Адам тағдыры күрмеуі мол, шешуі қиын күрделі нәрсе ғой. “Пәленің екі көзі жоқ қармалап табады”, “Жамандық жаныңда, жақсылық алыста” деген халық мәтелдері бар емес пе. Осы сөздердің шындықтан ауылы алыс емес екен.
Мұны айтып отырғаным, 2007 жылдың 20 қаңтарында жиырма жылдай жұртшылықпен жұмыс істеп, ел сенімін ақтап, халық құрметіне бөленіп жүрген балам Әбусағит аяқ астынан күдікті атанды. Сөйтіп арты қылмысты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеушілер 9 ай тергеп, істі 2007 жылдың қазан айында Қостанай облыстық Жітіқара ауданының халық сотына өткізді. Ол сот мәжілісін 3 ай өткізіп, тағылған айыппен белгіленген бап бойынша жаза тағайындалды.
Іс – жекеменшік үйін бұзуға, оның материалын растап берген анықтама. Сол үшін 10 мың теңге пара алды дейді. Жаралған пенденің күнәдан аманы жоқ. Оның алу ойында болды ма, болмады ма, мұны бір Алла біледі. Айтылмыш ақша ұлымның бойынан емес, үстел үстіндегі газет арасынан табылыпты. Тергеуде солай анықталған. Осы іс Қостанай облыстық сотының екі сатысында да өзгермей бекіді.
Адамды жазалауға болады, бірақ қылмысына сай бап бермей, жалған баппен жазалау заңды бұзу, адам құқығын қорлау, деп Жоғарғы Сотқа шағымдандық. Олар да істі алып, зерттеп, жазаны дұрыс деп,істі өзгеріссіз қалдырды.
Амал жоқ, әділдік іздеп республикалық Прокуратураға шағым түсірдік. Оны қараған Бас Прокурордың орынбасары істі өзгеріссіз қалдырды.
Сөйтіп жоғарғы сатыдағы орындар тергеуші мен қалалық соттың жігін кіріктіріп жазған шешімдерін оқып, істі өзгеріссіз қалдыра берді.
Осындай кедергілерге кездескен қорғаушы Асанова екеуміз шағымды қайта дайындап, 2009 жылдың желтоқсан айында республиканың Бас прокуроры Қайрат Мәмидің жеке қабылдауын өтіндік. 2007 жылдың қазанынан 2009 жылдың желтоқсанына дейінгі заң орындарына кіріптар болғаныма көңілімде үлкен қаяу, ренжу қалған-ды. Алайда сол айда Бас Прокуратураның азаматтарды қабылдау бөлімінде кезекшілік жасайтын екі қызметкер Бақытжан Сыздықов пен Тәукен Қайырлының келген адамдарды сыпайы қабылдауы, оларға ерінбей түсінік беріп, жұмыс жасауы көңілімізді көтеріп, заң орнына деген ренішімізді басты.
Республикада түрлі қылмыстар жетерлік, әділдік іздеген адамдар да көп. Торда тарыққандар бар, олар үшін зарыққан әке-шеше, бауыр, жар мен бала бар. Міне, солар ілтипат пен көңілге зәру. Әрбір түсінік пен бағыт олар үшін дәру. Оны басынан кешкен жан ғана біледі.
Бас Прокурордың қабылдауына кіру үшін құжаттар дайындау кезінде күнделікті қабылдауға келген үлкен-кішілі, әртүрлі ұлт өкілдерін көрдім. Олар қай тілде түсінік алғысы келсе, Тәукен мен Бақытжан ерінбей сол тілде егжей-тегжейлі түсінік беріп отырды. Қоғамдық орындардың әрбір қызметкерлері осы азаматтар секілді жұмыс істесе, халық пен билік арасы кірігіп, ел сенімі артар еді.
Хош, сонымен не керек, 2010 жылдың 11 қаңтарында Бас Прокурор Қайрат Мәмидің қабылдауына кіретін болдық. Бақытжан Сыздықов пен өзге де көмекшілер бізге кеңестерін беріп, жоғарыға көтерді. Қабылдауда жиырма шақты адам болды. Әртүрлі істер. Олар бір-біріне сәттілік тілейді. Қуанып шыққандарды көмекшілер мен қызметкерлер де бөлісіп, көңіл бөліп жатыр.
Кезегіміз келіп Бас Прокурор Қайрат Мәмидің қабылдауына кірдік. Ол кісі бізбен сыпайы амандасып, ісімізді сұрады. Алдымен қорғаушы заңдық тұрғыда шағымды оқыды.
“Әдейі келдіңіз, ақсақал, ойыңызды айтуыңызға болады”, – деді Бас Прокурор. Мен ойым мен тілегімді айттым. Ықыласымен тыңдап: “Қария, елдің жағдайын сіз де түсініп отырсыз. Істі алдырып, зерттеп, әділдігін шешеміз. Хабарын жазбаша береміз”, – деді ол. Шынайы түсініктігіне балам босанып алдыма келгендей қуанып шықтым. “Ақсақал әлі-ақ қуанасыз”, – деп қызметкерлер де ықылас білдірді.
Бас Прокурордың наразылығы бойынша іс Жоғарғы Сотта 2010 жылғы 16 наурызда Коллегияның төрағасы А.А.Қасымов, құрамы: О.С.Қожабаев, Д.Д.Нұралин, Н.К.Сингалиева, К.А.Шаухаров, О.С.Қарабаев, қорғаушы Д.С.Асанова және менің қатысуыммен қаралды.
Олар бар мәселені байыппен талдап, өздерінің әділеттілігін көрсетіп, біздің ойымызды еркін айтуымызға мүмкіндік берді. Адамгершіліктері мол заңгерлер екенін танытты. Бас Прокурордың наразылығы негізінде тағылған айыпты (статьяны) өзгертіп, жазаны шектеп, баламды осыған дейін отырған мерзімімен босатуға шешім шығарды. Екі жылдан астам шешімі табылмаған іс шешіліп, әділеттік жасаған Бас Прокуратура мен Жоғарғы Соттың іс қараған сот алқасына риза болдым.
Біз, Қазақстан халқы, елімізде әділеттік болғанын, жазаның да тәрбиелік жағынан басым болғанын қалаймыз. Заңның сақталуы да қажеттілік.
Мен отбасымның және ұрпақтарымның атынан еліміз Бас Прокуроры Қайрат Мәмиге ерекше алғыс айтамын және осы мекеменің қызметкерлері: Қайырлы мен Бақытжан Сыздықовқа, Т.А.Қарабаевқа, Жоғарғы Соттың судьялары: А.А.Қасымовқа, О.С.Қожабаевқа, Д.Д.Нұралинге, Н.К.Сингалиеваға, К.А.Шаухаровқа шынайы, ақсақалдық алғысымды білдіремін. Оларға деген тілегім: “Әділеттіктің жанкүйері болып, ел алғысына бөленсін. Кейінгі ұрпақтың ақ жолының иелері болып, халық қамқоршылары атансын. “Елін сүйетін азаматы болса, елі бақытты, азаматына тілекші елі болса, азаматы бақытты”, деген. Алла екі жағымызға да бақыт берсін!”
Мұхтар қажы ҚОДЕНҰЛЫ, еңбек ардагері. Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Амантоғай ауылы.