«Жас суретшіні бірнеше адам ғана түсінеді. Ал ұлы суретшіні түсінетіндер одан аз». Иә, біз түсінбейміз, тек таң қаламыз. Алдымен Құдайдың шеберлігіне, сосын суретшінің қиялына. Пикассоның пайымы ойлы көрерменнің жанарына тылсым нұрын құяды. Онда жалғыздықтың жұпары, қайғының исі бар. Өзі айтқандай, «жақсы дәм» – шығармашылықтың қас жауы. Ол ғұмырбойы сол дұшпанымен алысты. Ал жеңді ме, жеңілді ме – оны сонынан қалған көркем картиналардан сұраңыз. Солар сөйлесін, біз тағы да таң қалайық.
«Трагедия» картинасын Пабло Пикассоның ең танымал туындыларының біріне жатқызуға болады. Бұл еңбек автордың «көкшулан» кезеңдегі ең жарқын жұмыстарының бірегейі. Шығарма – сол дәуірдің ғажайып жетістігі есебінде ел жадында сақталды. Картина жалт еткен көздің қарасында өмір сүріп, дәл солай өледі десек те, көреген уақыт туындыға ақыры анықтама берді. Кез келген қылқалам иесі мәңгілік өлмеу үшін ғұмыр бойы ережелерге бағынбауға тырысады. Ал Пабло ажалды аузына алған емес. Өлім оның өз болмысында жоқ, әшейін тірілер үшін бар ғана ұғым. Оның картиналарындағы қайғы мен қасірет адамзаттың ақымақтығынан болып жатқан құбылыс ретінде көрінеді.
Шынында, шебер бұл туындыны азап пен қиянаттың отына күйген сәтінде жазды. Ұлы депрессияның орына құлап, шыға алмай қиналған күннің белгісі іспетті. Автордың мұндай күңгірт шығарма жазуына себеп болған – жеке трагедиясы. Жақын досының дүниеден озуы, қаржылық қысым, қоғамның түртпегі әлемнен алысқа алып қашты. Көңіл күй толқынысын тірі жанға айта алмай, алуан түстермен астарлап жеткізді.
Иә, өмір қарама-қайшылықтарға толы. Шебер жан халін қайыршының кейпінде берген. Бірақ қайыршылар бейнеленген картина байлыққа жеткізді. Мұқтаждардың мұңын шаққан туындының құны осыншама қымбат боларын автордың өзі де сезбесе керек. Тек Пикассоға болмыс алдындағы дәрменсіздіктен уақытша қашып құтылуға көмектескендей.
Картинаға көз тастаған әр адам одан өзінің шарасыздығын ғана көреді. Сосын шексіздікпен ұзақ тілдеседі. Біз өмір жолында тек белгісіздікке саяхаттаймыз. Пикассо дәл осы сәтті ғана сезіндіреді. Себебі біз мәңгілік емеспіз, тек бүгінімізбен ғана өмір сүреміз.
Картинаның кейіпкерлері сол кездегі Пикассоның өзі сияқты кедей адамдар болған. Оларды сырттан бақылай отырып, туындыға шабыт алады. Жүрегіндегі бостықты толтыру үшін, бостықты жою үшін, одан қашып құтылу үшін сурет салған секілді. Себебі дәл сол сәтте қуанышты күту мүмкін емес еді. Кенепте көлбеңдеген бейнелер арқылы ұмытқанын, жоғалтқанын тапқысы келді. Тапты да. Санасында, ең болмағанда, әлі бағыты анықталмаған болса да бір идея бар екенін көрсетті.
Шамасы, теңіз жағасында тұрған бүтін бір отбасы. Әке мен ана және жалғыз бала. Олардың көздерінде жалын жоқ, тек өмірге деген өкпе ғана бар. Бастары мен иықтары төмен, қолдары айқасқан. Ащы ойдың шеңгеліне оралып, шарасыздықтан жанарын төмен салады. Жұпыны киімі мен жалаң аяқ жүргені жан толқытады. Ауа райының ызғарлы екені анық байқалып тұр. Теңіздің суық желінен әбден тоңған үшеуі жылыну үшін жамылғыларына орануда. Бірақ шүберек аяғына жетпегендіктен, жаурай түсуде.
Мазасыз теңіз, түнгі аспан, дымқыл құм. Кейіпкерлердің беті мен саусақтары да суық көк түспен көмкерілген. Дәл осы фон нақты анықталмаған бөлшектерсіз берілген. Араларында үлкен кеңістік бар, дегенмен олар бос орынды толтыра алмайды, жақындауға батпайды. Оларды тек азап қана біріктіретін секілді, сосын қою түске шомылған жұмбақ картина.
Мұнда кескіндеменің ең көңілсіз бұрышы – кішкентай баланың бет-әлпеті. Өте салмақты орналасқан. Ол болған оқиғаның тереңдігін түсінуге тырысады. Ата-анасына қолын созып, осынша қайғыға қалай тап болғанына қайран күйде. Үмітсіздіктің апанына түскендей, бір-бірімен тілдесуге батпайды. Құлағының түбіне айқайлаған аяз даусы, табаннан өткен сыз, жылуы жоқ жамылғы ендігі өмірінің маңыздылығын жоғалтқандай. Қара және көк реңк – қайғы түсі. Бұл буырқанған мұңлы бояулар картинаның мәнін ашып тұрғандай. Сол бояулар адамның эмоциясы секілді өзгеріп отырады. Оқырманды да елең еткізері хақ.
Картинаға өлім алдындағы үмітсіздік энергиясы сіңген. Бұл автордың осы шедеврмен жұмыс істеу кезінде бастан кешірген жағымсыз эмоциялардың да-уылы іспетті. Қараған сайын, кеудеңізден құйын өткендей, көңіліңіз алабұртып, жаныңызды қоярға жер таппайсыз. Ойыңызға елестегеннің барлығы шындық. Бұл – Пикассоның шындығы.