Аймақтар • 08 Маусым, 2021

Мәслихаттардың мәртебесін арттырсақ...

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жергілікті жерлерде халық сайлаған өкілді орган мен атқарушы орган мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады. «Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» Заңда осылай жазылған. Демек барлық деңгейдегі мәслихаттар – жергілікті мемлекеттік басқарудың бір қанаты.

Мәслихаттардың мәртебесін арттырсақ...

Мәслихаттардың құзыреті біршама ауқымды. Атап айтқанда, олар тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітеді. Әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын әкімнің ұсынуы бойынша бекітеді, құрылыс мәселелерін шешеді, жылу маусымына дайындық және оны өткізу, қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекітеді. Әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының шешiмімен тиісті әкімдіктің дербес құрамына келісім береді.

Сонымен қатар мәслихаттар атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдайды және тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізе алады. Бұған қоса, мәслихаттар аумақтық жəне учаскелiк сайлау комиссияларының мүшелерiн сайлайды. Тіпті жергілікті бюджеттің, аумақты дамыту бағдарламаларының атқарылуына бақылау жасау құзыреті де бар. Бюджеттің атқарылуы туралы тексеру комиссияларының жылдық есебін де қарап, тиісті ұсыныстар енгізе алады.

Құзыреті осыншалық мол болғанымен, мәслихаттардың құқығы шектеулі сияқты. Мәселен, қолданыстағы заңнамада мәслихаттардың аумақты дамытудың жоспары мен бағдарламалары бойынша бастама жасауы туралы ештеңе қарастырылмаған. Содан да болар, бұл жөнінде мәслихаттар үн қатпайды. Қазір қоғамдық ұйымдар мен партиялар кейбір бастамаларды көтеріп, айталық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес немесе «жасыл қозғалыс» ұйымдастырып жатқанда халық сайлаған мәслихаттар ләм-мим демей, тек әкімдікке қарап үнсіз отырады. Сондықтан жергілікті өкілді органдар әкімнің ұсынған құжаттарын қарап, бекітумен айналысатын, дербестігі жоқ көп мемлекеттік мекеменің бірі сияқты көрінеді.

Бұған, әрине, қолданыстағы заңнамадағы «әкімнің ұсынуы бойынша» деген міндетті шарттың тым көптігі де құрсау болатын сияқты. Өзгесін айтпағанда, тіпті «әкімдік жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамын бекіту»; «Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру; «Облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені әзірлеу және бекіту» сынды құзыреттерінің бәріне «әкімдіктің ұсынуы бойынша» деген сөйлем тіркеліп қойылған. Әкімдік ұсынбаса, мәслихатымыз осындай мәселелерді де өздігінен шеше алмайды.

Мәслихаттардың мәртебесінің іс жүзінде қандай екендігі жоғары лауазымды саяси қызметшілер жұмыс бабымен облысқа келген кезде де байқалып қалады. Олардың бәрін тек облыс әкімі немесе оның орынбасары қарсы алып, сапар бағдарламасына сәйкес нысандарды аралатып көрсетіп жүреді. Осы үрдіс аудандарға да тараған. Облыс басшылары жұмыс сапарымен келсе, қасында тек аудан әкімі немесе оның орынбасары бірге жүреді. Мемлекеттік басқарудың екінші қанатының басшылары көзге ілінбей қалады. Осыны көріп отырған жергілікті жұртшылықтың мәслихаттарға көзқарасы қалай қалыптасары айтпаса да түсінікті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы