Спорт • 04 Маусым, 2021

67 жастағы желаяқ

416 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талас ауданы, Тамды ауылы­ның 67 жастағы тұрғыны Жақсылық Мамырбекұлы жұртты таңдан­дыруда. Ол әлі күнге дейін жүгі­руден жа­рыстарға қатысып, жеңім­паз атанып жүр. Бір қы­зығы – ол жеңіл атлетикамен зейнет жасына шыққаннан соң ғана айналыса бастапты. Содан бері спортты жанына серік еткен ауылдағы желаяқ жастарға да үлгі көрсетіп келеді.

67 жастағы желаяқ

Жақсылық Мамырбекұлы аз уақыттың ішінде талай белесті бағындырып үлгерген. Мәселен, елі­мізде өткен «ЭКСПО-2017» Халық­аралық көрмесінде және Атырау мен Алматы қалаларында, сондай-ақ, Ресей мемлекетінің Санкт-Петербург қаласы мен басқа шаһарларда өткен түрлі жа­рыстарда үздіктер қатарынан көрінген. Жуырда ғана ол Қырғыз елінің Ыстықкөл қаласында өткен Халықаралық жарыста тағы да топ жарды.

Ұлт батыры Жұманазар Сатымқұл атындағы Халықаралық жарыста жеңімпаз атанды. Аталған жарысқа әлемнің 35 мемлекетінен 4 мыңға жуық желаяқ қатысып, бақ сынаған болатын. Ал еліміздің атынан тек жерлесіміз ғана шыққан. Бұл жолы Жақсылық Мамырбекұлы 42 шақырым 195 метр қашықтықты 4 сағатта жүгіріп, мәре сызығын бі­рінші болып кесіп өткен. Осы­лайша, 67 жастағы желаяқ жеңіс тұғырынан көрінді.

Жамбыл облысы