Қоғам • 04 Маусым, 2021

Алматыда Әлеуметтік қызметтер үйі ашылды

466 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласында Әлеуметтік қызметтер үйі ашылды. Су жаңа нысанның ашылу рәсіміне қала әкімі және зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Алматыда Әлеуметтік қызметтер үйі ашылды

Ғимаратты реконструкциялау өткен жылы басталған еді. Қысқа мерзім ішінде мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік қызмет алушыларға жайлы жағдайлар жасалып отыр.

Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының интеграциясы әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

«Қалалықтарды әлеуметтік дамыту және қолдау – «Алматы-2050» даму Стратегиясында көрсетілген Алматы әкімдігінің басты және стратегиялық міндеті. Біздің мақсатымыз — Алматыны тең мүмкіндіктер әрі инклюзивті тұлғаға бағытталған орталықтанған қала жасау», - деп атап өтті ол.

Осы мақсатқа жету үшін әлеуметтік бағдарланған бюджет қалыптасуда, оның 46%-ы биылғы жылы әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалатын болады.

Биылғы жылы әлеуметтік қолдауға 25 миллиард теңге бөлініп, 124 мың адам (әлеуметтік көмек - 7,1 млрд., арнаулы әлеуметтік қызметтер - 4,6 млрд., мүгедектерді әлеуметтік қорғау - 5,6 млрд., халықты жұмыспен қамту - 6,1 млрд, белсенді ұзақ өмір, бақытты отбасы - 954 млн шыңға өрлеу, тәуелсіз мектеп өмірі – 406 млн теңге) қамтылатын болады.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың еш кедергісіз кірулері үшін ғимарат көтергіш құрылғысымен жабдықталған. Бірінші қабаттағы кең операция залында келушілерді Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат, Тұрғын үй саясаты басқармаларының, Алматының Жұмыспен қамту орталығының, Азаматтарға арналған үкіметтің «ХҚКО»-ның «Зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығы» АҚФ-ның, Алматы полициясы департаментінің көші-қон қызметі басқармасының, Алматы қаласы бойынша еңбек Комитетінің, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің кеңесшілері қабылдайды.

Екінші қабатта Алматының Жұмыспен қамту орталығының операция залы және бэк-офис орналасады, өтініш берушілер қолайлы жұмыс орындарын, ал жұмыс берушілер өздеріне керек жұмысшыларды таба алады.

Мұнда кәсіп таңдау кезінде кәсіби бағдар беру, кәсіби даярлау, жұмыссыз азаматтарға қайта даярлау, біліктілігін арттыру, «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуға жолдама және тегін гранттар беру бойынша консультациялық қызметтер ұсынылады.

Үшінші және төртінші қабаттарда Алматының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы, Тұрғын үй саясаты басқармасының пәтерлерді бөлу бөлімі және «Адалдық алаңының» халыққа қызмет көрсету аймағы ораналаспақ. Бесінші қабатта Алматының Тұрғын үй саясаты басқармасының түрлі бөлімдері және әртүрі шаралар өткізетін көпбейінді акт залы бар.

Әлеуметтік қызмет көрсету үйіне түрлі өмірлік қиын жағдайларға, оның ішінде келіспеушіліктерге тап болған көптеген азаматтар келетіндігі ескеріліп, орталықта адвокат пен психолог бөлмелері қарстырылған. Балалармен келген қонақтарға ыңғайлы болу үшін ойын алаңы да қарастырылған.

Бұрындары мүгедектер әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарға бару үшін үлкен қиындықтарға тап болатын. Енді оларға қағазбастылық пен әкімшілік кедергілер жойылған әрі тиісті процедураларды іске асыру және барлық құжаттарға бір жерден қол қою мүмкіндіктері туып отыр.

Әлеуметтік қызмет көрсету үйі дамыған көлік инфрақұрылымы бар Достық даңғылының бойына орналасқан, жанында метроның «Абай» бекеті бар, бағыттар бойынша 7 автобус және 3 троллейбус жүреді. Яғни, қала тұрғындары Әлеуметтік қызмет көрсету үйіне қаланың кез-келген нүктесінен бара алады.