа түскелі отыр­ғандар арасында екі бірдей сақа спортшымыз жоқ. Бірін­шісі – 60 кило салмақтағы Рио Олим­пиа­дасының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Ел­дос Сметов. Қазақстан ұлттық құра­масының бас бапкері әрі оның жеке жаттықтырушысы Ға­лымжан Жылкелдиевтің айтуынша, шәкіртіне Токиодағы додаға еш алаңсыз даярлануына мүм­кіндік беріліп отыр. Оның үстіне, Елдостың аздаған жарақаты бар. Соны да дереу емдеу керек. Екіншісі – Ерлан Серікжанов. 66 кило салмақта күресетін балуа­н осыдан үш жыл бұрын әлем чемпио­натында күміс медальды мойнына ілген еді. Қазіргі кезде Ерланның да ескі жарақаты сыр беріп жүрген көрінеді.

Будапешттегі ерлер арасындағы бәсекеде барлығы тоғыз дзюдошы Қазақ елінің намысын қорғайды. Олар – Ғұсман Қырғызбаев пен Мағжан Шамшадин (60 кило), Елдос Жұмақанов (66 кило), Жан­сай Смағұлов пен Аңсарбек Ғай­нуллин (73 кило), Дидар Хамза (81 кило), Ислам Боз­баев пен Ер­сұлтан Мұзапаров (90 кило) және Ерасыл Қажыбаев (+100 кило). Құрама бапкерлері 100 кило салмақ дәрежесіндегі балуандарды бұл жарысқа қоспауды жөн көріп отыр. Өйткені бұл салмақтағы өрендеріміз Олимпиада жолдамасы үшін таласу мүмкіндігінен әлдеқашан айырылған.