Әлем • 03 Маусым, 2021

Әлем тығырықтан қашан шығады?

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемия ызғары былтырғыдай емес. Десе де қауіп бұлты біржола сейілді деуге ерте. Биылға болжам жасап, келер жылы болуы мүмкін кейбір факторларға көз жүгірткен Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ендігі ахуал­дың қалай болары вакциналауға байланысты деген бай­лам жасады.

Әлем тығырықтан қашан шығады?

Кейбір елдерде жағдайдың біртіндеп оңалып келе жатқаны белгілі. Ұйымның болжауынша, Оңтүстік Корея мен АҚШ жан басына шаққандағы та­быс­тың пандемияға дейінгі деңгейіне 18 айдан кейін жетпек. Яғни бір жарым жылдан соң. Кәрі құрлықтың көп еліне толық қалпына келу үшін 3 жылдай уақыт қажет көрінеді. Бұл жағдай Мексика мен Оңтүстік Африкада 3 жылдан 5 жылға дейін созылуы мүмкін.

«Биыл әлемдік экономи­ка­лық өсім 5,8 пайызды құрайды деп күтіледі. 2022 жылы әлемдік ІЖӨ өсімі 4,4 пайызға жетеді. Бірақ 2022 жылдың соңына қарай дүниежүзілік кіріс дағ­дарыс­қа дейінгі күтілімнен шамамен 3 трлн долларға аз болады. Халқын COVID-19-ға қарсы жедел вакциналаған және инфекциямен күресте тиімді стратегия құра алған елдерде экономика жылдам қал­пы­на келеді. Мысалы, АҚШ-та жұмысқа ұсыныс саны өсіп жатыр, әсіресе туризм саласында. Экономикасы жақсы дамыған көптеген елде иммундалу дең­гейі де өсім көрсетуде. Бірақ кедей және нарықтық эко­номикаға сүйенген мемлекеттер арт­та қалып жатыр» делінеді ұйым хабарламасында.

«Біз әлемдік өндіріс биыл 6 пайызға ұлғаяды деп болжаймыз. Көптеген елде ІЖӨ 2022 жылдың аяғында ғана пандемияға дейінгі деңгейге орала алады, бірақ бұл жеткіліксіз. Жаһандық экономиканың өсім траекториясы әлі төмен күйінде қалып отыр. Дамушы елдерде вак­цина көлемі әлі де жеткіліксіз. Вакцинаның бол­мауы бұл елдердің эконо­микасы үшін үлкен қауіп тудырады. Инфляцияның, шикізат бағасының өсуі және сауда-сат­тық саласындағы қиын­дық­­­тар баға қысымына әкеліп соқ­­тыруда. Тек он алты айдан соң ғана бірқатар ел індеттің таралуымен қарқынды күресе бастайды. Қазірдің өзінде мемлекеттер вакцинаның 2 млрд дозасын қолданысқа енгізді, скрининг бойынша да әлеует артып келеді. Мемлекеттік ор­гандардың бұрын-соңды бол­маған қолдау шаралары эко­номиканың құрылымын, кәсіп­орын­дар мен жұмыс орындарын сақтауға көмектесті. Дағ­­­­дарыс тарихына қарасақ, үкі­­­­меттің араласуы қазіргідей соншалықты тез және тиімді болған емес. Қабылданған ша­ра­­лар­дың нәтижесінде өңдеу­ші сектордың аясы кеңе­йіп жа­тыр», дейді ұйымның бас экономисі Лоуренс Бун.