Қоршаған ортаның ластануын зерттеумен айналысатын ғалымдар пандемия кезінде шынымен үлкен әрі күтпеген өзгерістер болғанын жоққа шығармайды. Карантин кезінде алыс сапарға шығуға, себепсіз жүруге тыйым салынғандықтан, көлік қозғалысы шектелді. Ал бұл көміртегі эмиссиясының азаюына әкелді.
Сарапшылар локдаунды жаһандық эмиссия көрсеткішінің айнасы ретінде қолданды. Яғни адамдар неғұрлым аз қимылдаса, қоршаған орта соғұрлым тазармақ. Әлбетте, көміртегі тек көліктерден емес, мемлекеттердің экономика драйвері саналатын бірқатар саладан келетін қауіпке жатады. Оған авиация, үлкен зауыттар мен өндірістерді жатқызамыз. Алайда ғалымдар «қозғалыс азайса – эмиссия да төмендейді» деген тұжырымның шындық екенін еске салудан шаршамайды.
2020 жылы наурызда ДДҰ пандемия жариялады. Бір айдан кейін, яғни мамырда ауадағы CO2 деңгейі 7 пайызға азайған. Бұл деректі естіген Google мен Apple сынды технология мен инновация саласындағы алып компаниялар соңғы үлгідегі технологиялар мен құралдарды пайдаланып, ақпаратты тексеруге тырысты.
Бірнеше айға созылған тәжірибе нәтижесі алғашында қуанарлық болғанымен, қазіргі көрсеткіштер аса жағымды емес. Өйткені пандемияға дейінгі қалыпқа қайта оралмасақ та ауаның ластануы бұрынғы қалпына жақындаған.
Сөйтіп пандемияның алғашқы кезеңіндегі көрсеткішті ұстап қалу мүмкін болмапты. Өйткені Google ақпаратына назар салсақ, 2020 жылдың екінші жартысында ауаның ластану деңгейі күрт өскен.
Шектеулер толық алынбаса да, алғашқы толқын кезіндегідей табиғат үшін қолайлы жағдай туғызу мүмкін болмай отыр.
«Қоршаған орта тазарып қалды» дегенімізбен, ғалымдар пандемия Жер планетасына үлкен әсер етпегенін айтады. «Өзгеріс болды, ауа тазалығының деңгейінің артқаны анық. Дегенмен, жаһандық жылынуға тосқауыл болар үлкен өзгеріс болды деуге келмес», дейді Carbon Monitor сарапшылары.
Барлық өндірістің тоқтап, көлік жүрмеуі ауа температурасын небәрі 0,03 градус цельсийге төмендетуге мүмкіндік берген. Үкіметтердің шектеулері жаһандық климаттың өзгеруіне тосқауыл болмай шықты.
«Сонда қандай шара қолдану керек? Адамдардың үйде отыруы да жылынудан сақтамай ма?» деген сұрақ туады. Ғалымдар бұл шектеулердің табиғатты сақтап қалуға арналған жоспар емес екенін, сондықтан мұның тиімсіз болғанын хабарлады.
«Экономикалық, әлеуметтік шектеулер емес, адамдар қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауы керек. Әр адам саналы түрде көміртегі эмиссиясын азайтуға атсалысса игі», дейді экологтар. Яғни жаңа жоспар дайындап, оның ешқандай теріс әсері, шектеуі болмағанын қадағалау керек. Бұл мәселе тек жеке тұлғалармен шектелмей, кәсіпорындар мен компаниялардың күн тәртібіндегі мәселесіне айналса, жағдайдың түзелуі ғажап емес.
Leeds университетінің профессоры Пиер Фостер үкіметтердің де орны ерекше екенін еске салады. «Интеграцияның маңызы зор. Жеке тұлға, кәсіпорындардың жағдайды түсінуі жеткіліксіз. Бұл – мемлекет деңгейіндегі мәселе. Сондықтан әр үкімет жылына ІЖӨ-нің 1,2 пайызын жаһандық температураны төмендетуге жұмсап отырса, жағдайды құтқаруға мүмкіндік бар» дейді.
Дегенмен, жасыл экономика барлық үкімет қолға алған бағдарламалардың қатарында емес. Сондықтан сарапшылар елдегі ішкі мәселелермен қатар, ортақ мәселеге де назар салуға шақырады.