Аймақтар • 04 Маусым, 2021

Жан сүйіндірген жанашырлық

647 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақмолалық еріктілер елеулі іс тындырып жүр. Кейінгі бір аптаның ішінде ғана әлеуметтік жәрдемді қажет ететін көңілі жүдеу жандарды жүрек жы­луымен жылытқан 45 ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Осылайша, 79 жалғызбасты адам мен 40 көпбалалы отбасыға көп-көрім көмек көрсетілді.

Жан сүйіндірген жанашырлық

Алдымен облыстағы ет жүрегі елім деп елжіреп тұрған еріктілер то­­бының «Киелі табиғат» акциясына жұмыла ат­салысқандығын айта ке­туіміз керек. Белсенділердің бағалы бас­тамасы өз замандастары тарапынан қызу қолдау тапты. Табиғатты аялай­тын, туған жерін құрметтеп, қас­тер­лей білетін жас ұрпақ қаулап өсіп келе жа­тыр екен. Аға буын өз өкше­сін басып келе жатқан өрендердің жақсы­лық­ты меңзеген жарасымды шаруасын көз­дерімен көріп, көңілдерін тоғайтты. 500-ден астам ерікті бел буып іске кі­ріс­кен соң жұмыстың да алдарынан үр­кіп оты­ратыны белгілі. Өйткені ынта бар, ықы­лас мол. Облыстың елді мекен­д­еріндегі парктер мен алаңқайлар мұ­н­таздай тазартылып, өзен-көлдердің жаға­лаулары қыс бойы жиналып қалған қо­қыс­тан арылды, бұлақ көздері ашылды.

Осы бір оңынан оралған шаруаны көрген жалпы жастар қауымы табиғатты аялай білу керектігін, оның айдай аппақ жүзіне пендешілікпен кіреуке түсіруге болмайтынын көкіректеріне тоқыды. Акция барысындағы ат басындай олжа да осы деп ұғынсақ, артықтығы болмас.

Еріктілер тобы өздері ғана емес, жал­пақ жұртты жақсылыққа бағыттау үшін «Киелі табиғат» челленджін ұйым­дастырды. Жастардың жалынды ісі­нен облыс тұрғындары құлақтанып, ор­тақ іске бір кісідей жұмылып, өздері ме­кен еткен ауыл-аймақтың ажарын кел­ті­руге үлес қосты. Демек туған та­би­ға­тымызды аялауға атсалысқан әуел бас­тағы ат төбеліндей аз ғана топ кейін ізетті ісімен барша жұртты ізгі­лік­ті, сауапты шаруаға жұмылдыра алды.

Қайырымды істер қанаты кеңге жа­йылып келеді. Облыс «қызыл аймақ» қатарынан шыға алмай тұрған осы бір тұста адамдардың бір-біріне деген кеңпейіл, ақ ниеті бірлікті бекемдей түскендей. Облыс орталығындағы «Доброе сердце. Lider.kz» қоғамдық қоры Риддер қаласындағы өрттің салдарынан шығынға ұшыраған адамдар­ға көмек көрсету мақсатында 500 мың теңге қаражат жинады. Бұл арада қар­жы ғана емес, бастарына күн туған адам­дарға көмектессем деген көңілдің нұры қымбат еді.

Бурабай ауданында да қызыл жа­лын­ның зардабына душар болғандарға жәрдемдесу мақсатында киім-ке­шек, оқу құралдары, азық-түлік жи­нал­ды. Аудан тұрғындары тәп-тә­уір қа­ра­жатпен де көмек көрсетті. Осы бір жан-жүрегіңді қоламтаның шо­ғын­дай маздататын іс-әрекет ел бір­лігінің бекемдігін аңғартса керек. Бура­бай­лықтар Риддер қаласының тұр­ғын­дарына көмек көрсетумен қатар, аудан­да­ғы жалғызілікті жандарға жана­шыр­лық жасауды да ұмытқан жоқ. Аудан еріктілері әлеуметтік жағынан аз қам­тылған бірнеше отбасыға азық-түлік таратып, бір жалғызілікті әжейдің тұрғын үйінің шатырын жауып берді.

Жақсылықтың, жанашырлықтың қан­ша айтсақ та көптік етпейтінін қа­пер­ге ала отырып, Егіндікөл ауданы ерік­тілерінің ісін де тілге тиек етудің артық­тығы болмас. Мұндағы еріктілер тобы елді мекендерді абаттандырумен қатар, Бектемір сопы мазарының маңын тазалап, жел мен жауынның әсерінен өңі оңған көне ескерткішті сылап-сырлап, жөнге келтіріп қойды. Аудан орталығындағы мәдениет үйі­нің маңындағы балалар алаңын да құрылысшының қалағынан жаңа шық­қандай жұтындыра жөндеді. Жадыраған жаз айында Егіндікөлдің ббалдырғандары осы алаңда алаңсыз ойнап, дем алатын болады.

Бағалы бастаманы Ерейментау ерік­тілері де іліп әкетіп, қолдан келген­де­рінше жалғызілікті және көпбалалы от­басылар мен мүмкіндігі шектеулі адам­дарға көмек қолын созды.

Осындай оңды іс шалғайдағы Жақсы ауданында да жалғасты. Жақсының жақсы тілеулі еріктілер тобы алдын ала жасалған тізім бойынша көмекті қажет ететін отбасыларда болып, олардың тілектерін орындады. Әрине, бұл арада мұқтаж жандар көп деген ой туындамаса керек. Ең бастысы, адамдардың бір-біріне деген ақ көңіл, адал ниеті. Осындай шарапатты шаруа адамның сенімін арттыра түседі. Қиындықтың құрсауында жалғыз қалмайтындығын, қолтығынан демейтін, қажет кезінде қамқор болатын етене жақын ел-жұрты бар екендігін сезінудің өзі көңілге дем береді емес пе?! Бәлкім, еріктілердің есті іс-әрекетінің ең маңызды мәні де осы шығар.

Шалғайдағы Жарқайың ауданында жақсылыққа тәмам ел сүйсінетін шаруалар атқарылып жатыр. Жергілікті еріктілер аудандағы отыздан астам көмек қажет ететін отбасыларда болып, азық-түлік себеттерін таратты. Олар болса амандық білгендеріңнің өзі қанаттандырды деп разы болды.

Сәтімен сабақталған іс Зеренді ауданында да кең өріс алды. Зеренділік ерік­тілер мамырдың 15-і күніне дейін Рид­дер қаласында үйлерін өрт шалған отба­сыларға қаражат жинады. Тек қа­ражат қана емес, шаруашылық тауарлары, күн­делікті қолданатын заттар, азық-түлік жиналып, жөнелтілді. Жастар Зеренді ауылындағы Райхан Ташееваның тұрғын үйін жөндеп беруге де көмектесті.

Жанашыр жастардың жарқын іс­тері жер-жерде жаппай өріс алып, өне­гелі үрдіске айналып, аймақ ажарын адамгершілік нұрымен көркейте түсіп отыр. Кісінің күні кісімен ататын уақыт­та кейінгі толқынның көкі­регінде ізгі­лік оты маздай жанып, мұқтаж жандар­дың жүздерін жады­ратып қана қой­­май, жалпақ жұрт­ты қауымдастыра­тын, ізетті іске жұмыл­дыратын осын­дай иман­ды шаруалардың алға басып тұр­ғаны қандай жақсы?!

 

Ақмола облысы