Мәселен, биыл Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмекпен 95 430 адамды қамту жоспарланған. 1 мамырға дейін атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 12 690 отбасы өтініш берген. Алайда оның ішінде 3 102 отбасына көмек тағайындалмаған. Ал 9 588 отбасындағы 49 063 адамға атаулы әлеуметтік көмек беріліпті. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасатын болады.
«Өңір тұрғындарынан 7 658 отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалған. Ол 41 692 адамды құрайды. Сонымен қатар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 010 адам тартылып, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 325 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа 323 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 35 адам, қайта даярлау курсына 1 адам және жастар тәжірибесіне 1 адам жолданған. Жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 325 отбасы 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант алған. Кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 24 989 бала қамтылады деп жоспарлануда. Ал қаңтар-сәуір айларында 1 жастан 6 жасқа дейінгі 10 567 бала кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілді», дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.
Әрине, мемлекет тарапынан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тек атаулы әлеуметтік көмек қана беріліп отырған жоқ. Сонымен қатар өңірде жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып ашылған бірқатар әлеуметтік дүкендер бар. Қазіргі кезде Тараз қаласының өзінде 14 дүңгіршек жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 8 дүңгіршек заманауи үлгіде жабдықталған. Облыстың бірқатар аудандарында да мұндай нысандар жұмыс істейді. Мұндағы сөрелерге негізінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері қойылып, нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен бағада саудалануда. Сондай әлеуметтік дүкеннің бірі – облыс орталығындағы «Қарасу» алабында орналасқан. Мұнда келушілер көп. Дүкен сатушысы, көпбалалы ана Хамида Сауранбек мұнда ағымдағы жылдың ақпан айынан бері жұмыс істейді екен. Ол шынында да бұл дүкендегі тауарлардың нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан екенін айтты. Мәселен, мұнда бір кило қант 220 теңгеден, бір кило күріш 240 теңгеден, бір литр сұйық май 560 теңгеден, нан 85 теңгеден сатылуда. Мұның да өңірдегі аз қамтылған отбасылар үшін айтарлықтай көмек екені сөзсіз. Енді тағы да 7 әлеуметтік дүкен салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Тараз қаласының аумағындағы «Шөлдала» алабында, сондай-ақ, Жуалы, Байзақ және Жамбыл аудандарында да дүңгіршектер орнатылады.
Осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласында тұратын көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 45 пәтерлік тұрғын үй табыс етілген болатын. Бала-шағасымен жаңа баспанаға қоныстанған отбасылардың қуанышында шек болған жоқ. Бұл үрдіс бүгін де әкімдік тарапынан жалғасын тауып келеді. Облыс орталығындағы «Арай», «Қарасу» және 15-шағын аудандарында жаңа салынған тұрғын үйлерден жүздеген пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді. Жалпы, өңірде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында жұмыстар жалғасуда.