Осы орайда өңірлер бойынша ақтау материалдарын жинақтау үшін Шымкент қаласында құрылып, құрамына ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері жұмылдырылған жұмысшы топ бірқатар тың мәліметті анықтап отыр. Нақтырақ айтсақ, үшінші мегаполистегі саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қызметкерлері ізденіс ауқымын кеңейтіп, тың деректерді мәлім етті.
Осыған дейін қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылғандар саны 2500 екені айтылып келсе, бүгінде бұл санға байланысты сұрақ көп. Елімізде 2001 жылы қуғын-сүргін құрбандарына арнап ашылған музейдің экспозиция залында саяси қуғынға ұшыраған қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси күрескер, патриот, ғалым, тарихи тұлғалардың портреттер галереясы бар. Музей экспозициясының түп қазығы «Репрессия» деп аталатын синтездік формадағы мүсіндер композициясы ешкімді де бейжай қалдырмайды. Ал «Тағзым» залындағы қара тақтада мыңнан аса адамның аты-жөні жазылған. Ол тізім қайдан алынды? «Оңтүстік өңірде 2500-дей адам атылды» деген дерек қаншалықты дәлелді? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Албасты сай» атанып кеткен шатқалдан репрессия жылдары атылған адамдардың сүйегі табылған. Сот-медициналық сараптама мен архивтерден жинақталған құжаттардың негізінде 1586 адамның тізімі анықталып, ол «Азалы кітапқа» енгізілген. Сондай-ақ сол маңда «Қасірет» мемориалды кешені ашылған. Осы орайда қара тақтаға жазылған тізімді нақтылау үшін музей қызметкерлері ізденіс жұмыстарын жүргізген. Ғылыми қызметкерлер қара тақтадағы тізімнің «Азалы кітаптан» көшірілгенін айтады. Бұл кітаптың авторы – Сейдахмет Байдәулетов. Ол музей ашылмай тұрғанға дейін, яғни 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бар-жоғы 7 айдың ішінде басылып шыққан екен.
Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары, жергілікті комиссия мүшесі Гүлмира Серікбаева ақталғандардың құжаты Ішкі істер басқармасының архивіне өткенін айтады. Сол басқармаға сұраныс жасалып, әрбір адам табылған сайын қор толықтырылып отырады екен.
«Облыстағы құрбандардың есімі «Азалы кітап» деп аталған жинаққа енуі тиіс болған. Кітап небәрі 7-8 ай көлемінде баспадан шығады. Оны бір жылда аяқтау мүмкін емес еді. Құжаттың бәрі жергілікті Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің архивінде болатын. Ал ол архивтен ақпарат алу сол кез тұрмақ, қазірдің өзінде де оңай емес. Полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының архивінде құжаттар түгелге жуық сақталған. Соңғы 10 жылдың көлемінде осы архивпен тығыз байланыста қорымызды толықтырып келеміз. Кітап шыққан 1997 жылы 1732 адам атылды деп көрсетілген. Соның ішінде 1600 адамның есімі музейдің «Тағзым» залындағы қара тақтада жазылып тұр. Яғни ол есімдер кезінде қолжетімді болған деректердің негізінде дайындалған еді. Қара тақтадағы есімдерді толықтыратын уақыт жетті деп ойлаймын. Қазір қолымызда тірнектеп жинақталған деректер ата-бабасын іздеген бүгінгі ұрпақтарының септігімен нақтылана түсті. Атылғандардың бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша саны 2500 екені айтылып келгенімен, «Азалы кітаптағы» саны – 1732 ғана, яғни алдыңғы дерек күмән тудырған соң зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Ізденістің нәтижесінде талай дерекке қол жеткіздік, жалпы Ішкі істер министрлігінің сайтынан қуғын-сүргінге ұшыраған 4001 адамның тізімін алдым. Бірақ ол жерде адамның жеке дерегінде тегі толық, ал есімінің бас әрпі ғана берілген екен. Мысалы, тізімде Пәленшеев Б-ның бесеуі жазылған. Мүмкін ол «Б» әрпінен басталатын Бекарыс, Беркінбай секілді бір әулеттен қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар болар. Содан кейін біз ай сайын, апта сайын ақпараттандыру және байланыс басқармасына қайта-қайта хат жазып, өтінім жасадық. Сонда 4001 адамның тізіміне қатысты сұрақтарға нақты дәйекті дәлел таппадық. Ұрпақтарынан, бұрынғы қордан іздеп салыстырып, сараптадық. Туған жері, сотталған уақыты, қандай баппен сотталғаны төңірегінде, атылған немесе жер аударылғанына дейін зерттеу жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде ресейлік сайттың базасынан 6500-ден аса адамның тізімін алдық. Сосын «Азалы кітаптағы», ІІМ-нен алған 4001 адам тізімі, ұрпақтарының сұрауы нәтижесінде табылған адамдар тізімін қарадық. Бәрін бір-бірлеп сараладық. Ресейлік дерек нақты болды. Оларда мәлімет көп. Ашқан кезде барлығының туған жері, сотталғаны, тағайындалған жазасы нақтырақ шықты. Биылғы зерттеуіміздің нәтижесінде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандар саны – 7277 адам болып отыр. Оның ішінде атылғандар саны – 2050. Демек 2500 адам атылды деген дерек нақты емес. Сотталғандар саны – 4696. Бұл мәртебедегі адамдар әйгілі 58-баптың негізінде айыпталып, «Карлаг» және басқа да түрмелерде болды немесе жер аударылған. Сотталғандардың ішіндегі 531 адамның тағдыры не болғанын анықтай алмай отырмыз. Олар сотталған 4696 адамның қатарында болғанымен, түрмеге жіберілгені немесе атылғаны анық емес. Біз осы 531 адамның тағдырының төңірегінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», деді Г.Серікбаева.
Бүгінде ата-бабалары жөнінде дерек іздеп музейге келушілердің қарасы үзілмеген. Ресейдегі Санкт-Петербургтен хабарласқан азаматша атасының Шымкентке жер аударылып, осында атылғанын айтыпты. Сұрау салып, іздеп келушілердің қатары 166-ға жеткен. Осылайша, бұрынғы Оңтүстік Қазақстанда атылғандар мен қуғын-сүргінге ұшырағандардың 7277 болғанын айтқан музей қызметкерлері бұл санның ресми түрде жария етілетінінен үмітті. Айта кетелік, қуғынға ұшыраған бабаларды еске алу мақсатында Шымкенттегі әзіл-сықақ және сатира театрында күні кеше Рахымжан Отарбаевтың «Қараша қаздар қайтқанда» тарихи драмасы сахналанды. Қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі мен әзіл-сықақ және сатира театры бірлесіп ұйымдастырған кешке жиналған көрермендер көп болды. Олардың көбі тарихи әділетсіздіктің құрбаны болған жақындарын еске алуға келгендер еді.
ШЫМКЕНТ