Білім • 07 Маусым, 2021

Білім министрлігі педагогтарға арналған олимпиадалар тізбесіне өзгерістер енгізді

572 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова биылдан бастап педагогтарға арналған 33 олимпиада мен конкурс алғаш рет енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Білім министрлігі педагогтарға арналған олимпиадалар тізбесіне өзгерістер енгізді

Білім және ғылым министрлігінің олимпиадалар тізбесін бекіту бойынша тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл өз кезегінде сапалық өзгерістерге қатысты. Осы жылға дейінгі олимпиадалардың тізбесінде 56 олимпиадалық іс-шара қарастырылған болса, бекітілген тізімде 175 іс-шараға дейін кеңейтілді.

«Сонымен қатар тізбеге биылдан бастап педагогтарға арналған 33 олимпиада мен конкурс алғаш рет енгізілді. Олардың нәтижелері педагогтарды біліктілік беруге аттестаттау кезінде ескерілетін болады. Ашықтық, Академиялық адалдық, қатысушылар үшін тең жағдай жасау және әділ нәтижелер – жарыстарды өткізуді автоматтандыру есебінен қамтамасыз етіледі», деді Ш. Каринова.

Оның айтуынша, егер осы іс-шараларды ұйымдастырушылардың Академиялық адалдық, заңдылық, ашықтық, объективтілік, тегін өткізу қағидаттарын бұзу фактілері анықталса, онда олимпиада немесе конкурс тізбеден алынып тасталатын болады. Дәл осындай қағидаттар мен критерийлер жаңа іс-шаралар тізбесіне енгізу үшін де ескерілетін болады.

Осылайша, министрлік елімізде өткізілетін конкурстар мен олимпиадалардың сапасы мен тиімділігін арттыруға ниетті. Сонымен қатар қазіргі кезде қазақстандық білім беру нарығында жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдар да осы қызметтерді ақылы ұсынып келеді.

Бұған дейін Шолпан Каринова Білім және ғылым министрлігінің бұл ақылы жарыстарға ешқандай қатысы жоқ екенін айтқан болатын.