Қоғам • 07 Маусым, 2021

Күріш көлемін қысқарту егіншіліктің ертеңіне қауіп

1031 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Су тапшылығына байланысты қазір Сырдағы күріш көлемін қысқарту туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Өңірдің азаматы ретінде осы мәселеге өз пікірімді білдіре кеткенді жөн көріп отырмын.

 

Күріш көлемін қысқарту егіншіліктің ертеңіне қауіп

Қызылорда облысының егін­­шілік саласы табиғи кли­мат­тық және топырақ жағ­дайына байланысты ауыс­па­­лы егістік жүйесіне негіз­дел­ген. Сондықтан өңір­дің то­­пырақ құрамына сәйкес егін шаруашылығында пайда­ла­нылған судың басым бөлігі топырақ тұздылығын шаюға жұм­салатындығын ескерген жөн.

Күріш дақылы топырақ құра­мының тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөлге ие екендігін ес­керген Ресей, Орталық Азия, Жа­пония, Еуропа елдері және Америка Құрама Штаттары сияқты ірі мемлекеттерде күріш егі­сін азайту туралы мәселе көте­рілмейді.

Сонымен қатар әлем бойынша күріш өнімін тұтыну кө­лемі жылына 781 млн тонна болса, нақты өндірілетіні – 750 млн тонна ғана. Яғни әлем бойынша күріш өніміне қажеттілік әлі де толық қамтамасыз етуді қажет етеді.

Арал өңірінің ерекше то­пырақ-климаттық және гидро­геологиялық жағдайларында күріштің мелиоративтік-эко­логиялық, экономикалық және әлеуметтік маңызы зор екенін ұмытпауымыз керек.

Күрішті 3-4 жыл қатарынан өсіргеннен кейін сол танапта әртараптандырылған дақыл­дарды өсіруді қамтамасыз ететін тұз балансы қалыптасады.

Мына факторды да еске­руіміз керек, аймақтың суару каналдары мен коллекторлық дренажды жүйесі судың үлкен шығындарын өткізуге арналған және суды аз тұтынатын да­қыл­дарды өсірудің вегета­ция­лық кезеңінде суару желісін бірнеше рет толтыру қажет. Бұл су ысырабына соқтыратыны тағы белгілі.

Суару жүйелерінің бар­лығы ешқандай бетон немесе басқа да қаптамалармен қап­талмағандықтан, судың фильтрация шығыны өте жоғары болады. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қыруар қаржы керек.

Сондай-ақ күріш егісі азай­ған жағдайда экологиялық дағ­дарыс әсерінен барлық инженерлік-дайындалған жер­дің шөлейттену қаупі артады. Жоғарыда атап өткендей Сыр топырағында ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтай отырып, күріш дақылы тұрақты егіл­­мейтін болса топырақтың екінші қайтара тұздану процесі кү­шейіп, инженерлік жүйеге кел­тірілген жерлеріміздің айналымнан шығып қалатындығы белгілі.

Облыстың суармалы жүйеге бейімделген егіншілік саласы Сырдария өзенінен су алатын бірнеше массивтен тұрады.

Жалпы облыстағы егін ша­руа­шылығының нақты жағ­дайына келетін болсақ, қазір аймақта 180 мың гектардан ас­там егістік жер­лер болса, оның 175 мың гек­тарға жуығы инже­нерлік жүйеге келтірілген.

Жыл сайын облыста егілетін егіс көлемі де осы 180-188 мың гектар төңірегінде. Оның ішін­де 80-85 мың гектарына немесе 45,2 пайызына ғана күріш егі­леді. Қалған 54,8 пайыз жерге 12,2 мың гектарға жуық дән­ді, 6 мың гектарға майлы, 66,4 мың гек­­тарға мал азықтық дақыл­дар және 18 мың гектардың үс­тінде кар­топ, көкөніс, бақша дақыл­дары егіледі.

Сонымен қатар жыл сайын егіс­тік алқаптардағы су жүйе­ле­рін тазарту, гидротехникалық құ­рылыстарын жөндеу жұмыс­тары атқарылып келеді.

Атап айтқанда, 96 шаруа­шылық аралық, 1 762 ішкі ша­руа­шылық аралық канал жөн­деуден өтіп, одан 2 734 мың текше метр топырақ шығарылды. Сондай-ақ облыстық комму­нал­дық меншіктегі ұзындығы 183,8 шақырым болатын 29 канал тазаланып, оның бойындағы 39 гидротехникалық құрылыс жөнделді.

Күріш атыздарында суармалы суды ысырапсыз пайдалану үшін жыл сайын лазер­лік «Мара» агрегатымен жер тегістеу жұмыстары атқа­ры­луда. Атап айтқанда, 2013 жылдан бері барлығы 47 022 гек­тар күріш алқабына тегістеу жұ­мыстары жүргізілді.

Об­лысқа келетін негізгі бірден-бір су көзі Сырдария өзе­­ні екені белгілі. Биыл өңір­дегі егіс көлемін сумен толық қам­тамасыз ету үшін 4,2 млрд текше метр су қажет болса, бұл үшін Шардара мен Көксарай су қоймаларына 7,4 млрд текше метр су жиналуы керек болатын.

