Сенатор Қанатбек Сафинов дауларды соттан тыс жəне сотқа дейін реттеу институттарын дамыту келешегін медиаторлардың 1000-нан астам мүшесі бар кəсіби қоғамдастығының өкілдерімен бірге талқылады. Сенатор еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына Жолдауында дауларды шешудің балама тəсілдерін дамыту міндетін алға қойғанын атап өтті. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Əкімшілік рəсімдік-процестік кодексте осы саладағы ахуалды жақ сартуға бағытталған. Қанатбек Сафинов əкімшілік жəне басқа да жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың ерекшелігін ескере отырып, қазір «Медиация туралы» заңға жария-құқықтық қатынастар саласында медиацияны жүргізуге қатысты жеке тарау енгізу мəселесі пысықталып жатқанын атап өтті.
* * *
Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев пен Лəззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысының шалғайда орналасқан Қазталов жəне Жəнібек аудандарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Қазталов ауданында депутаттар Сарықұдық жəне Жалпақтал ауылдарында болып, 60 орындық мектептің, спорт кешенінің, 12 пəтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында сенаторлар өңірдегі өзекті проблемалар талқыланды. Нақты айтқанда, сумен қамтамасыз ету, ақбөкендердің популяциясын сақтау, мобильді байланыс желілерін кеңейту жəне жергілікті өзін өзі басқаруды күшейту мəселелеріне назар аударылды. Депутаттар Ресеймен шекаралас Жəнібек ауданының орталығына арнайы барды. Бұл жерде шекаралық өткізу бекеті орналасқан. Оны кеңейту – облыс тұрғындары үшін маңызды мəселелердің бірі.
* * *
Сенаторлар Сүйіндік Алдашев пен Бақтыбай Шелпеков Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асу барысымен танысты. Сенат депутаттары сапар аясында Жаңа Кетік тұрғын үй алабында осы жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған автомобиль жолы құрылысының барысын тексерді. Бұл жобаның маңыздылығын ескере отырып, сенаторлар автожол құрылысын салушыларды жұмысты сапалы жасауға жəне оны уақытында аяқтауға шақырды. Сенаторлар сонымен қатар бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Олардың қатарында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін əрі жақында салынған су тұщытатын 2 қондырғы, сондай-ақ Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында абаттандыру жұмыстары жасалған жағалау да бар.