Экономика • 08 Маусым, 2021

ЕАЭО-да тең мүмкіндік сақталған ба?

832 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты қоғамда айтылып келе жатқан сын аз емес. Әсіресе бұл ұйымның қызметі тек Ресейге оң ықпал етіп, қалған мүше мемлекеттер солтүстіктегі көршіміздің ырқына жығылуға мәжбүр деген әңгімелер ел арасында жиі айтылады. Алайда Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне сенсек, 6 жылда Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты 25%-ға өсіпті.

ЕАЭО-да тең мүмкіндік сақталған ба?

Сауда және интеграция вице-министрі Жанел Кушукованың айтуынша, ЕАЭО аясында өзара сауда көлемін ұлғайтуға бірқатар шара мүмкіндік беріп отыр. Бұл бірінші кезекте бизнес үшін шығындарды қысқартумен, кедендік декларациялауды алып тастау есебінен экспорт кезінде құжаттық жүктемені төмендетумен, сәйкестік сертификаттарын, сол секілді ветеринарлық және сани­тарлық құжаттарды өзара растаумен байланысты. Тұтастай алғанда, ведом­ство өкілі экспорттық тауарлардың ассор­тименті өзгертіліп, ұлғайғанын айтты.

«Егер де тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экспортымызда әдеттегі шикі­зат тауарлары басым болса, қазір оның 58%-ын өңделген тауарлар алмастырды. 2015-2020 жылдар аралығында ЕАЭО елдеріне шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 35%-ды немесе 2,8 млрд доллардан 3,7 млрд долларға дейін ұлғайғанын көрсетті. Былтыр ресейлік сауда желілеріне жеткізілген жеміс пен көкөніс өнімдері 2,3 млрд доллардан асып жығылды», деді Ж.Кушукова.

Жауапты ведомствоның ақпаратына сенсек, азық-түлік өнеркәсібінің жылдық әлеуеті өнімдерді бір ғана Ресей нарығына шығару 100 млрд теңгеден аса кіріс әкелуге қауқарлы. Қазақстан экспортының шамамен 10%-ы одаққа мүше елдердің нарығына жеткізіледі. Министрліктің өкілі айтқандай, ЕАЭО нарығына шығарылатын қазақстандық экспорттың басым бөлігі шағын және орта бизнеске тиесілі.

«ЕАЭО-ның таяу жылдарға арналған даму стратегиясын талқылау кезінде Қазақ­стан бірлескен өнеркәсіптік кәсіп­орындар құру және мүше мемлекеттердің өнер­кәсіптік субъектілері арасындағы байла­ныстарды нығайту одақ нарығын­дағы кедергілерді жойып, өзара сауда көлемін ұлғайтуға қосымша серпін бере­тінін бірнеше рет айтқан еді. Ұйым­ның қыз­меті басталғалы бері осы бағыт­тағы жұмыс жанданды. Бірлескен кәсі­п­орын­дар саны 2015 жылдан бастап 6 272-ден 13 503-ке дейін өсті», деді министрдің орынбасары.

Құзырлы органның өкілі одаққа мүше мемлекеттер арасында тең мүмкіндіктің сақталмайтыны туралы әңгіменің әлеу­меттік желіде жиі айтылатынын жасырған жоқ. Десе де Сауда министрлігі бұл пікір­лермен толық келіспейтінін жеткізді.

«Рас, әлеуметтік желілерде бұл одақ­тан әлдебір мемлекет қана пайда көріп, қалғандары тыс қалып жатыр деген пікір­лер жиі кездеседі. Бірақ мынаны ескеру қажет: ең алдымен ЕАЭО тауарлардың, азаматтардың және қаражаттың еркін ағынын қамтамасыз етуге басымдық береді. Ал мұндай мүмкіндікті қалай пайдалану қажет? Бұл – бизнестің еншісіндегі мәселе», деді вице-министр.

Оның пікіріне сүйенсек, еліміздің жоға­рыда аталған көрсеткіштері тең мүм­кіндіктің сақталып отырғанына айқын дәлел.

«Еліміздің экспорт саласында айтар­лықтай өсім бар. Одақ шарттарындағы мүмкіндігімізді тиімді пайдалану үшін қарқынымызды арттырып келеміз. «Одақтан Ресей көбірек пайда көреді деген тезис шындыққа жанаспайды. Ресей ЕАЭО ІЖӨ-сінің 87%-ын алып отырғанын ескерсек, одақ құрылмаған күннің өзінде нарықтарымызда ресейлік тауарлардың айтарлықтай үлесі болатыны сөзсіз. Бірақ қазір бірыңғай талаптар қабылданып, отандық тауарларымызды еркін тасымалдауға, сондай-ақ Ресейдің нарығындағы белгілі бір орынды иеленуге мүмкіндік беретін жағ­дайлар жасалып жатыр», деді Сауда министрлігінің өкілі.

Десек те жауапты министрлік ұйым шеңберінде кедергілердің бар екенін айтты. Құзырлы орган мамандарының сөзіне сенсек, екі жылдың ішінде ведомство шамамен 100 млн доллар көлеміндегі кедергілерді жоюға күш салған.

«Барлық ел сауданы кедергісіз жүзеге асыруды реттейтін шартқа қол қойғаннан кейін еркін сауданы жүргізуге қандай да бір тосқауыл қойылса, ол міндеттеменің сақталмауы деп саналады. Сондай-ақ оны Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында заңды түрде талқылап, жоюға мүмкіндік берілген. Министрлік қазақстандық тауарларды шығаруға кедер­гі келтіретін мұндай мәселелерді анық­тап, жоюға байланысты белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде оның ал­дын алуға қатысты оң динамика бай­қалады», деді Ж.Кушукова.

Министрліктің ақпараты бойынша 2016 жылдан бастап түрлі әкімшілік кедергілердің 83%-ы жойылған.