Өнер • 06 Маусым, 2021

Жаңа ереже өнерді өрістетеді

581 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жалпы, халқымыз табиғатынан өнерге жақын. Соның ішінде ән мен күйге келгенде алдына қара салдырған емес. Ұлы Шоқанның досы, тамаша ғалым Г.Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп бекер айтпаса керек. Ертеде дауысы алты қырдан асатын әншілер болғандығын білеміз.

Жаңа ереже өнерді өрістетеді

Өнер білгірлері осы қатарға Біржан сал, Мұхит, Жарылғапберді секілді дүлдүлдерді қосады. Мәселен, кең құлашты әсем даусымен Париждің талғампаз жұртын тамсандырған Әміре Қашаубаев туралы көрнекті өнер зерттеушісі Ахмет Жұбанов: «Әміренің аты тек Қазақстан емес, бүкіл Одаққа, бүкіл Еуропаға әйгілі болды. Әміре арқылы қазақтың әншілік өнері мемлекеттік шекараны сонау жиырмасыншы жылдардың ортасында-ақ аттап өтіп, орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түсті. Әміре – қазақтың қалай мақтаса да, қалай мақтанса да бола беретін, сыя беретін асқан өнерпазы» деп айтыпты. Одан бері де қазақтың ән өнерін биікке көтерген талай майталмандар болды. Қазір де жетерлік. Алайда әр уақыттың өз талабы бар. Қазір техника қарыштаған дәуір. Фонограмма деген ұғым шықты. Ән орындаудың да салмағы жеңілдеді. Әншінің қайсысы жанды дауыста, қайсысы фонограммамен айтып жатқанды айыру да қиын.

Осы тарапта жұртшылықтан түрлі пікір туындап, Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне шағымдар да түскен. Осыдан екі жыл бұрын министрлік фонограмманы бір ретке келтіру жұмысын қолға алды. Алдымен Мәдениет туралы заңға өзгеріс енгізу қажеттілігі ескерілді. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, тұжырымдама жазылып, жаңа заң нормасы қарастырылды. Сөйтіп, заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс пен Сенаттың талқылауына ұсынылды. Ақыры, былтыр жыл соңында заң жобасы қабылданып, фонограмманы қолдану тәртібі айқындалды.

Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Ғани Мұра­товтың айтуынша, министрліктің бұй­рығымен фонограмманы қолданудың ере­жесі осы наурызда бекітіліп, қолданыс­қа енген. Сол ережедегі талапта бәрі анық жазылған.

– Бұл заң нормасында әнші, продюсер немесе мәдени іс-шараны ұйым­дастырушы мекеме және ұйым өкілі жұрт­шылыққа фонограмманы қолдану туралы ақпараттандыру қажет. Ол ақпарат жарнамада айқын жазылуы керек. Қазір біз осы мақсатта әнші, продюсерлермен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Енді олардан жаңа ережені сақтауды талап етеміз. Шындығын айтқанда, көп көрермен әншінің әнді жанды дауыста ма, әлде фонограммамен айтып жатыр ма, онша түсінбейді. Өйткені оны техниканың жоғарылығынан білу де оңай емес. Жанды дауыста айтып жатқан секілді көрінеді. Ал заңдағы жаңа норма көрерменнің музыкаға деген талғамын өсіреді деп ойлаймыз, − дейді ол.

Жаңа ережеде біраз ерекшелік бар. Мәселен, 200 орындық мектептің акті залы немесе ауылдағы шағын клубтарда фонограмманы қолдануға болады. Ал егер саны одан көп мәдени нысанда өтетін іс-шарада фонограмманы қолдану туралы ескертілуі қажет.

Ғани Мұратовтың сөзіне зер салсақ, заң нормасын жазарда министрлік өкілдері музыка индустриясы дамыған АҚШ, Еуропа мен Оңтүстік Корей, Қытай секілді шет мемлекеттердің тәжірибесін сарапқа салған. Сонымен қатар көршілес Ресей мен Өзбекстанның да осы саладағы тәжірибесімен танысқан. Тіпті Өзбек еліне арнайы іссапармен барып, ондағы жұмыстарды көзімен көріпті.

− Өзбекстанда мәдениет саласына қатысты ерекше заң қабылданған. Онда концерттік қызметті лицензиялайды. Бұл заң біраз жылдан бері жүзеге асқан. Егер сіз Өзбекстанға концерт беруге баратын болсаңыз, бірнеше ай бұрын осы салаға жауапты ұйымға құжаттарыңызды, оның ішінде әншілердің құжатын өткізесіз. Оны арнайы комиссия мұқият қарап, солардың сенімінен шыққаннан кейін концерт қоюға рұқсат аласыз. Сондай-ақ өзбекстандық әншілер сахнада немесе жиын-тойда ән айтуға лицензия алады. Сол үшін мемлекетке салық төлейді. Оны алу оңай емес. Комиссия қарайды, оның құрамында кәсіби музыкант, әнді әрлеуші, композитор, ақын болады. Сондай бір комиссия отырысына қатыстым. Бір өнерпаз келіп, махаббат туралы ән орындады. Сонда комиссия құрамындағы ақын, әншіге: «Мынау әнді махаббатқа арнапсың, сол сөзді сен 28 рет қайталадың, мен ішім­нен санап отырдым. Сондықтан са­ған сапалы мәтін жазатын ақындармен шы­ғармашылық жұмыс істеген дұрыс болады» деп пікірін айтты. Басқа әріптестері оны қолдады. Әншілер осы лицензия­ны алу үшін екі-үш жылда бір рет сынақ тапсырады. Біз мұндай ұсынысты ұсы­нып көрдік. Бірақ тым қатаң деп қабылданды. Бір жағынан, әншілерге ауырт­палық түседі. Сондықтан фонограмманы қол­дануды заң жүзінде реттедік, егер осы талап бұзылса әкімшілік шара қол­да­ны­лады, − дейді ол.

Біраз жылдан бері елімізде фонограмма жөнінде даулы пікірлер көптен айтылып жүр. Кейбір азаматтар фонограммаға толықтай тыйым салу керек, еш жерде қолданылмасын дейді. Ал кейбір әншілер оны мүлде тыюға келіспейді. Қысқасы, ой да, пікір де жетеді. Алайда әншінің жанды дауыста шырқағанына не жетсін! Бір жағынан, ол өнерпаздың өнерін шындап, биікке көтеріп, халықтың ризашылығына бөлейді.

Осы ретте Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, белгілі композитор Серікжан Әбдінұров мәдениет саласындағы жаңа заң нормасы кештеу болса да орнымен қабылданғандығын айтады.

– Қазір ТМД көлеміндегі елдердің дені фонограммаға байланысты заңды шешім қабылдаған. Өйткені фонограммамен ән айтып, жұртшылықты алдайтын «өтірік» әншілер көбейді. Жас кезінде бір ән жазып алады да соны 10-20 жыл орындайтындар да жетеді. Тіпті кейбіреулер басқалардың даусымен айтып жүреді. Меніңше, фонограммаға тыйым салынған дұрыс. Өкі­нішке қарай, біз толық тыйым салып отырған жоқпыз. Мәселен, телевизияға оны қолдануға рұқсат бар. Біздегі телевизия мен радионың техникалық мүмкіндігі оған сай емес көрінеді.

Мәселен, Мәскеу мен Санкт-Петер­бург­тегі кез келген концерт залында жан­ды дауыста орындайсыз. Ал бізде халық­аралық талапқа сай келетін, екі концерт залы ғана бар: ол елордадағы «Қазақконцерт» пен Алматыдағы «Рес­публика» сарайы. Осы екеуінде ғана жанды дауыста айта аласыз. Онда тех­никалық жабдықтардың сапасы ғана жақсы емес, кәсіби дыбыс режиссерлері жұмыс істейді. Қысқасы, жаңа ереже әнші атанып, тез «жұлдыз» болсам деген ұғымды оңай қабылдайтын жастарға тосқауыл қояды деп үміттенемін. Бұл − бір жағы. Екіншіден, даусы зор, дарынды кәсіби әншілерге жол ашылады. Өйткені олар шетке ысырылып қалғандай болды,  дейді ол.

Тамаша туындыларымен көрерменнің құлақ құрышын қандырып жүрген белгілі әнші Құрмаш Маханов қоғамды алаң­датқан бұл мәселенің осындай дең­гейде талқыланғанына өкінішін білдіреді.

«Бұл біздің өнеріміздің, соның ма­ңайында жүрген әншілердің бір олқылығы деп білемін. Министрліктің бұл қадамына қуанамын. Менің ойымша, фонограммаға қатаң тыйым салу керек. Мысалы, телеарналарда әншілер әнді толық жүз пайыз орындауға техникалық мүмкіндік жоқ дейді. Меніңше, бұл − таза сылтау. Қазір арналарда ешкімге керегі жоқ «шоу» бағдарламалар көп. Солардың санын қысқартып, кәсіби концерттің көлемін ұлғайт­са деймін. Қалай болғанда да, елге кон­церт бересіз бе, жүз пайыз жанды дауыс­та орындаңыз. Солай әншілердің өзі та­биғи сұрыптаудан өтеді. Ақырында, жол­­дан қосылғандар жөндерін тауып, сах­нада шын мәніндегі кәсібилер қалады», дейді ол.

Сонымен бірге жаңа заңда әншілердің сахнадағы жеке мәдениеті туралы арнайы норма енгізілген. Бұл да өте керек. Ара-тұра болса да осындай келеңсіз оқиғалар кездесіп қалады. Енді ол заңмен реттеледі. Әнші сахнада дөрекі сөйлеуге, мас күйінде шығуға, ұлттық мүддеге тіл тигізуге бол­майды. Сахна мәдениетін сақтауы қажет. Ол үшін арнайы әкім­шілік шара қарастырылған. Бұл талапты Мәдениет және спорт министрлігі қадағалап отырады. Сондай-ақ онымен облыстық мәде­ниет басқармалары мен аудандағы мәдениет бөлімдері де айналысады.

Қорыта келгенде, көптен бері айтылып жүрген өзекті мәселеге нүкте қойылған секілді. Енді жаңа ереже өрелі өнерімізге өріс береді деп сенеміз!