Экология • 04 Маусым, 2021

Браконьерлікке бұғау бола ма?

658 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ескертілмейді емес, «уылды­рық шашу кезінде балық аулауға болмайды» деп айтылып-ақ жа­тыр. Ашкөздік пе, дәл осы уа­қытта Шығыс Қазақстанда қаскөйлер 2 тоннадан астам балық аулаған. Есептеп көрсек, 3 млн теңгенің балығы.

Браконьерлікке бұғау бола ма?

Уылдырық шашу кезінде тыйым салынған балық өсіру орын­дарында және ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтарда балық­ты заңсыз аулауға жол бермеу үшін 16 сәуір мен 30 мамыр ара­лығында «Уылдырық-2021» жедел алдын алу іс-шарасы өткен. Оған жұмылдырылған полицейлер экологиялық қыл­мыстарды, оның ішінде бұрын жасалған қыл­мыстарды ашу мақ­сатында жұмыс істеді. Олар қылмыстың алдын алып қана қоймай, өзен-көлдердегі балық қорын сақтап қалуға елеулі үлес қосты. Әйтпесе, су жағалап жүрген браконьерлер аз емес еді.  

– Табиғат қорғау полиция­сының бөлімшелері ба­лық ресурстарын қорғау мақ­сатында күн сайын рейдтік іс-шара­лар өткізіп, нәтижесінде 316 құқық бұзушылықты анықтады. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында браконьерлер 2 тоннадан ас­там балық аулап, мемлекетке кел­тірілген залал 3 млн теңгеден ас­ты. 300-ге жуық тәртіп бұзушы әкім­­шілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.

Рейд кезінде өзен-көлдердің жағалауынан 56 қылмыс құралы (синтетикалық торлар, балық ұстауға арналған шанышқы, сүз­гіштер, т.б.) тәркіленіп, 3760 метр ау табылды. Аталған фактілер бойынша Әкімшілік құқық  бұ­зушылық туралы кодекстің 383-­бабының 3-бөлігі (балық
аулау­ және балық ресурстары мен бас­қа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу) бойынша 9 материал сотқа жолданды. Қылмыстық кодекстің жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олар­дың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз сатып алу, өткізу, тасымалдау, әкелу, әкету, сақтау жөніндегі 6-бабы және 335-бабы (балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша 7 заң бұзушылық фактілері анықталды.

Браконьерлік оқиғаларының бірі осы жылдың 19 мамырында Бұқтырма су қоймасының жа­ғасында болды. Табиғатты қор­ғау полициясы бөлімінің қыз­мет­керлері Алтай ауданы Октябрь кентінің 1992 және 1977 жылғы екі тұрғынын ұстады. Тексеру кезінде ұсталғандардың біріне тиесілі «Mitsubishi» авто­көлігінде моторы бар алюминий қайық және 179 кило рипус балығы табылды. Ақшаға шақ­қанда, мемлекетке 874 750 тең­генің шығыны келтірілген. Атал­ған факт бойынша Қылмыс­тық кодекстің 335-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу бас­талды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәркіленген балық арнайы қабылдау орнына тапсырылады. Ал сатудан түскен табыс мемлекет қазынасына аударылады.

 

Шығыс Қазақстан облысы