Ерлердің финалдық сайысында Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, грузиялық Лаша Шавдатуашвили мен Еуропа ойындарының жеңімпазы, құрлық біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы, швециялық Томми Масиас күш сынасты. Өте тартысты өткен бәсекенің тағдыры шидомен шешілді. Қосымша уақытта Масиас үшінші ескертуін алды. Сөйтіп, Қап тауының қыраны алтын тұғырға көтерілді. Қола медаль жапониялық Сойши Хасимото мен түркиялық Біләл Чилоғылыға бұйырды.
Әйелдер арасындағы жарыстың бас жүлдесін жапониялық Момо Тамаоки мен канадалық Джессика Климкайт сарапқа салды. Бұл тартыс Үйеңкі жапырақтар елі өкілінің пайдасына шешілді. Косоволық Нора Гякова мен германиялық Тереза Штоль қола медальдарды мойындарына ілді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақ елі намысын Жансай Смағұлов пен Аңсарбек Ғайнуллин және Севара Нышанбаева қорғады. Алайда олардың барлығы да екінші айналымнан аса алмады.