Қазақстан • 07 Маусым, 2021

Жалынды жастар бас қосты

587 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Біз – ел патриотымыз» атты халықаралық жастар форумы өтті.

Жалынды жастар бас қосты

Іс-шараны Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Қазақстан Республикасы Ақпарат жә­не қоғамдық даму министрлігі ұйым­дас­тырды.

300 адамды қамтыған форумға Әзер­­байжан, Беларусь, Қырғызстан, Ре­сей, АҚШ, Түркия, Франция жас­тар ұйым­дарының өкілдері, Қазақстан ай­мақ­тарының көшбасшы жастары, Қа­зақ­стан Парламенті мен облыстық, қа­лалық мәс­лихаттардың жас депутатта­ры, кәсіп­керлер, ғалымдар, спортшылар, «Бо­лашақ» бағдарламасының түлек­тері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жоба­сының жеңімпаздары, еріктілер және шы­ғармашыл жастар қатысты.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев қатысушыларға құттықтау хат жолдады. Оны форум модераторы, Елбасы кітап­ханасының директоры Бақытжан Темір­болат оқыды: «Жастар – қоғамның қоз­ғаушы күші, үкілі үміті. Егемендік жыл­дары елімізде санасы азат, ойы сергек тұтас бір жаңа буын қалыптасып, өсіп жетілді.

Өздеріңіз білетіндей, әр ұлттың бәсе­кеге қабілетті болуы ең әуелі білім сапасы­мен өлшенеді. Сіздер заман талабына тез бейімделіп, қиындыққа қасқая қарсы тұ­руға тиіссіздер. Бүгін де, дағдарыстан кейін де ең маңызды даму тренді – ада­ми капиталдың сапасы. Зерделі де зерек, білімді де білікті жастары бар ел­дің қашанда еңсесі биік, ертеңі нұрлы бол­мақ», делінген Елбасының құттықтау хатында.

Өз сөзінде Бақытжан Темірболат Қа­зақ­стан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінде өтіп жатқан форумның маңыздылығын атап өтті.

Жиынға қатысқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйледі (Мемлекеттік хатшының сөзі бөлек беріліп отыр).

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жиында бас қосқан жастарға жаһандық өзгерістерге еліміздің әр азаматы бейім­деле білуі керектігін еске салды.

«Қазіргі кезде қарқын алған жаһан­дық өзгерістерге еліміздің әр азаматы бейімделе білуі керек. Бұл ретте жас­тарға артылатын сенім мен жауап­кер­шіліктің жүгі зор. Елбасы айтқандай, біздің басты үш қағидатымыз – жауап­кер­шілік, командалық рух және өзіміздің құн­дылықтарымызға берік болуымыз керек. Партия мүшелеріне арнап ай­тылған бұл сөздер кез келген жас үшін де темірқазық бола алады деп есептеймін. Осы орайда жетістікке жеткісі келетін әр жас осыларды ұстануы керек», деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Ақпарат және қоғамдық даму минис­тр­інің міндетін атқарушы Серік Егіз­баев «Бабаларымыз ертеден аңсаған тәуел­сіз­дігімізге қол жеткізіп, Ұлы дала төріне әлем мойындаған мемлекет құрғаны­мызға биыл 30 жыл толып отыр. Бұл ара­лықта еліміз тұрақты даму жолына түсіп, тарихта бұрын-соңды болмаған зор же­тіс­тіктерге қол жеткізді. Әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Тұңғыш Пре­зидентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», деген болатын», деді.

«Ежелден ата-балаларымыз өз атаме­кенін, Отанын, тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен Мемлекеттік рәміздерін жү­рекпен сүйе білген, қорғаған әрі келешек ұрпағына да сол отансүйгіштік тәрбиені берген. Жастар – сіздер болашақтың мәң­гілік қозғаушысы, үлкен күшсіздер. Оған дәлел – ел намысын байрақты бәсе­келер мен дүбірлі додаларда қорғап, күн астында қыраны қалықтаған көк Туымызды биіктен жебіретіп жүрген жас жерлестеріміздің жетістіктері. Қазақстан халқының әр бесінші азаматы 14-тен 29 жас аралығындағы ел жастары саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстаның болашағы саналы әрі талапты ұрпақтың қолында» деген болатын. Жастарымыздың дамуына мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік пен жағдай жасалып жатыр. Олардың әл-ауқатын жақсарту мен болашаққа сенімін арттыру – ел Президенті жүргізіп жатқан жастар саясатының басты бағыты», деді Серік Егізбаев.

Сондай-ақ елорда әкімі Алтай Көл­гінов, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқа­ру­шы директорының орынбасары Әл­кей Марғұланұлы, «Халықаралық бағ­дар­ламалар орталығы» АҚ директоры Айнұр Карбозова, халықаралық жас­тар ұйымдарының басшылары жиынға жинал­ған жастарды құттықтап, игі тілек­терін біл­дірді.