Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, қазақстандық колледждер мен жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезінде төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиеленетін отбасынан шыққан талапкерлерге квота қарастырылған. Сондай-ақ мұндай квота толық емес отбасынан (кемінде 3 жыл осы мәртебеге ие) және бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балаларға, І/ ІІ топтағы мүгедектерге беріледі.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев: «Жоғары оқу орындарына түсу үшін квота арқылы көпбалалы және толық емес отбасыларды мемлекеттік қолдау – әлеуметтік маңызды мәселе әрі қажетті шара. Көпбалалы және толық емес отбасынан шыққан балаларға берілетін білім беру ұйымдарына қабылдау квотасы мемлекеттік грантты тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік береді», деді.
Ал квоталар көлемі қандай? Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиеленетін отбасынан шыққан балалар үшін квота гранттардың жалпы санының 5%-ын, кемінде үш жыл осы мәртебеге ие толық емес отбасылар қатарындағы балаларға берілетін квота 1%-ын және бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар және І/ІІ топтағы мүгедектер үшін қарастырылған квота 1%-ын құрайды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бірнеше санат бойынша 15-50 пайызға дейінгі жеңілдіктер қарастырылғанын айтады.
«Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен көп жылдан бері былтыр жоғары оқу орындарына түскен талапкерлерге тағайындалатын білім беру грантының құны 2,5 есеге артты. Бұл деген не? Университеттердің бюджеті көбейді деген сөз. ЖОО-ның қаржысы молайса, университеттің сапасын, оқытушылардың жалақысын арттыруға, студенттерге жағдай жасауға мүмкіндік туады. Міне, осы оң шешімді көптеген ЖОО тиімді пайдалана бастады. Еліміздегі барлық университетте әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан немесе мүмкіндігі шектеулі студенттерге дәстүрлі түрде түрлі деңгейлі квоталар бөлінеді. Еуразия ұлттық университеті тұрғысынан айтсам, бірнеше санат бойынша 15-50 пайызға дейінгі жеңілдіктер қарастырылған. Жеңілдіктерге қол жеткізген студенттердің арасында көпбалалы отбасынан шыққан студенттер де бар. Бұл көрсеткіш пен қолдау жыл сайын артып келеді», деді ұлттық университет ректоры.
Е.Сыдықовтың айтуынша, Еуразия ұлттық университетінде төмендетілген оқу ақысымен шамамен 200-ге жуық ЕҰУ студенті оқиды. Мұндағы студенттердің 80-90%-ға жуығы мемлекеттік грант есебінен оқиды. Олардың қатарында (осы оқу жылындағы көрсеткіш бойынша) әлеуметтік әлсіз топтар санатына жататын 52 студент те бар. «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың білім алушыларына оқу ақысын төлеуге жеңілдіктер беру туралы» Ереже әзірленген көрінеді. Соған сәйкес ақылы бөлімде білім алатын ерекше санаттағы студенттерге оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер қарастырылған. 2020-2021 оқу жылында оқу құнын: арнайы қамқорлықтағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар 20; бала кезінен мүгедек, медициналық қорытындыға сай тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілімі жоқ мүмкіндігі шектеулі студенттер 30; Ауғанстандағы әскери іс-қимыл ардагерлері мен қатысушыларының балалары, кәмелетке толмаған төрт немесе одан да көп бала тәрбиеленетін және аз қамтылған, сондай-ақ бір мезгілде ақылы негізде білім алатын бір отбасыдан шыққандар 15 пайыз жеңілдікпен төлейді.