Қоғам • 03 Маусым, 2021

Жақсылық сөресі

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақсылық жасауға ұмтылғандар өздерінің ақ ниеті орындалатын оңтайлы жолды таба біледі екен. Таяуда Степняк қаласындағы азық-түлік дүкендерінде жөні басқа, жосығы бөлек, жанашырлығы мол жақсылық сөресі пайда болды.

Жақсылық сөресі

Шағын қаланың тұрғындарын елең еткізген жақсылық сөресін ұйым­дас­ты­руға аудан әкімінің орын­­басары Орынбасар Ахметова, аудандық жұ­мыспен қамту және әлеу­мет­тік бағ­дарламалар бөлімінің басшысы Ырысжан Әбжанова ұйытқы болыпты. Шапағат шуағын төгіп тұратын бағалы бастаманы «Аз-али» дүкенінің ұжымы бірден қолдай кеткен. Аталған іс-шараға кез келген адам қатыса алады. Қайырымдылық акциясы барысында арнайы ашыл­ған сөреге жаны жомарт қала тұр­ғындарының кез келгені әлдебір тауарды сатып алып, қойып кетсе болғаны. Осы жерден әлеуметтік жағынан аз қамтылған немесе қолы қысқа адамдар қажетті затын тегін алады. Қайырымды жандар күнделікті сұранысқа ие тауарларға басымдық беріп отыр.

Ел іші қашанда кең емес пе?! Әрине, бұл арада қала тұрғындары қамқорлық атаулыдан қағажу қа­лып, әлдекімге қол жайып отыр деген ұғым тумаса керек. Ең бас­ты­сы, қайырымдылықтың бүр жарып, көктеген жері осы деп айтсақ, артық болмас еді. Ересектердің осы бір әдемі әрекетін көрген балалар да ата-аналары балмұздақ ал деп берген азын-аулақ тиын-тебенін жақсылық сөресіне жұмсағанын көрген жанның көңілі гүлдеп кетер еді. Қазір жақсылық сөрелері қажетті затқа толы. Тіпті, қоярға орын болмай тұр деп айтуға болады. Зат емес, қамқор көңілдің ақ ниеті ғой толып тұрған.