Оқиға • 04 Маусым, 2021

Оралда жаңбырдан соң 7 тұрғын үйді су басты

474 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында нөсер жауыннан кейін 7 жеке тұрғын үйге су кірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Оралда жаңбырдан соң 7 тұрғын үйді су басты

Облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 3 маусым күнгі сағат 21:00-ден бүгін таңғы сағат 07:00-ге дейін оған қоса 40-тан астам тұрғын үйдің аула аумағын, 7 әлеуметтік нысанның жертөлесін су алды. Бүгін сағат 09.00-ге дейін ТЖ департаменті және жергілікті атқарушы органның күшімен 2045 текше метр су сорылды. 125 қызметкер 45 техника, 17 мотопомпамен жұмыс жасауда. Бүгін сағат 02:00-де «Батыс су арнасы» ЖШС №3 кәріз-сорғы стансасында апатты жағдай орын алып, сағат 03:00-ден бастап Орал қаласында салқын су беру тоқтатылды.

Аталған мекеменің бригадасы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын атқарып, қазіргі кезде су берілді. Сонымен қатар кеше кештен бастап жауған жаңбырдың салдарынан қаланың біраз бөлігі электр жарығынсыз қалды.

«Бүгінде «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, бұршақ жауып, шаңды дауыл көтеріледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал. Қалыптасқан жағдайға байланысты БҚО ТЖ департаментінде жедел штаб құрылды. Шұғыл көмек күткен тұрғындардың 8-711-2-55-40- 88 телефонына қоңырау шалуына болады», деп хабарлады ведомство өкілі.