![Шаңды дауыл шатыр шайқады](/media/2021/06/03/c18b0c587e0d0eca.jpg)
Шаңды дауыл салдарынан қала бойынша 5 көпқабатты тұрғын үйдің, 3 коммерциялық, 2 білім беру нысанының шатырлары ұшып, автокөліктердің, ғимараттардың үстіне құлаған. Жалпы ғимараттардың 3 223 шаршы метр шатыры құлаған, 6 автокөлік зақымдалған. Қазір келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр. Өкінішке қарай, 2009 жылы туған бала зардап шеккен. Бүгінде оның денсаулық жағдайы орташа. Облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда. Үшінші мегаполистің Қаратау ауданы Нұрсат шағын ауданында, Қызыл су, Исфиджаб, Өтеміс, Сайрам, Шапырашты тұрғын алаптарында электр қуаты сөнген. Аудандық электр стансалардың мамандары атқарған апатты қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде, түн жарымға жақын аталған мекенжайларға электр қуаты қайта қосылды.
Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, оқиға орындарында 24 адам, 7 техника, сондай-ақ «ҚазТрансГаз» АҚ Шымкент филиалының, «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-ның, «Су ресурстар маркетинг» ЖШС-ның қызметкерлері мен техникалары жұмыс атқарған. Департаментте жедел штаб құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Коммуналдық қызметтер мен апаттық бригадалар дауыл салдарын жоюда.