Аймақтар • 05 Маусым, 2021

Түркістан облысында 101-ге келген қарияға жаңа төлқұжат табыс етілді

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан полицейлері 101-ге келген қарияға жаңа төлқұжат жасап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында 101-ге келген қарияға жаңа төлқұжат табыс етілді

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде облыста ҚР азаматтарының құжаттарын рәсімдеу немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды куәландыру, мәртебесі реттелмеген адамдарды, яғни 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен жүрген тұлғаларды анықтап, құжаттандыру мақсатында арнайы акция өтуде.

Аталған шараны көші-қон қызметі бөліністері мен учаскелік полиция қызметкерлері бірлесе өткізіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Акция аясында көші-қон қызметі тобының аға инспекторы полиция майоры Нұрман Шыңғысбаев құжаты жоқ, немесе мерзімі өткен тұлғаларды анықтап, құжат алуына қажетті көмектер көрсетті. Тәртіп сақшылары тарапынан құрылған арнайы мобильдік топ жүріп-тұруы қиын азаматтардың үйлеріне барып, суретке түсіріп, құжаттарын рәсімдеген.

«Мәселен, Түркістан облысында 101 жастағы ақ жаулықты ана Нури Юлдашева полицейлерге төлқұжатының мерзімі өткенін хабарлаған. Көп ұзамай полиция қызметкерлері жаңа төлқұжатты рәсімдеп үйіне апарып берді. Ғасыр жасаған кейуана Түлкібас ауданында тұрады. Қазіргі таңда әжей 1 ұл, 1 қыз, 10 немере, 27 шөбере, 51 шөпшек сүйіп отыр», делінген ПД хабарламасында.