Экономика • 04 Маусым, 2021

2006 жылғы үлгідегі банкноттарды мерзімсіз айырбастауға болады

689 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықтың көптеген өтініші негізінде, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, Ұлттық банк 2006 жылдан бастап және одан кейін шыққан банкноттарды айырбастау үшін шексіз мерзім енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

2006 жылғы үлгідегі банкноттарды мерзімсіз айырбастауға болады

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов мәлімдеді.

«Жаңа банкнот шыққан жағдайда, 12 ай ішінде ескі банкнот қатар қолданыста жүреді. Басқаша айтсақ, ескі банкнот та, жаңа банкнот та заңды төлем құралы болады және оларды бір жыл бойы барлық төлем түрі бойынша қабылдауға міндетті.

Қандай да бір банкнот айналымнан шыққаннан кейін оны 3 жыл мерзім ішінде Ұлттық банктің филиалдарынан да, екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) бөлімшелерінен де, «Қазпошта» АҚ кеңселерінен де айырбастап алуға болады», деді Ж.Қажымұратов.

Егер сіз белгілі бір себептерге байланысты айналымнан шыққан банкноттарды 3 жыл ішінде ЕДБ пен «Қазпошта» АҚ кеңселерінде айырбастай алмай қалсаңыз, онда Ұлттық банктің филиалдары оларды мерзім бойынша шектеусіз қабылдайды.