Әлем • 07 Маусым, 2021

Болгария билігіне төнген «қара бұлт»

491 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада АҚШ тарапы Болгарияның бірқатар шендісі мен 60-тан астам компаниясына парақорлыққа араласқан деген айыппен санкция салды. Мәселенің мәнісі сол, халықаралық ұйымдар аталған елде кейінгі кезде жемқорлық тамыр жая бастағанын айтып дабыл қағып отыр. 

Болгария билігіне төнген «қара бұлт»

Transparency International ұйымының мәліметіне сүйенсек, Болгария қазіргі таңда жемқорлық рейтингі бойынша 69-ші сатыда тұр. Былтыр 74-ші орынға жайғасқан еді. Бір жыл ішінде бес сатыға көтерілгеніне қарамастан, Болгария Еуропалық Одақтағы жемқорлық кең жайылған мемлекет саналады.

Өкінішке қарай, қарт құрлық қан­ша тырысқанымен, аталған елдегі пара­­қорлықты азайта алмай келеді. Еуро­палық Комиссия ресми Софияны жем­қорлыққа қарсы күресе алмағаны, пара алғыш шенеуніктерді темір торға қама­мағаны үшін талай мәрте сынаған-ды. Алайда бұдан жағдай жақсарған жоқ.

Болгарияның уақытша премьер-министрі Стефан Янев санкция туралы АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Виктория Нуландпен телефон арқылы сөйлескенде естігенін мәлімдеді. Оның пайымдауынша, бұл елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін тиімді болмақ.

«Серіктестерімізбен және одақтас­тары­мыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіл тәсілді қолданып күресуде прин­ципті және практикалық басымдық­тар қажет деген пікірімен толықтай келісеміз», делінген Болгарияның сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.

АҚШ Қазынашылық департаменті 64 жастағы олигарх Васил Божковты Ресей билігіне Болгария үкіметіне ықпал ету арнасын құруды жоспарлап, мемлекеттік қызметкерлерге пара берді деп айыптап, санкция салғанын мәлімдеді.

Божков – Болгариядағы ең бай адам­дардың бірі. Ол елдегі құмар ойын бизнесін бақылауында ұстайды. Былтыр ол бопсалау, салықтан жалтару, пара беру секілді қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін елден қашып кеткен-тұғын. Содан бері Божков Дубайда бойтасалап, әлі күнге дейін өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарудан танар емес.

Сонымен қатар кәсіпкер, парламент­тің бұрынғы депутаты Делян Пеевскиге, шенеунік Илько Желязковқа да санкция салынды. Қазынашылық департаментінің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, кейін­гісі кезінде Пеевскидің парақорлық тәсі­лін жүргізуге көмектескен. Қазына­шы­лық департаменті оны өзін қоғамдық бақы­лаудан қорғауға, маңызды мекемелер мен салаларға бақылау жасау мақсатында пара берді деп айыптайды.

Бұдан бөлек, Божков пен Пеевскиге тиесілі 64 компания «қара тізімге» енді. Олардың енді АҚШ-тың қаржы жүйе­сіне кірулеріне рұқсат жоқ. Сондай-ақ екеуі­нің АҚШ-тағы активтері бұғат­талып, америкалық кез келген заңды және жеке тұлғаға олармен жұмыс істеуге тыйым салынады.

Пеевски де өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Дегенмен, тықырдың таянғанын сезсе керек, кейінгі бір жыл көлемінде ол өзіне тиесілі көпте­ген жылжымайтын мүлікті сатып жібер­ген. Сондай-ақ бақылауындағы бұқара­лық ақпарат құралдарынан да бас тартты.

Бұл аз десеңіз, АҚШ Мемлекеттік департаменті Болгарияның бұрынғы шенеуніктері Александр Манолевті, Петар Харалампьевті, Красимир Томов­ты, Пеевски мен Желязковты сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп есептейді. Сондықтан оларға және отбасыларына АҚШ-қа кіруге рұқсат жоқ.

Бір қызығы, кей сарапшылар Бол­гария­дағы жемқорлықтың тамыр жаюы­на жол бергені үшін Еуропалық Комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен Германия канцлері Ангела Меркельді кінәлайды.

Басты себеп мынада. Бұған дейін он шақты жыл премьер-министр лауазымын атқарған Бойко Борисов Еуропалық Одақтағы шенеуніктермен етене жақын болған. Сарапшылар бертінге дейін оның жүргізген саясатына қатысты Брюссельдегі шенеуніктер батырып сын айта алмаған деп есептейді. Соның салдарынан елде парақорлық кең таралып отыр.

Айта кетерлігі, 1 шілдеде Болгарияда парламенттік сайлау өтпек. АҚШ-тың «қара тізіміне» іліккендер алдағы сайлаудан мол үміт күтеді. Өйткені қазіргі таңда Бойко Борисов басшылық жасайтын GERB партиясы жеңістен үмітті. Ал Божков – «Құқық және еркіндік» партиясының құрамында.