Алматы қаласының онколог-дәрігерлері автобус жүргізушілері мен такси жүргізушілерін өкпе қатерлі ісігіне қарсы тегін тексерістен өтуге шақырып отыр. Осылайша, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты өкпенің онкологиялық кеселдерін ерте анықтау тәсілдерін тереңдету үшін ғылыми зерттеулерді қолға алды.
Бір жағынан қоғамдық көліктердің жүргізушілері кәсіптеріне байланысты түтін, жанар-жағармай қалдықтары сияқты улы заттармен ұдайы тыныс алуға мәжбүр. Жүре келе мұның салдары өкпе дерттерінің дамуына бастайтыны аян.
Жалпы, қанатқақты жоба шеңберінде 2 мыңдай жүргізушіні тексеру жоспарланған. Әсіресе ер адамдарды, себебі олар өкпе қатерлі ісігіне шалдығуға бейім келеді. Әрі Алматы қаласында өкпе қатерлі ісігіне душар болып қана қоймай, осы сырқаттан болатын өлім-жітім өте көп. Обыр алды ауруларын ерте диагностикалау және алдын алу өкпе қатерлі ісігінің асқынуына жол бермейді. Сондықтан да бұл бастама Алматы қаласының қоғамдық көлік жүргізушілерін тегін тексеруді көздейді.
Зерттеуге қатысу үшін онкологиялық аурулар бойынша есепте тұрмайтын 45 жастан 69 жасқа дейінгі ерлер шақырылады. Тиісті шақыру хаттары Алматы қаласы әкімдігінің Қалалық мобильділік басқармасының басшысына және Алматы қаласының автобус парктерінің директорларына жіберілген.
Жыл сайын елімізде өкпе қатерлі ісігінің 3500-ге жуық жаңа жағдайы анықталады. Қазақстанда онкологиялық аурудан болатын өлім-жітім құрылымында өкпе қатерлі ісігі бірінші орын алады. Шамамен 6-7 қазақстандық күн сайын өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болады. Онкологтер бұл ауруды ерте сатысында анықтау үшін өкпе қатерлі ісігіне скрининг жүргізу қажеттілігін ұдайы алға тартып келе жатқанын білеміз.
«Мәселе мынада, өкпе қатерлі ісігі бар науқастардың 80 пайызы қазірдің өзінде дерті өрши бастағанда онкологтерге келеді. Бүгін біз ерте диагностика, алдын алу және скрининг туралы сұрақтар көтергіміз келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, асқындырмай диагностика жасау мақсатында өкпе қатерлі ісігі бойынша скринингті енгізуді жоспарлап отырмыз. Скрининг төмен дозалы спиральды компьютерлік томография көмегімен жүргізіледі. Бұл әдіс өкпе қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтауға, сәйкесінше дұрыс және уақтылы таргеттік және дербестендірілген ем жүргізуге мүмкіндік береді», дейді Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологі, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.
Төмен дозалы спиральды компьютерлік томографиямен жасалған алғашқы пилоттық жобалар бұрын Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілген болатын.
Өкпе қатерлі ісігі – әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісік. Қатерлі ісік
ауруын зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің (IAIR) мәліметі бойынша жыл сайын 2 млн-нан астам ерлер мен әйелдер өкпе қатерлі ісігімен ауырады, олардың үштен екісі – ер адамдар (1 368 524) және үштен бірі – әйелдер (725 352).
АЛМАТЫ