Бұл, әрине үшінші мегаполисте соңғы апталарда індет таралудың жағымсыз көрсеткіштері ескеріліп қолданылған шара. Мысалы, Шымкентте өткен тәулікте коронавирус инфекциясының 46 жағдайы тіркелді. Оның 15-і инфекциялық стационарға жатқызылып, 31 адам үй бақылауына алынды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың дерегінше, қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1 376 орын бар, төсектік орын толымдығы – 37%, яғни 879 орын бос. Инфекциялық стационарда 505 науқас, оның 207-і коронавирустан, 283-і пневмония, 15-і тұмаудан емделуде. Ал жансақтау бөлімінде 31 науқас жатыр. Бір тәулік ішінде қалада 2 647 адам вакцина алған. Жалпы, егу науқаны басталғалы барлығы 175 270 адам вакциналанды. Оның ішінде 85 233 адам вакцинаның екі компонентін алды. Егілген адамдардан кері әсер байқалмаған. Қалада вакциналауға 43 егу пункті жұмылдырылған, 320 термоконтейнер дайындалған.
Жыл басынан бері үшінші мегаполисте COVID-19 инфекциясының 6 145 жағдайы, ал коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмониямен 512 жағдай тіркелген. Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері індет жұқтырған 5 010 науқас емделіп шыққан. Қазіргі таңда қала тұрғындарына қызмет көрсететін, тәулігіне
6 070 тест өткізуге қауқарлы, 11 ПТР зертханасы жұмыс істеуде. Қала тұрғындарын қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз ету де басты назарда. Бұл орайда жыл басынан бері 110 435 азамат тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілген. Ол үшін 3,7 млрд теңге жұмсалған. Бұл қаржы созылмалы аурумен есепте тұратын науқастарға, ауруханада жатқан азаматтарды емдеу шаралары үшін бөлінген. Стационарлық деңгейде биыл жалпы сомасы 5,845 млрд теңге болатын дәрілік заттар және медициналық бұйымдарды жеткізуге келісімшарт жасалған. Сондай-ақ амбулаториялық деңгейдегі 38 медициналық ұйымға 7,2 млрд теңге соммасына дәрілік заттар және медициналық бұйымдарды сатып алуға өтінім ұсынылды. Сатып алу өтінімі бойынша емхана деңгейінде науқастар тегін дәрімен қамтамасыз етілмек.
Эпидахуалдың тұрақсыздығы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қиын соғуда. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, төрт қабырғаға қамалған қариялар туған-туысын аралап, бой жазғысы келетіні заңдылық. Дегенмен бүгінгі жағдайды ескеріп, денсаулығына алаңдайтын ұрпағының ата-әжесін үйден шығарғысы жоқ. Осы орайда аға буын өкілдеріне шипажайлардың көптеп көмегі тиюде. Мысалы, Шымкент қаласының 1 мыңға жуық азаматы жыл басынан бері еліміздің түрлі шипажайларында тегін емделді. Оның ішінде 736 жолдама зейнет жасындағыларға, 393 жолдама мүгедектігі бар азаматтарға берілген. Бүгінде тағы 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жолдама беру жоспарлануда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлімдегендей, «Әлеуметтік портал» арқылы мүгедектігі бар азаматтар үйінде отырып-ақ өз таңдауы бойынша қалаған шипажайына тегін жолдама ала алады. Биыл Шымкентте орналасқан «Денсаулық» шипажайы мен Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» және Тараз қаласындағы «Айша бибі» шипажайлары қызмет көрсетуде.