Алайда Нарын – Сырдария каскадының су қоймаларында жылдың басындағы жиналған су­дың көлемі өткен жылмен са­­лыс­тырғанда 3,1 млрд текше метрге аз болды. Осының сал­­дарынан облысқа мамыр айын­да Шардара су қоймасынан Сыр­­­дария арнасына тасталған су 2020 жылмен салыстырғанда 50-100 текше метрге кем беріліп, күр­делі жағдайды аймақ басшысынан бастап, әкімнің салаға жауапты орынбасары, басқарма басшылығы мен мамандары күн­делікті бақылауда ұстап отыр. Сырдария өзеніндегі су тап­­шылығының алдын алу ба­ғы­­тында бірқатар жұмыс мер­зімінде үйлестірді.

Су тапшылығы жағдайына байланысты егілген ауыл шаруа­шылығы дақылдарының егіс көлемдерін судан қалдырмау шараларын ұйымдастыру үшін қала және аудандармен бірнеше мәрте селекторлық мәжіліс өткізіп, суармалы су бөлінісін реттеу мақсатында тиісті жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы негізінен бекітілген лимит бо­йын­ша аудандар аралығындағы магистралды каналдар арқылы бөлінген судың көлеміне сала мамандары мен шаруашылық құрылымдары басшыларының қатысуларымен мониторинг жасап және шаруашылықтар арасында су тапшылығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүр­гізді.

Осының нәтижесінде 1 мау­сымға дейін жоспарланған 188,2 мың гектар егістің 183,2 мың гек­тары егілді. Оның ішінде не­гізгі дақыл күріштің көлемі 82,3 мың гектар болып отыр.

Бұған қоса, көктемгі егін нау­қаны кезінде суармалы су тап­­­шылығына байланыс­ты ай­­мақ басшысының берген тап­­сыр­масына сәйкес егісті әртараптандыру бағытында облыста қант құмайы 40 гек­тарға, соя 53 гектарға, жүгері да­қылы 1 443 гектарға егілді. 600 гектарға мақсары дақылы егі­ліп, 26,5 гектарға жеміс-жи­­дек және жүзім көшеттері отыр­ғызылды.

Сонымен бірге биыл суар­малы суды үнемдеу мақса­тын­да Қазалы ауданында жаң­бырлатқыш қондырғысын пайдалана отырып 87 гектар жерге жүгері егу жобасы өндіріске енгізілсе, Жаңақорған ауданында тамшылатып суару әдісімен 3 мың гектарға қызанақ, Шиеліде жаңбырлатқыш қондырғысын пайдалану арқылы 10 мың гек­тарға мал азықтық жоңышқа дақылын егу жобалары бір­тін­деп іске асырылуда.

Сонымен қатар Ыбырай Жа­қаев атындағы Қазақ күріш ша­руашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары өңірдің климаттық жағдайына бейім­делген, вегетациялық мер­зімі қысқа, суды аз қажет ете­тін «Сыр сұлуы», «Ай Керім» жер­гілікті сұрыптарын шығарып, өндіріске енгізуде. Оның көлемі биыл 2500 гектарға егілсе, ал­дағы жылдары көлемдері ұл­ғая түседі.

Осы өңірдің азаматы ре­тінде Үкімет тарапынан облыс әкімдігі мен өңір ғалымдарының су тап­шылығы мәселесін шешу бағы­тында атқарып жатқан жұ­мыстарын жоққа шығаруға болмайды деп санаймыз.

Тағы бір айта кететін ма­ңыз­ды жайт, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі бекіткен Сыр­­­дария өзенінен облысқа егіс шаруашылығы үшін 2025 жыл­­дарға дейінгі мерзімге бе­кі­тілген су пайдалану лимит­тері. Осы лимит аясын­да эко­логиялық қажет­тіліктерге 1,2 млрд текше метр, ауыл шаруа­шылығын тұрақты суа­руға 4,2 млрд текше метр қарас­тырылған.

Бұл арқылы су ресурстарын тиімді пайдалана отырып, жыл сайын саны өсіп келе жат­қан облыс халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру, мал шаруашылығына азықтық база жасау, жаңа технологияларды енгізу, жалпы саланы одан әрі дамытуға толық мүмкіндік бар.

Оған мемлекет тарапы­нан көрсетіліп жатқан қолдаулар­дың нәтижесінде аяққа тұрып, ма­териалдық техникалық ба­за­сы нығайған облыс ауыл ша­руашылығы тауар өндіру­шілері мен жергілікті ғалымдар бірлесіп, жүйелі жұмыс істеу арқылы қол жеткізуде.

Сондықтан облыста эконо­ми­калық және азық түліктік ма­ңызға ие күріш дақылын бірден азайту немесе бас тарту суар­ма­лы жерлердің жағдайын на­шарла­тып қана қоймай, осы салада жұмыс атқарып жүрген мың­даған халықты табысы мен күнкөрісінен, ата кәсібінен айыру деп есептейміз.

 

Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,

техника ғылымдарының докторы,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры

 

Қызылорда облысы