Осы орайда, біздің жігіттердің ерлегенін айта кетуге тиіспіз. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарының барлығын ойсырата ұтқан қос бірдей қандасымыз жартылай финалда күш сынасу мүмкіндігіне ие болды.
Сол мүмкіндікті 28 жастағы Ғұсман Қырғызбаев ұтымды пайдаланды. 60 кило салмақта сынға түскен ол алғашқы айналымдарда чехиялық Давид Пулкрабек, германиялық Мориц Плафки және моңғолиялық Унуболд Лхкагважамтсты жеңіп, жартылай финалда Валид Хиярмен күресті. Еуропа чемпионы деген атағы бар Францияның сақа спортшысы қайсар қазақтың қарқынына шыдас бере алмады. Ал ақтық сайыста Қырғызбаев ресейлік Яго Абуладземен айқасты. 24 жастағы Мәскеу облысының тумасы былтырғы Еуропа чемпионатында күміс алса, биыл қолаға қол созған еді. Қос мықтының тартысында Абуладзенің асығы алшысынан түссе, Ғұсман әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Дәл осы салмақта Мағжан Шамшадиннің де жеңіс тұғырына көтерілуіне тамаша мүмкіндігі болды. Кезінде жастар арасында әлем чемпионы атанған қандасымыз тұсаукесер кездесуінде украиналық Артем Лесюктің аяғын көктен келтірсе, іле-шала Еуропа ойындары мен құрлық біріншілігінің қола жүлдегері бельгиялық Йорре Ферстрэтенен басым түсті. Одан кейін Мағжан әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған Еуропа чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригостан айласын асырды. Алайда жартылай финалда Ресейдің мықтысы Яго Абуладзеге оның әлі жетпеді. Содан Шамшадин әзірбайжандық Харамат Гусейновпен қола медаль үшін белдесті. Қосымша уақытқа дейін ұласқан бұл белдесу Қап тауы қыранының пайдасына шешілді. Мағжан бесінші орында қалып қойды.
Өкінішке қарай, қыздарымыз ел сенімін ақтай алмады. Алғашқы екі айналымнан еш қиналмай өткен 48 кило салмақтағы Отгонцэцэг Галбадрах үшінші кезеңде өзінің бұрынғы отандасы әрі сыралғы қарсыласы Уранцэцэг Мұңбатынға есе жіберді. Ал Әбиба Әбужақынова тұсаукесер бәсекесінде кореялық Ю Жонг Канға жол берді.
Әлем чемпиондары мен жүлдегерлері
Әйелдер
48 кило: 1. Натцуми Цунода (Жапония), 2. Вакана Кога (Жапония), 3. Уранцэцэг Мұңбатын (Моңғолия) мен Джулия Фигероа (Испания).
Ерлер
60 кило: 1. Яго Абуладзе (Ресей), 2. Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан), 3. Харамат Гусейнов (Әзірбайжан) пен Франсиско Гарригос (Испания).