Осы күндері өңірлік комиссия қызу жұмыс жүргізіп жатқаны баяндамашылардың атқарып жатқан жұмыстары туралы айтқандарынан айқын көрінді. Халықтың қарсылығына қарамай қанды қырғынмен өкімет билігін орнатқан бәлшебектердің жасаған істері мыңдаған жазықсыз жандарды ғана емес рухани құндылықтарды да тас-талқан еткені бұлтартпас фактілермен жария етілді. Сол жылдары жазықсыз атылған, жапа шегіп, денсаулықтарынан айрылған, ұзақ жылдар түрме азабын шеккен адамдардың бәрін ақтау – коммунистік қырғынның оспадарсыз қылмысты қылықтарын ашып, ондайдың енді қайталанбауын бүгінгі ұрпаққа паш ету екені белгілі.
Солтүстік Қазақстан университетінің пофессоры Зарқын Тайшыбай өзінің сөзінде қуғын-сүргінде халқымыздың атақты ақыны Мағжан Жұмабаев қана емес, оның әке-шешесі де, аға-інілері де қысастық көргенін айтып, осылардың бәріне арнап ескерткіш-белгі қоюды ұсынды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, мемлекеттік комиссия жобалық кеңсесінің қызметкері Ажар Рахымбекова ақтау жұмыстарының методологиялық әдіс-тәсілдері туралы айтып берді. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова өңірімізде саяси-қуғын сүргінге ұшыраған барлық жандардың электрондық базасы жасалғанын мәлім етті. Оның ішінде бүгінге дейін ақталмаған 2388 адамның есімі бар екендігі жеткізілді.
Сонымен бірге ол облыс аумағының Тимирязев ауданының Жарқын деген ауылының жанында ашық аспан астында «Байқала» деген концлагерьдің ұйымдастырылғанын айтты. Осында жас бала-шағасымен қамалған талай байлардың отбасылары 3-4 ай бойы ұсталыпты. Күз түгілі жаздың күнінде далаға жату қиындық тудыратын Сібірдің шетіндегі ызғарлы ауа райында жылы киім-кешектері тәркіленіп, далада жатқан жандардың жүздеген жас балалары да суықтан келетін түрлі сырқаттардан шәйіт болған екен.
«Талай жазықсыз сәбидің ажалына себеп болған бұл жерді біз болашақта Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері тізіміне енгізіп, ескерткіш-тақта орнатуға ниет етіп отырмыз», деді Сәуле Зейноллақызы.
Сонымен қатар оның баяндамасында төңкеріске дейін Қызылжарда болған тоғыз мешіт пен алты шіркеудің толық талқандалғаны және діни қызметкерлердің тегіс қудаланғаны туралы айтылды. Осы тақырыпты өзінің баяндамасында өңірлік комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Зәуре Картова да жалғастырды.
Тарих ғылымдарының докторы, университеттің проректоры Ақмарал Ыбыраеваның баяндамасы 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде тұтқында болған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау тақырыбына арналып, осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Өңірлік комиссияның тағы бір мүшесі Людмила Гривенная 1917 жылдан 1930 жылдың ортасына дейінгі шаруалар қарсылығы қозғалысына қатысушылар тақырыбына тоқталды. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Нұрболат Әбуов «Депортацияланған халықтар мен арнайы жер аударылғандар» деген тақырыпта баяндама жасады.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған сөзінде облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов барлық ұсыныстар мен пікірлер сараланып, арнаулы жинақ болып шығатынын жеткізді.
ҚЫЗЫЛЖАР