Үкімет • 03 Маусым, 2021

Халық санағын сапалы өткізу қажет

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасында халық санағын өткізу жөніндегі арнайы комиссияның кезекті отырысы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтті.

Халық санағын сапалы өткізу қажет

1 маусымда аймақтарда тұрғындар мен тұрғын емес үй-жайлардың мекенжай­­ларын жаңарту және оларда тұратын тұр­ғын­дарды нақтылау мақ­сатында сұхбат беру­шілер елді мекендерді аралауды бас­тады.

Халық санағына дайын­дыққа шамамен 6,5 мың адам тарту жоспарлануда.

Толық санақ құрамы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Атырау, Батыс Қазақ­стан, Қостанай, Қызыл­ор­да облыстарында жасақ­тал­ған. Бұған қоса, бұл ай­мақ­тарда індетке қарсы екпе алған сұхбат берушілердің пайызы жоғары.

Кездесу қорытындысы бо­йынша Әлихан Смайылов бірқатар нақты тапсыр­ма берді. Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары­ның әкімдік­тері және Ұлттық статистика бюросы, Білім және ғылым, Денсау­лық сақтау министр­ліктерімен бірлесіп, жұмыссыз халықты, ерікті ұйымдарды, студенттерді екпе алғаннан соң, сұхбат­тасу­шы ретінде тарту бойынша жұмысты күшейтуі тиіс.

Полиция департамент­терімен бірге облыстық әкім­діктер халық санағы кезінде санақ қызметкерлерінің қауіп­сіздігін жер­гілікті деңгейде қамтамасыз етуі, сондай-ақ теріс пиғылды адамдардың алаяқтық әре­кеттеріне жол бермеуі керек.

Сондай-ақ Ә.Смайылов са­нақ науқаны аяқталғанға дейін елді мекендердің құрам­дас бөліктеріне (даңғылдар, көшелер, аллеялар және т.б.) жаңа атау беру туралы мора­торийді сақтауды тапсырды.

Халық санағы кезінде алынған жеке мәліметтер құпия болады және «Мем­ле­­кеттік статистика туралы» Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Заңына сәйкес қорғала­ды.

«Мемлекет тарапынан қабылданып жат­қан шешім­дердің тиімділігі алын­ған мәлі­меттерге байланысты болады. Санақ нәтижелері мектеп, балабақша, емха­наларды салу бойынша бюджетті жос­­пар­лауға және еліміздің әр­бір әкімшілік-аумағында халық­қа көлік қызметін ұсыну үшін қажет. Санақ деректері әлеуметтік саладағы, білім беру­дегі, денсаулық сақ­таудағы, тұрғын үй құрылы­сындағы және жұмыс орындарын құрудағы мем­лекеттік бағдарламаларды іске асыруда маңызды. Сондықтан бұл шараның маңыздылығын ескере келе, біз бұл науқанды сапалы өткізуіміз керек», деді Ә.Смайылов.