Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша АӨК саласында барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,7%-ға ұлғайып, 6,3 трлн теңгеге жетті. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Сонымен қатар, Қазақстанда азық-түлік өндірісі 4%-ға өсті», деді министр.
Министрдің дерегі бойынша, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар ағыны 15%-ға, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 13,5%-ға ұлғайды. Нәтижесінде, АӨК инвестицияларының жалпы көлемі жоспардағыдан 154,2 млрд теңгеге асып, 677,2 млрд теңгені құрады.
«АӨК өндірісінің өсім көлемі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының ұлғаюымен нақтыланды. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 22%-ға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. АӨК саласында жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін британдық The Economist журналы өткізетін азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі де растады. Онда Қазақстан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 позицияға көтеріліп, әлемнің 113 елінің арасынан 32-орынға ие болды», деп атап өтті министр Сапархан Омаров.