Білім • 09 Маусым, 2021

Ақылы олимпиадалардың министрлікке қатысы жоқ

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда оқушыларға арналған ақылы олимпиадалар көбейді. Бірақ орта білім беру ұйымдарының білім алушылары тегін қатыса алатын конкурстар да бар. Оны Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырады.

Ақылы олимпиадалардың министрлікке қатысы жоқ

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова орта­лық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте: «Министрлік ұйымдастыратын зияткерлік олим­­пиадалар мен конкурстарды «Дарын» республикалық ор­талығы, шығармашылық және көркемдік бағыттағы сайыстарды республикалық «Қосымша білім беру» орталығы, спорттық жарыстарды «Дене шынықтыру және спорт» республикалық орта­лығы үйлестіреді. Айта кету керек, министрлік өткізетін барлық конкурс бюджет қаражаты есе­бінен ұйымдастырылады, сон­дықтан оған қатысу тегін. Бұ­дан бөлек олимпиадалар мен кон­курс­тардың қорытындысы бойынша берілетін дипломдар мен медаль, төсбелгілер де оқу­шы-жеңімпаздарға, жүлдегер­лерге тегін беріледі. Осы орайда қоғамдағы ақылы олимпиадалар туралы қызу талқылауға тоқтала кеткім келеді. Қазіргі таңда түрлі жекеменшік ұйымдар оқушыларға арналған ақылы конкурстарды ұйымдастырады. Алайда мұндай қызмет көрсету саласы лицензияланбайды, – деді.

Спикердің сөзіне сенсек, осындай жекеменшік ұйымдар өздерінің жарыстарын министрліктің жоспарында бекітілген конкурстардың тақырыбымен бірдей немесе ұқсас етіп ұйымдастырады. Және қатысуға оқушылардан ақша талап етеді. Тегін ұйымдастырылмайтын олимпиадалар мен конкурстардың бірде-біреуінің аталған ведом­ство­ға қатысы жоқ. Сол себепті ата-ана­лар мен мұғалімдер баланы кон­курстарға қатыстыруда мұқият болғаны абзал.

– Ата-аналар, мұғалімдер мен мектептер әртүрлі олимпиадалар мен конкурстарға балалардың қатысуын таңдағанда мұқият болуы керек. Олар өз қаражатын жұмсамас бұрын ұйымдастырушының кім екенін, балаларды дамыту­да қандай тәжірибесі барын, оқушы­ның болашағына не беретінін, қандай дағдыларды игеретінін анықтап алғаны жөн. Жалпы, олимпиадаларға қатысу – ерікті іс. Әрбір ата-ана баласының ақы­лы жарыстарға қатысу-қатыс­пауын өзі шешеді. Бұл ретте педа­гогтердің де, мектеп әкімші­лік­терінің де, ұйымдастыру­шы­лар­дың да мәжбүрлеуге хақы жоқ. Мұндай фактілер болса, министр­­ліктің өңірлік Білім беру саласындағы сапаны қам­тамасыз ету департаменттеріне жүгіну­ге болады, – деді Ш.Каринова.