Аймақтар • 09 Маусым, 2021

Тілсіз жауға «жәрдемдескеніміз» қалай?..

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күн сайын Қазір Петропавлда кейбір көпқабатты үйлердің ауласына кіретін жерлерге қақпа орнатып, жауып тастау немесе көлік өтуге болмайтын ауыр тастар қою үрдісі үдеп кеткен. Кейбір пәтер иелері кооперативтерінің басшылары аулаларын таза ұстауды сылтауратып, көліктің ғана емес, жұрттың кіріп-шығуын да қиындатып жіберген. Мұның өзі оқыс оқиға кезінде аулаға төтенше қызмет көліктерінің енуіне қолайсыздық тудырады.

 

Тілсіз жауға  «жәрдемдескеніміз» қалай?..

Адамы аурудан қысылып жатқан үйге жедел жәрдем машиналары жақындай алмай, көшеге тоқтап, сырқат жанды жаяу алып шығуға мәжбүр. Ал өрт шыққан осындай үй­лерге жақындай алмау зардап шегуші адамдардың қасіретін арттыра түседі. Өйткені әрбір минут санау­лы сәтте өрт сөндірушілер жан-жа­ғын түгел қоршап тастаған үй­дің қақпаларын бұзып ашуға әлек­теніп, уақыттарын жоғалтады.

Осындай оқиғаның бірі жуырда болды. Қала ортасындағы П.Васи­льев көшесіндегі 7 пәтерлі үш қа­батты, тұрғындары жан-жағын тү­гел қоршап алған элиталық үйде өрт шыққанда сөндірушілер жұмыс іс­тей алмай көп қиналды. Әйтеуір, жас жігіттер биік ауланың ішіне секі­ріп түсіп, су ататын шлангіні өткізе алды.

«Бірінші қабаттан үшінші қа­батқа дейінгі жалынға оранған балкондарға біз кіре алмай жүр­генде күшейіп алған оттың қызуы ж­ақындатпаған соң төменнен сөн­діре алмай, үйдің төбесіне шығып өшіруге тура келді. Өрт сөндіру барысында 12 адамды эвакуация­лап, 2 адамды өрттен алып шық­тық. Әйтеуір, қаза бол­ғандар мен зардап шеккендер жоқ. Тек пәтер­лердің террасасы мен барлық 3 қабат­тағы балкондар жо­йы­лып, пәтер­лердің пластикалық конс­трук­циялары зақымдалды», деді облыстың Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Орал Әбдірахманов.

Соңғы кезде жиілеп кеткен өрт оқи­ғалары осындай кедергілерді жоюға мәжбүр етіп отыр. Жуырда «Арнайы көлікке – жасыл жарық!» іс-шарасы қолға алынды. Оның аясында Петропавл қаласы ТЖ басқармасының жеке құрамы мен Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖ департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бірлесіп, облыс орталы­ғының аулаларында рейд өткізді. Оның мақсаты – тұрғындары қауіп­сіздік ережелерінің талаптарына немқұрайды қарайтын аулаларды анықтау, аулаларға кіреберістерге қойылған темірбетон блоктар мен қоршауларды жою. Төтенше оқиға орнына шұғыл келетін, қажетті көмек көрсететін, адам өмірін құт­қаратын өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемнің және т.б. арнайы көліктердің өту жолдарын босату. Рейд нәтижесінде Назарбаев, Болатбаев, Хименко, Уәлиханов және Шухов көшелеріндегі көп қабатты үйлердің аулаларынан 8 бетон блок пен 11 металл қоршау алынды. Жолы кедергілерге толы басқа көшелердегі үйлердің тұр­ғындарымен жиналыстар өткізіліп, жадынамалар таратылды.

Жаздың ыстық күндерінің жұрт­ты әбігерге салған тағы бір қасіреті – суға батушылардың жиілеуі. ТЖ департаментінің бастығы, азамат­тық қорғау полковнигі Рамиль Кама­­ловтың айтуына қарағанда, облыс аумағында 12 көл мен Есіл өзе­нінің жағасында орналасқан 58 жа­ғажайда ғана шомылуға рұқсат етілген. Қалғандарында шомылған адамдар тәртіп бұзушылар болып са­налады. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Мамырдың ми қайнатар ыстығы адамдарды ең жақын су қоймаларына қуып тықты. Соңғы 7 жылда облыс бойынша 180 адам суға кеткен, оның ішінде 24 бала бар. Ал былтыр 9 адам суға батқан еді, оның біреуі бала.

ТЖ департаменті бастығының орын­­басары, майор Мұрат Қан­ғо­­жинов: «Бүгінгі күні шомылу жә­не балық аулау орындары бо­йын­­ша 34 патрульдеу  жүргізілді, 1300-ден астам жадынама мен бро­шю­ра таратылды, әңгімелер мен дәріс­тер өткізілді», деді. Сондай-ақ ол суда әрқашан да сақ болып, жаб­дық­талмаған учаскелерде, мас күйін­де, түнгі уақы­тта шомылудың, балалар­ды су қой­маларының жанында қарау­сыз қал­­дыру қауіпті еке­нін айт­ты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы