Қаржы • 07 Маусым, 2021

Зейнетақы жинағын жеке компанияларға беру өзін ақтады ма?

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылдан бастап зейнетақы қоры салымшыларының өз жинақтарын жеке басқарушы компанияларға беру құқығы пайда болғаны белгілі. Әрине, жинақты БЖЗҚ шотында да сақтап, сол жерде де инвестициялық табыс көруге болады. Бірақ Үкіметтің жеке компанияларды да бұл іске тектен-текке араластырып отырмағаны белгілі. Өз кезегінде олар да барынша табысты еселейтінін, тіпті БЖЗҚ-ға қарағанда екі-үш есе жоғары кірістілік алып келетінін айтуда.

 

Зейнетақы жинағын жеке компанияларға  беру өзін ақтады ма?

Қор дерегі бойынша әзірге ең жоғары табыстылық – Jýsan Invest АҚ еншісінде. Бұл акционерлік қоғамның сенімгерлік басқаруында 1,2 млрд теңге жатыр. Бір айдағы өсім 83,31 пайызды көрсеткен. Зей­нетақы жинағы портфеліндегі негізгі үлесті Exchange Traded Funds баға­лы қағаздары алып отыр – 46,36 па­йыз. Жыл бойғы есептелген инвес­ти­циялық табыс мөлшері 30,24 млн теңгені құраса, соның 25,37 млн-ы – бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен табыс. Зейнетақы актив­терінің табыстылығы 3,69 па­йызға жеткен.

Ал BCC Invest АҚ басқаруында 540,5 млн теңге бар. Портфельдің 28,34 пайызын ETF паиы құрайды. Есептелген инвестициялық табыс мөлшері 5,02 млн теңге шамасында. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 1,26 пайызға бағаланған. Есептелген инвестициялық табыстың басым бөлігі кері репо операциялары бо­йынша сыйақыдан және шетел валютасын қайта бағалаудан түскен.

Тағы бір жеке басқарушы компания – Сентрас Секьюритиз АҚ-да салымшылардың 337,35 млн теңгесі бар. Портфельдегі негізгі үлес Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына тиесілі – 79,31 пайыз. Есептелген инвестициялық табыс мөлшері – 2,64 млн теңге. Бұл компаниядағы зейнетақы активтерінің табыстылығы – 0,87 пайыз.

Halyk Global Markets АҚ өзіне бұйырған 751,17 млн теңгені басқарумен айналысуда. Портфельдің негізін кері репо операциялары құрап тұр. Оның үлесі шамамен 73,42 па­йыз көлемінде. 2021 жылдың 1 мамы­рын­дағы жағдай бойынша есептелген инвестициялық табыс мөлшері – 5,01 млн теңге. Ал зейнетақы активтерінің табыстылығы 0,8 пайызға тең.

Сәуір айында зейнетақы актив­терін кезең-кезеңімен сыртқы бас­қарушы компанияларға беру шең­бе­рінде шетелдік эмитенттердің жалпы сомасы 14,31 млрд теңгені құ­райтын депозитарлық қолхаттары аударылды. Ұлттық банктің сенім­герлік басқаруында 12,59 трлн теңге көле­міндегі зейнетақы активтері қал­ған. Жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыс мөлшері 488,52 млрд теңгені құраған. Ал са­лым­шылардың шотына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыс­ты­лығы 3,8 пайызды құраған, бұл ретте инфляция деңгейі – 2,70 па­йыз. Осылайша, БЖЗҚ зейнетақы ак­­тивтері бойынша шынайы табыс 1,1 пайызға тең.