Президент • 03 Маусым, 2021

Ерболат Досаев Мемлекет басшысына инфляцияның неге үдеп кеткенін түсіндірді

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысына биылғы қаңтар-мамыр айларындағы ақша-несие саясатын жүзеге асырудың алдын ала қорытындылары және әлемдегі іскерлік белсенділіктің қалпына келуі жөнінде, инфляцияның өсуі мен инфляциялық болжамдар аясында орталық банктердің бейтарап ақша-несие саясатына көшуі туралы баяндалды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ерболат Досаев Мемлекет басшысына инфляцияның неге үдеп кеткенін түсіндірді

Президентке ел экономикасы өсімінің оң бағыт алуы және оның биылғы даму перспективалары, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында жекелеген инвесторлар мен резидент емес адамдардың іскерлік белсенділігінің қайта қалпына келуі жайында ақпарат берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа алтын бағасының өсуіне, сыртқы нарықтардағы қолайлы жағдайдың нәтижесінде инвестициялық кіріс пен Ұлттық қорға түскен қаржының артуына байланысты 2016 жылғы қыркүйектен бері алғаш рет Қазақстанның жалпы халықаралық резервтерінің көлемі 95 миллиард АҚШ долларына дейін жеткені айтылды.

Ерболат Досаев Мемлекет басшысына биылғы мамырда инфляцияның 7,2 пайызға дейін үдеу себептері және Ұлттық банктің биылға арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жаңартылған болжамдары туралы жеткізді. Сонымен қатар банк жүйесіндегі теңгелік салымдардың өсу үрдісі және Ұлттық банк есебінен қаржыландырылатын дағдарысқа қарсы Президент бастамаларының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.